Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



10:47
ӨЗІ ДЕ, СӨЗІ ДЕ – ДӘРІ ДӘРІГЕР

Оқырманның «Мұндай атауға ие болған кім екен?» деп таң қалуы да мүмкін. Мен медицина қызметкері және ауру адам арасындағы қарым-қатынасты ғылыми түрде жете талдаған медициналық кітаптың бірінен Михали Балинттің «Дәрігердің өзі - дәрі» деген сөз тіркесін кездестіріп, Даналы туралы мақала жазарда тақырыпқа осы сөз өте лайықты деп шештім.

Онымен бірге жұмыс істескен жоқпын. Оған қоса отбасымен жете араласқан да емеспін. Өмірдің осынау қым-қуат шақтарында бірнеше мәрте басымыздың қосылған қысқа сәттері ғана бар.

 Мінезі тумысынан сырбаз, ашу-ыза, өкпелеу дегенді білмейтін әріптесімнің болмыс-бітімі мені қызықтыратын. Оның да зейнеткерлік жасына аман-есен жеткенін кездейсоқ есітіп, қуандым. Әйтпесе, қаншама әріптесіміз осы қуанышты сәтке жете алмай, өмірден өтті-ғой.

Даналы Жұмашұлы жөнінде баспасөз беттерінде тек өзінің сала бойынша жазған бірнеше мақалаларынан басқа толыққанды мәлімет көзіме түспеді. Кезінде (2002 жылы) облыс медицинасының атасы, денсаулық сақтау саласын ұзақ уақыт басқарған Ернияз Омаровпен бірлесіп жазған «Сыр медицинасы. ХІХ-ХХ ғасыр» атты кітабыма қайта көз жүгірткенімде Даналының да, оның туған әкесі Жұмаштың (Ербатырдың) да есімін кездестірмедім.

Кітап жазарда сол кездегі денсаулық сақтау ұйымдарының басшыларына «Ешбір медицина қызметкері ұмыт қалмасын» деп өтініш айтқан болатынбыз. Ерекең екеуміз облыстағы барлық ауданды аралап, тағы да ескерттік. Алайда, өкінішке орай кейбір әріптестеріміз кітапқа енбей қалды. Сол олқылықтың орнын осы мақала толықтырар деген ойдамын. 

Сонымен, мақал кейіпкері, Даналы Жұмашұлы Ералиев 1954 жылдың 21 қаңтарында Жалағаш ауданының «Ақарық» ауылында дүниеге келген. Кейін оның ата-анасы қазіргі Н.Ілиясов атындағы ауылға (бұрынғы К.Маркс) қоныс аударып, ол мектептің 10-шы сыныбын іргелес «Шіркейлі» ауылындағы мектеп-интернатта оқып бітірді.

1971-1977 жылдары Алматы мемлекеттік медициналық институтының «емдеу ісі» факультетінде оқып, дәрігер мамандығына ие болды. Институттен соң Қызылорда облыстық ауруханасында неврология саласы бойынша бір жылдық интернатурадан өтті. Одан соң Жалағаш, бұрынғы жабылып қалған Сырдария аудандық ауруханаларында психоневролог дәрігер болып қызмет етті.

1982-2002 жылдар аралығында облыстық психонервологиялық ауруханада алдымен дәрігер-ординатор, одан соң №9 (әйелдер) бөлімшесінің меңгерушісі болды.

2002 жылдан бері осы кезге дейін Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон облыстық департаментінде мамандандырылған медициналық-әлеуметтік сараптау комиссиясының басшысы болып, бір орында жұмыс істеп келеді.

Киев қаласында психиатриядан 4,5 айлық алғашқы маманданудан өтіп, Алматы қаласында өз мамандығы бойынша білім жетілдірді.

Еңбегі еленіп, «Астананың 10 жылдығы» медалімен және «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Оған қоса облыс әкімінің, өзі жұмыс істейтін Департаменттің «Алғыс Хаттары» да бар.

Онымен жақын арада кездесіп, оңаша сұхбаттасу кезінде әріптесім өзі туралы баяндаудан гөрі әңгіме желісін ата-анасы, туған-туыстары жағына көбірек бұрды.

«Әкем Жұмаш (Ербатыр Қопабаев) Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының «Нұра» ауылынан. 2-ші дүнижүзілік соғыс басталар алдында медицина маманын дайындайтын курсты бітіріп, әскерге шақырылды. Курсты бітірер кезде соғыс басталып, фельдшер-санитарлық нұсқаушы болды. Жеңістен кейін 1 жылдан соң елге аман-есен оралып, мамандығы бойынша 12 жыл бойы «Аламесек», «Шымбөгет», «Ақарық», «Қосарық», «Бесікті» ауылдық округтерінде фельдшер қызметін атқарды. 1958-1996 жылдар аралығында Нағи Ілиясов ауылдық округінің учаскелік ауруханасының бас дәрігері болып қызмет етті.

