Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



10:53
ЖҮЙКЕНІҢ МЫҚТЫЛЫҒЫ – ДЕНСАУЛЫҚТЫҢ ТҮП ҚАЗЫҒЫ

Қазіргі таңда мемлекеттік сала мамандарынан олардың білім-біліктілігінен бұрын, ең алдымен адамгершілікті, адалдықты, қарапайымдылықты талап ететініміз анық. Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері ҚР Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон Комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мамандандырылған медициналық-әлеуметтік сараптау бөлімінің басшысы Даналы Жұмашұлы Ералиев сондай жанның бірі. Оның жан дүние сымбаттылығы мен сыпайылығына, мәдениеттілігіне ерекше тәнті боласыз.

Даналы Жұмашұлы Жалағаш ауданының «Ақарық» ауылында дүниеге келген. Кейіннен отбасы Нағи Ілиясов атындағы ауылға көшіп келген соң, ол іргелес орналасқан «Шіркейлі» ауылындағы мектеп-интернатта оқиды. Мектепті ойдағыдай аяқтаған жас талапкер әкесінің жолын қуып, дәрігер мамандығын таңдайды.

“Мамандық таңдау - өміріңіздің бір кірпішін дұрыс қалау” деп бекер айтылмаған. 1971 жылы Алматы мемлекеттік медициналық институтына түскен Даналы оны 1977 жылы “емдеу ісі” мамандығы бойынша бітіріп шығады. Қызылордаға келгеннен кейін облыстық ауруханада неврология саласы бойынша бір жылдық интернатурадан өтіп, Жалағаш, Сырдария аудандық ауруханаларында психоневролог дәрігері болып қызмет атқарады.

Психоневрология дәрігері қызметі бойынша мол тәжірибе жинаған Д.Ералиев 1982 жылы Қызылорда облыстық психоневрологиялық ауруханасында дәрігер-ординатор, кейіннен бөлімше меңгерушісі болды. Осы мамандықты атқара жүріп, 1991 жылы облыстық әлеуметтік қорғау басқармасында мамандандырылған дәрігерлік-еңбек сараптау бөлімінің төрағалығын атқарды.

20 жылдан кейін, яғни 2002 жылы мамандандырылған медициналық-әлеуметтік сараптау бөлімінің басшысы қызметіне ауысады.

 

- Даналы Жұмашұлы, әке жолын қуып дәрігер атандыңыз. Әкеңізді елде Ербатыр деп атайды екен, ата-анаңыз жайлы айтып берсеңіз.

 

- Әкем Ералыұлы Жұмаш 1917 жылы Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, «Нұра» ауылында дүниеге келген. Медицина мамандығын дайындайтын курсты 1939 бітірген жылы екінші дүниежүзілік соғыс басталып, әскерге алынады. Сұрапыл соғыста фельдшер-нұсқаушы болған. Өмір мен өлім арасында жүріп ес-түсін білмей жатқан жаралыға алғашқы медициналық көмек көрсету, оны майдан даласынан алып шығу жүректің мықтылығын, қажырлықты қажет етеді. Соғыста өлімді көрмейтін жауынгер жоқ, алайда оны ешкім әскери фельдшердей сезінбейтін шығар. Талай рет өлім қауіпін бастан кешірген ол соғыс аяқталғаннан кейін елге 1946 жылы оралысымен мамандығы бойынша жұмысқа кірісіп кетеді. 12 жыл «Аламесек», «Шымбөгет», «Ақарық», «Қосарық», «Бесікті» ауылдық округтерінде, “Қазақ ССР-нің 50 жылдығы” атындағы совхозда фельдшер болып, малды ауылға қалтқысыз медициналық қызмет еткен. 1958 жылдан еңбек демалысына шыққанша Н.Ілиясов ауылындағы аурухананың бас дәрігері болды.

Әкеміздің көзін көргендер: “Елге сыйлы, білікті дәрігер еді. Ауырып барғандарды жылы сөзбен қарсы алатын. Ол кезде қазіргідей жабдықталған дәрігерлік аппараттар болмаса да, аурудың себебін дәл анықтап, сауығуына жағдай жасайтын. Ауру адамдардың жайын ойлап, күн демей, түн демей жұмыс істеді. Халық арасында Ербатыр атанып кеткен әкең көптің алғысын алған адам” дейтін.

