Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



13:58
ЖЕТІ МЫҢ СӘБИДІҢ КІНДІК ШЕШЕСІ


 Мейірімділік, еңбекқорлық, адалдық, білімділік, біліктілік. Осының бәрі дәрігер бойынан табылатын ұлы қасиеттер. Алайда, оларға ең қажеттісі – шыдамдылық. Өйткені, медицинаға жүрек қалауымен келгендер ғана өз ісінің нағыз майталманы атанады. Оның әр саласы өзіндік қырымен ерекшеленетіні белгілі. Адам өмірінің арашасы болу әсте оңай жұмыс емес. Сондықтан ақ халаттыларға артылар жауапкершілік пен қойылар талап жоғары. Осындай үдеден шыға білген біздің кейіпкеріміз – облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігерінің орынбасары, жоғары санатты акушер-гинеколог Сәуле Жақанова. Бүкіл ғұмырын осы салаға арнаған ол бүгінде 7 мыңға жуық сәбидің кіндік шешесі атанған алтын қолды абзал жан.

Сәуле Сәменқызы 1963 жылы Тереңөзек ауданы, Қараөзек ауылында дүниеге келген. Ол қаладағы медициналық училищеге акушер мамандығына оқуға түседі. Бұл саланы таңдауына ауылдағы шағын перзентханада кіші медицина қызметкері болып істеген анасының ықпалы зор. Өйткені, қызына күнделікті жұмыс барысындағы жағдайларды айтып отыратын. Училищені бітіргеннен кейін, ауылға келіп бір жыл жұмыс істеді. Жас болса да қайнаған ортаны жатсынбай бірден жұмысқа етене араласты. Жиырма жасында алғаш рет ауыл әйелін босандырды. Дүниеге нәресте әкелген ана Сәуле есімін өз қызына қояды. Қазір ол кісілер кейіпкерімізді көрген сәтте «Сенің қызың 34 жаста. Отбасылы, бала-шағасы бар» деп айтады екен. Тәжірибесінде алғаш рет орын алғандықтан ол кезде қобалжу басым болғанын жасырмайды. Біршама қиындық та кездескен. Десе де, екінің бірінің қолынан келмейтін батылдықтың арқасында аяғымен келген шақалақтың аман-есен өмірге келуіне себепкер болады. Мұнда бір жыл жұмыс істегеннен кейін, әрі қарай білімін жетілдіру үшін М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің «Емдеу ісі» мамандығына оқуға түсті.
1989 жылы жоғары оқу орнын бітіріп, қалалық перзентханаға акушер-гинеколог ретінде қызметке келді. Осы салада жиырма сегіз жылдық тәжірибесі бар білікті дәрігер бүгінде қаншама отбасының қуанышына ортақтасып келеді. Иә, өмірге ұрпақ әкеліп, адамнан адамның жаратылуы оңай дүние емес. «Жүкті әйелдің бір аяғы жерде болса, бір аяғы көрде» деп бекер айтылмаса керек. Кез келген келіншектің басынан өтетін шешуі қиын шақта солардан бір кем қиналмайтын, күн-түн демей күзетіп, ана мен бала өмірін сақтауда олардың еңбегі өлшеусіз. Әсіресе, қиын сәтте тез шешім қабылдап, тәуекелге баруы ерлікпен пара-пар. Сондай-ақ, уақытпен санаспай, жылы жүрегімен осы саланы дамытуға зор үлес қосып жүрген кейіпкеріміз бүгінде ардақты жар, аяулы ана, асыл әже.
– Елімізде ана мен бала денсаулығы – басты назарда. Бұл сала өте ауыр әрі жауапты жұмыс. Бірақ, бүгінгідей медицина дамыған заманда біздің сапалы қызмет көрсетуімізге барлық жағдай жасалған. Қазіргі кезде орталық ана мен балаға өңірлендіру дәрежесі бойынша ІІІ деңгейде көмек көрсетеді. Эффективті перинаталды күтім бойынша халыкаралық стандарттармен жұмыс істейді. Атап айтсақ, жеке және серіктеспен босану бөлімшелері бар. Сонымен қатар, шала туылған немесе аз салмақтағы нәрестелерге эффективті күтім есебінде арнайы әдіс қолданылады. Жұмақтың иісі аңқыған сәбиді сақтап, оларға өмір, ата-анасына қуаныш сыйлау ең ғажап іс. Осындай жүгі ауыр мамандықты серік еткеніме еш өкінген емеспін. Бала күнгі арманым дәрігер болу еді. Міне, сол арманымның жемісін көрудемін. Осы орайда ұжымның атынан орталықтың бас дәрігеріне өз ризашылығымды білдіремін. Ол кісі мамандардың біліктілігін арттыру мен тәжірибе алмасуға келгенде көмегін аяған емес. Өйткені, менің өзім Литва мен Польшаға барып, мықты мамандармен тәжірибе алмасып келдім, – дейді кейіпкеріміз.
Оның айтуынша, аймағымыз республикада баланың дүниеге келу көрсеткіші бойынша алдыңғы қатарда. Бүгінде аталған орталықта жылына 12 мыңнан аса сәби өмірге келеді. Осындай жоғарғы көрсеткіш еліміздің демографиялық ахуалын жақсартуға оң септігін тигізеді.
– Әйел бақытының ғажабы – бала сүйіп, ана атану. Өзіңнің қаныңнан, жаныңнан жаралған кіп-кішкентай тіршілік иесінен жұмақ иісін сезіну керемет дүние. Әр ана өмірге сәби әкелгенде өз баламыз дүниеге келгендей қуанамыз. Алайда, дүниеге дені сау нәресте әкелу үшін ең алдымен ана денсаулығы жақсы болу керек, – дейді білікті дәрігер.
«Жақсы адам – елдің ырысы» демекші әрбір сәбиге жарық сәуле сыйлап жүрген дәрігердің еңбегі жоғары бағалануда. Оған 2014 жылы «Кәсіби саласындағы жетістіктері үшін» медалі берілген. Ал, 2015 жылы «Денсаулық сақтау саласының үздігі» марапатын алған. Сондай-ақ, республикалық, облыстық, қалалық деңгейдегі құрметке бөленіп жүр. Бұл жетістіктерді ақ халатты абзал жанның адал жұмысына берілген оң баға деп білеміз. Қызметі мен отбасын қатар алып жүрген оның сөзі мен ісінен, мейірімге толы жанарынан өз мамандығы үшін жаралған жан екенін ұғасың.

Ақмарал ОЛЖАБАЕВА.
http://aqmeshit-aptalygy.kz/zheti-my-s-bidi-kindik-sheshesi/

Просмотров: 1507 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]