Анам Кенжегүл Сәрсенбайқызы «Ақарық» ауылынан. 8 баланың анасы, үй шаруасындағы әйел» деп бастады әңгімесін әріптесім.

- Әке жолын қуып, яғни медицинаны таңдаған бүгінде өмірден өткен апам Ғалия және мен болатынмын. Апам медициналық колледжді санитария саласы бойынша бітіріп, Тереңөзектегі аудандық СЭС-те қызмет етті. Дания апам Қызылорда қаласында тұрады, зейнеткер. Қарындастарым Нұрия облыстық психиатриялық ауруханада - бухгалтер, Нұрзия - кәсіпкер, «Даранұр» жеке балабақша меңгерушісі.

Інім Абзал болса, елге танымал, менің және отбасымыздың, тіпті Сыр елінің мақтанышы, Қазақстанның Еңбек Ері, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, Қызылорда облыстық күріш өндірушілер және өңдеушілер  қауымдастығының Президенті. Дархан інім Н.Ілиясов ауылының төрағасы. Ата-анамның кенжесі, Бауыржан інім – бүгінде қара шаңырақтың иесі, ауылда тұрады.    

Даналының өмірлік жары Зәуреш Тасыбаева 1977 жылы Қызылорда педагогикалық институтының «шет тілдері» факультетін  бітірген. Тасбөгеттегі №11 орта мектепте ағылшын тілінен сабақ беріп, зейнеткерлікке шықты.

Зәурештің әкесі Болтай Тасыбаев 2-ші Дүниежүзілік соғыста 9 жыл өмірін өткізген, барлаушы болған, соғысты капитан шенінде аяқтаған, әйгілі «Катюшаға» басшылық жасаған, Мәскеудегі Жеңіс Парадына қатысқан, еліміздегі санаулы майдангерлердің бірі. Арал аудандық партия комитетінің хатшысы, Жалағаштағы СПТУ-дың директоры болып зейнетке шықты.

Зәурештің анасы Мінәш Әлайдарова соғыс кезінде тылда 16 жасында XVIII партсъезд ауылдық кеңес хатшысы, мектепте мұғалім болған. «Ленин» орденін кеудесіне таққан еді.

Даналы мен Зәурештің Құдай берген үш перзенті бар. Ермегі – фермер, күріш егеді. Қызы Жаннұр – мемлекеттік қызметте. Кенжелері Ернұр орта мектепті «үздік белгімен» бітірген. Қазақ Ұлттық Университетінің халықаралық қатынастар факультетін «ерекше» дипломмен тамамдаған. Бүгінде еліміздің Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істейді, Белгияның Брюссель қаласында атташе және сол елдегі елшіміздің көмекшісі.

Бақытты отбасы осы ұл-қыздарынан 4 немере сүйіп отыр.

«Психиатрия – өзінше бір жабық әлем ғой. Ол көбінесе философиямен астасып жатады. Психиатрияның төрттен бір бөлігін ургентті (шұғыл) психиатрия құраса, қалған бөлігі әлеуметтік психиатрияның еншісінде. Шет елде осы соңғы бөлікке көп көңіл бөлінеді. Еліміз егемендік алғаннан соң отандық психиатрия да әлемдік үлгіде жұмыс істеуге көше бастады. Бұл салада да жағымды жаңалықтар жеткілікті» деді Даналы сөз арасында.

Жұмысындағы есте қалған бір оқиғаны тілге тиек еткен ол: «Өткен ғасырдың 90-шы жылдары медициналық сараптауға психикалық дерті барлар көптеп келе бастады. Кейбірінің жасы 40-50-ден асқан. Осы кезге дейін неге кешікеннін сұрағанымда, туыстары: әке-шешеміз: «Жүре берсін, сол үшін қазан көтеріп отырған жоқпыз» деп өзімізге ұрысатын деген дәйек айтқаны бар. Мен: «Қайран, қазағымның дархан көңілін-ай» деп сезімге бөленгенмін» деп сөзін аяқтады.

Иә, осыларды саралай келе Даналы Жұмашұлын «Өзі де, сөзі де дәрі - дәрігер» деп айтуға толық негіз бар деген ойға келдім. Оның сүйікті кәсібі психиатрия саласында психиатр дәрігердің тұлғасы мен сөзіне ерекше мән берілетінін ескеріп айтқаным ғой.

 

Серікбай СМАҒҰЛҰЛЫ,

дәрігер, ҚР Журналистер Одағының мүшесі,

«Сыр медицинасы» облыстық газетінің бас редакторы

 

«НҰР-ЖАН» журналы, қаңтар 2017 жыл 

                        

                 

Просмотров: 930 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]