Анам Кенжегүл Сәрсенбайқызы «Ақарық» ауылынан. Әкем анамды, медициналық бiлiмi болмаса да, ауруханада жұмыс көбейіп, үлгермей жатқан кездері өзімен бірге ертіп алып барады екен. Анам медициналық аспаптарды, шприц, инелерді залалсыздандыру және т.б. аурухана жұмыстарын практикалық түрде үйреніп, әкеме көмектескен. Үйде де күні бойы тыным таппайтын, сиыр сауып, нан жауып, тағы басқа үй шаруасымен жүрсе де біздің уақытылы тамақтануымызға, таза жүруімізге көп көңіл бөлетін. Мұның бәрі менің келешек медицина саласын таңдауыма үлкен түрткі болды.

 

- Жанұяда неше ағайындысыздар? Сізден басқа отбасында медицина мамандығын таңдағандар бар ма?

 

- Біз сегіз ағайындымыз. Медицина мамандығын алдымен үлкен апам Ғалия таңдаған болатын. Ол медициналық колледжді санитария саласы бойынша бітіріп, Тереңөзектегі аудандық СЭС-те қызмет етті. Өкiнiшке орай, апам өмірден ертелеу өтіп кетті. Дания апам Қызылорда қаласында тұрады, зейнеткер. Қарындастарым Нұрия облыстық психиатриялық ауруханада - бухгалтер, Нұрзия - кәсіпкер, «Даранұр» жеке балабақшасының меңгерушісі.

Інім Абзал - “Абзал және К” толық серіктестігінің директоры. Отбасымыздың және Сыр елінің мақтанышына айналған Абзал Қазақстан Республикасының Еңбек Ері, Қызылорда облыстық күріш өндірушілер және өңдеушілер қауымдастығының президенті, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты. Дархан інім - «Мағжан және К» ЖШС директоры. Н.Ілиясов ауылының төрағасы. Аудандық мәслихат депутаты. Көп жылғы еңбегі еленіп, “ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығы”, “Мәслихаттың құрылғанына 20 жыл”, “Нұр Отан” партиясының “Ерен еңбегі үшін” медальдарымен, 2015 жылы «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен, ҚР Президентінің, ҚР Білім министрлігінің Алғыс хаттарымен, ҚР Президенті Н.Назарбаевтың 2016 жылғы 29 қарашадағы Жарлығы бойынша “ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл” медалімен, 2016 жылғы 5 желтоқсандағы Жарлығы бойынша “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталған. Ата-анамның кенжесі Бауыржан інім - жеке кәсіпкер. Бүгінде қара шаңырақтың иесі, ауылда тұрады.

 

- “Отан - отбасынан басталады” дейді. Әр отбасы - өзінше бір шағын мемлекет. Құт-береке дарыған, сыйластық пен ауызбіршілік орнаған үлкен шаңырақтан шығып, өз алдына жанұя құрдыңыздар. Енді өзіңіздің құрған шағын мемлекетіңізбен таныстырсаңыз.

- Әйелім Зәуреш Тасыбаева екеуміздің үш бала, төрт немереміз бар. Зәуреш Қызылорда педагогикалық институтының «шет тілдері» факультетін 1977 жылы бітіріп, Тасбөгеттегі №11 орта мектепте ағылшын тілінен сабақ берген. Қазір зейнеткер.

Үлкен ұлымыз Ермек - Қорқыт ата университетінің “құқықтану және экономика” факультетін және Қызылорда облысы Заң академиясын заңгер мамандығы бойынша бітірген. Жеке кәсіпкер. Келініміз Роза - жоғары білімді экономист. Облыстық әкімшілікте мамандығы бойынша бөлiм басшысы қызметiнде болған. Қазір бала күтімінде, бір ұл, бір қыз тәрбиелеуде.

Қызымыз Жаннұр - ҚР Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон Комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінде бас маман. Жанұялы, бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр.

Кенжеміз Ернұр орта мектепті «Алтын белгімен» аяқтады. Қазақ Ұлттық Университетінің халықаралық қатынастар факультетіне оқуға түсіп, үздік дипломмен бітірді. Бүгінде еліміздің Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істейді. Қазіргі уақытта Бельгия корольдігінің астанасы Брюссель қаласында атташе және сол елдегі елшіміздің көмекшісі.

