Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



10:35
ӨЗ ІСІНІҢ НАҒЫЗ МАЙТАЛМАНЫ

 

1945 жылғы «Ауған-Ақбасты қырғынын» жұрт әлі ұмытқан жоқ. Арал қаласынан 200-250 шақырым шалғайдағы осы шағын елді мекенде белгісіз індет шығып, 139 адам мерт болады. Тіпті, өліктерді жерлейтін арнайы топ жасақталды. Ақыры, оның оба дерті екені анықталып, білікті дәрігерлердің араласуымен аурудың өршуі тоқтайды. Осы оқиға себеп болып Арал теңізі обаға қарсы күресу стансасы ашылады. Содан бері де жетпіс жылдан аса уақыт өтіпті. Осы кезеңде 24 оба ошағы анықталып, 225 оба ауруы тіркелген.

 

- Айтыңызшы, Қани мырза, Сіз бұл мекемеге қашан келдіңіз және оған дейін қайда болдыңыз?

 

- Мен өзі «Аманөткел» ауылының тумасымын ғой. Жетіжылдықтан кейін «Бөген» орта мектебінен онжылдықтың аттестатын алып, 1962 жылы, жиырма жасымда Ташкенттің мемлекеттік медициналық институтына түстім. Емдеу факультетіне бір орынға 12 бала таластық. Физика, математика, шет тілі пәндерінен «бес», орыс тілінен «төртпен» бағаланып, 19 балмен өттім. 1970 жылы санитарлық-гигиеналық ісінің маманы дипломы қолға тиді.

 

- Ал-л, жасың 28-ге толыпты, қайда жол тарттың?

 

- Сырдария облысының орталығы Гүлстанға 16 дәрігер жолдамамен бардық. Мен Гүлстан қалалық СЭС-тің дәрігер-эпидемиологымын. Мақта егеді. Еккеннен бастап у себеді. Екі дәрігер аллергияға ұшырадық. Дәрігерлік комиссия ауа райының жақпауына байланысты, қызмет орнын ауыстыру керек деген шешім берді. Сонымен, өзбек ағайындарда 1,5 жылдай болып, 1971 жылдың желтоқсанында Арал теңізі обаға қарсы күресу стансасының эпидемиология бөліміне орналастым. Жұмысты бастаған кездегі бір оқиғаның есіме оралып отырғаны...

- Е-е, қандай?

 

- 1972 жылдың көктемі-ау деймін. Жаз шыға біздің жұмысымыз қызады. Стансада 10 дәрігер бармыз. Қазақ дәрігері жалғыз менмін. Станса директоры О.Мисалова мені дала жұмыстарын бақылауға жіберді. «Шижаға» ауылынан 7-8 шақырымдай, Сексеуіл стансасы аралығындағы «Бохай - сайы» участогына келдім. Екі жүздей маусымдық жұмысшылар, оның ішінде 8-10-сыныптың оқушылары бар, зиянкес кеміргіштердің ошағын жоюмен айналысып жатыр екен. Осы істі басқарушы С.Лапин мен екі бригадир жел жақтағы төбе басында тұр. Есен-саулықтан соң, қандай улы заттарды қолданғанын сұрадым. - Хлорпекринді, - деді Лапин. – Хлорпекрин - аса улы зат. Олай болса, зиянкестерді жою жел жақтан неге ыққа қарай жүргізіледі? Әрі жұмысшы-жастардың ешқайсысында сақтану, қорғаныс киімдері жоқ. Бұл ережеге қайшы. Жұмысты дереу тоқтатыңыз! - дедім. - Залалсыздандыру клеткалары солай салынған еді, жұмысты бастап қойып едік, бүгінше істей берсін, - деп менің ұсынысымды ауыр қабылдады. - Жо-оқ, болмайды, тоқтатыңыз! Жұмыс тоқтады. Көптің көзінше уланған қалақты құмырсқа илеуінің жел жағынан өткізіп едім, әлгі жәндіктер түгел қырылып қалды. Әні, көрдіңіздер ме, бұл - улы зат, мал ма, адам ба, бүрге ме, тышқан ба, таңдамайды, бәріне де қауіпті. Сондықтан алдын ала сақтану керек. Стансаға автокөлік жіберіп сақтанудың құрал-жабдығын алдырдым. Үш тәулік жүріп келіп, тәртіп бойынша бастыққа рапорт жазып бердім. Лапин Мисалованың күйеуі. Рапортымды оқып отырып қатулы жүзбен жұдырығын түйді. Кімге? Маған ба, әлде күйеуіне ме? О жағын түсіне алмадым.

 

- Сол 1972-нің орта тұсында жеті айлық курсқа аттаныпсыз. Бұл нендей оқу?