Ернұр қызым Жаннұрдан соң 12 жылдан кейін дүниеге келген. Жаннұр інісіне кішкентайынан өзі қарап, баққан. Ернұр оқуын ойдағыдай бітіріп, жұмысқа орналасқан кезде бірінші айлық табысын тәтесінің қолына әкеліп берген еді. Жаннұр толқығаннан жылап жіберген, оған қосылып анасы да, қасында отырған жолдас қызының да жылағаны есімде.

 

  • Даналы Жұмашұлы, қазір мінез-құлқындағы ауытқулары бар, ақыл-есі кем жандардың саны артып бара жатқан жоқ па? Себебі неде деп ойлайсыз?

 

- Оның нақты себебін айту қиын, ол әлеуметтік жағдайдан болуы мүмкін. Нашар экология да адамның жүйке жүйесіне әсер етеді, тұқым арқылы таралатыны бар. Нашақорлар жүйке ауруына көп шалдығады, басынан қатты соққы алған жағдайда, т.т. болады. Қазіргі шектен тыс интернетті пайдалану да адамның психикасына зиянды әсер етеді.

 

- Жүйке ауруымен облыс бойынша есепте қанша науқас тұрады? Қай аймақта жиірек кездеседі? Жас шамалары қандай?

 

- Облыс бойынша есепте тұрғандардың саны 2015 жылмен салыстырғанда 2016 жылы анағұрлым төмен. Мысалы, Қызылорда қаласы бойынша психикалық және мінез-құлықтық бұзылысының салыстырмалы түрдегі аурушаңдық көрсеткіші 2015 жылы 70,3% болса, 2016 жылы 57,1%-ға дейін төмендеген. Психоневрологиялық аурумен ауыратындар көбінесе Қармақшы, Сырдария аудандарында жиі кездеседі.

Облыста науқастарға мемлекеттік көмек көрсететін 6 сараптама бөлімі бар: 18 жасқа дейінгі балалар сараптама бөлімі; үш қала, ауданаралық сараптама бөлімі; мамандандырылған медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімі, әдістеме және бақылау сараптама бөлімі. Соның ішінде мамандандырылған медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінен өтетіндер саны әлдеқайда көп.

Сонымен қатар, туберкулез, психоневрологиялық, лепрозорий, т.б. ауруханаларында ем алып жатқан ауыр науқастарға арнайы барып медициналық-әлеуметтік сараптама жасалады. Ал, жүйке ауруына шалдыққандардың жас шамасын айтатын болсақ, облыс бойынша алғашқы сатыда 18 жас және одан жоғары жас шамасындағылар, одан кейін 60 жастан жоғарғылар, сосын 14 жасқа дейінгілер және соңғы сатыда 15-17 жас аралығындағылар.

 

- Аудандарда психоневрологиялық мамандар жеткілікті ме?

 

- 2016 жылдың желтоқсан айында психоневрология ауруларына арналған Шиелі және Жаңақорған аудандарына қызмет көрсететін 40 орындық психоневрологиялық бөлім ашылды. Бөлімдер жаңа ашылғандықтан, білімі жетілдірілген мамандар әзірге жетіспеуде, алайда облыстық психоневрологиялық ауруханадан мамандар кезекпен барып жұмыс жасайды.

 

- Жүйке ауруына көбінесе ауыл тұрғындары шалдыға ма, әлде қалада тұратындар ма?

 

- Психоневрологиялық ауруларға ауыл тұрғындарынан гөрі қала тұрғындары көбірек шалдығады. Себебі, қалада жұмыс барысындағы қарбалас салдарынан күйзеліске ұшырау жағдайлары көбірек кездеседі.

 

- Қазіргі таңда не көп, емші көп. Емшілердің көмегімен жүйке дертінен жазылып кету мүмкін бе? Әлде оларға емшіге бару зиян ба?

 

- Әрине, ондай жағдайлар сирек те болса болатын шығар. Онда да бұлардың жүйке ауруларының истериялық невроз, неврастения, невроз сияқты жеңіл түрлері болуы мүмкін. Дегенмен, емшілерге психиатриялық, онкологиялық және инфекциялық кеселдерді емдеуге заңмен қатаң тиым салынған. Сондай-ақ, емшінің психиатрия ғылымынан мүлдем хабарсыз екенін ескерсек, дұрысы психикалық дертте емшіге бармаған абзал. Өйткені, дерт асқынып, өте ауыр жағдайға тап болуы ғажап емес.

Жалпы, тораптағы жоғары медициналық білімі бар дәрігерлердің өздері мұндай сырқаттарды тек психиатрға жолдап жатады. Өйткені, олар психиатрияның күрделі сала екенін түсінеді. Ал шизофрения, олигофрения, қояншық (эпилепсия) дегендей аурудың ауыр түрлерін емшілер мүлдем емдей алмайды.

 

  • Психикалық дерттері бар мүгедек науқастарды оңалту жолы қандай?

 

  • Ертеректе инсулинді-шоктық терапия қолданған. Қазіргі кезде медикаментоздық (дәрі-дәрмектік) емге көбірек сүйеніледі. Дәрі-дәрмектің құрамында түрлі химикаттар болғандықтан, бұл емнің адам ағзасына тигізер зияны әлдеқайда көбірек.

Медициналық психологтың, психотерапевтің де көмегі зор. Жеңіл саннаттағы мүгедектің әлеуметтік ортаға тез бейімделуіне бағытталған шаралар бар. Мұнда еңбек терапиясы, қызығушылығы бойынша орта тәсілдері қолданылады.

 

  • Ата-анаңыздан қандай қасиеттерді өзіңізге өмірлік серік етіп алдыңыз?

 

  • Әкемнің қайрат-жігері мен өз ісіне деген сүйіспеншілігі осы күнге дейін ел аузында. Ол кісі қиындыққа мойымайтын, еңбекте қажырлы, досқа адал, балаға қатал болатын. 80 жастан асқанша кітап оқып, көп ізденетін. Үйге келіп ауруына шипа іздеп, кеңес сұраушылар көп болатын. Анамызды барлығымыз «апа» деп атайтынбыз. Мінезі сабырлы, мейірімді, дастарханы үнемі жаюлы тұратын. Әулетіміздің бала-шағасы оны “ұрыспайтын апа” дейтін.

 

- Аса ауыр сала - психиатрияда қырық жылға жуық жұмыс істеу жүйкеңізге жүк түсірмеді ме?

 

  • Дәрігер де ет пен сүйектен жаралған. Адам болған соң ауру адамға деген аяушылық сезімдері болады, ойлайсың, алаңдайсың. Ем қонбай жатса - қайғырасың, жазылып жатса - қуанасың. Психиатрия саласы медицинаның ауыр саласының бірі, жүйкеге жүк түсірмеу мүмкін емес. Себебі, адамның ең сезімтал жүйелерінің бірі - жүйке жүйесі. Қаншама төзімді болғаныңмен әсер етпейді деуге болмайды. Өз басым қан қысымым көтеріліп, екі рет инсульт алдым, жүрек тамырына стент қойылды.

 

  • Газет оқырмандарына психикалық денсаулықты сақтау үшін маман ретінде қандай кеңес бересіз?

 

 

  • Салауатты өмір салтын ұстану қажет. Спортпен айналысыңыздар, оның ішінде суға жүзу спорты нерв, жүрек-қан тамырлары мен тыныс алу жүйелеріне өте пайдалы. Түрлі треннингтерге қатысып тұрудың адам психологиясына пайдасы зор. Адамның өзін-өзі танып, қоршаған ортаға бейімделуіне, білімін, интеллектуалдық белсенділігін арттыруға жәрдемдеседі. Мүмкіндігінше санаторий, басқа да демалыс орындарында демалып тұрған дұрыс. Ең бастысы көңіл-күйді түсірмеу қажет. Көтеріңкі көңіл-күй - денсаулықтың патшасы. Өмірдің кез-келген жағдайына сын көзбен қарап, сабыр сақтай білсеңіздер, қандай қиыншылық болмасын жеңуге болады.

 

- Сұхбатыңызға рахмет! Пайғамбар жасыңыз құтты болсын. Алла Сізге мықты денсаулық, ұзақ өмір, баянды бақыт берсін!

Гүлдана АСАНОВА,

“Сыр медицинасы” газетінен

Просмотров: 1028 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]