 

- Дұрыс. Бұл - эпидемиологтардың мамандығын жетілдіру курсы. Алматыдағы ғылыми-зерттеу институтында бүкіл Орта Азияның эпидемиолог-дәрігерлері бас қосты. Сөйтіп, жеті ай бойы білікті ғалымдардан дәріс алдық, әрі тәжірибе алмастық. Көрші елдердің оба ошағын залалсыздандыру жұмысын көрдік. Бірінші мамандану курсынан мен өзім бұрынғы біліп-көргенімді үстемелеп қайттым.

 

- Еңбек книжкаңызда 1981 жылдың 17 шілдесінен станса бастығының орынбасары, әрі эпидемия бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалды деген жазу бар. Бұл қалай? Әдетте, эпидемия деген жауапты саланы ғылым кандидаттары басқармаушы ма еді?

 

- Иә, расы солай. Бұл эпидемия бөлімін Бақытжан Айтқалиев басқарды. Әрі ол сол станса бастығының орынбасары да еді. Ол оқуға, кандидаттық диссертациясын қорғауға кеткенде орнында мен қалдым. Айтқалиев кандидат болып оралғасын бөлімді 1981 жылға дейін басқарды да, қызмет бабымен басқа жаққа ауысты. Сөйтіп, бұл қызмет орны бос тұрды. Конкурс жариялануы керек-ті. Осы 1981 жылдың жазында төрт дәрігер (А.Серғазиев, В.Дмитренко, Т.Тимофеева және мен) Қазалы ауданының «Шәкен қазған» участогында қарбалас жұмыста едік. Үш зоологиялық топ бар. Әр топта 8-ден 24 адам бар. Олар бүрге ме, кене ме, тышқан ба, түлкі ме, өлік пе, тірі ме, әйтеуір қолға түскен кеміргіштердің қаңқасы болса да жинайды. Күнбе-күн үш самолет ұшып, әлгі топтардың жинағанын «Шәкендегі» зертханаға жеткізеді. Күніге орта есеппен мыңға жуық тышқан түседі. Соны өңдеуден өткіземіз. Соямыз, ішек-қарнын ақтарып тексереміз. Бір күні самолет ұшпай қалды. Ауа райы болмаған. Содан машинамен екі дәрігер екі жаққа кеттік. 150 шақырымдық шалғайдағы екі зоологиялық топтың тапқанын машинаға тиеп келсем, үш «УАЗ» машинасы тұр. Мәскеуден келген КСРО Денсаулық министрлігінің карантиндік инфекциясы басқармасының комиссиясы екен. Комиссияның төрайымы - Клавдия Кузнецова. Нағыз мықтының өзі. Жанында серологиялық әдістеменің (жеделдету, нақты қорытынды алу) авторы, ғалым Марин және бір қызметкері бар. Осы әдісті стансада алғаш өндіріске енгізгенмін. Зауыттық нұсқасы болмағасын, кәдімгі радио сымын қаптаған резеңкені (шлангіні) және-жәнелерін пайдаланатынмын. Серология әдістемесін сұраса, әлгі әріптестерім менің столымды нұсқап, «негізінен сол дәрігер айналысады» депті. Әкелген кеміргіштерді зертханаға тапсырып, жұмыс орнына келсем, А.Марин: - Бұл не білгіштік (что за самоволье?) - деп менің столыма төніп тұр. - Сабыр етіңіз, Анатолий Сергеевич, екі сағаттан кейін нәтижесін беремін, - деп іске кірістім. Ну, и ну! деп сыртқа шығып кетті. Уақыт болған шамада Марин де, Кузнецова да қасыма келді. Анализін көрген Марин аң-таң. Бір кезде: - Отлично, отлично,-деп дауыстап орнынан тұрды. Аса разылықпен Мәскеуге барғасын серологиялық құралдың бірнеше комплектісін жіберетінін айтты. Сөзінде тұрды. Менің атыма төрт комплектісі келді. Ізін ала мені әлгі бөлімнің меңгерушілігіне және бастықтың орынбасарлығына тағайындаған Мәскеудегі карантиндік-инфекциялық Бас басқарманың еш конкурссыз-ақ бұйрығы да жетті.

 

- Енді мына бұйрықтың мәнісіне келейік? 1988 жылдың 14 қарашасында Сіз Арал теңізі обаға қарсы күресу бөлімшесінің бастығына тағайындалыпсыз. Демек, Арал бөлімше болып қалған. Ал, стансаның орталығы қайда?

 

- Көшіп кетті, Қызылордаға!

 

- Қалай сонда?!

 

- 1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан кейін стансадағы өзге ұлттардың қазақтарға бұрынғы көзқарасы өзгерді. Орталықтан келген тексерушілер де сондай пиғылда болды. Е.Картушин деген бастық келіп, менің орынбасарлық қызметімді қатардағы дәрігер В.Функке берді. Мен эпизоотиялық бөлімнің меңгерушілігімен қалғанмын. Жыл сайын, наурыз-сәуір айларында өткен жылдың жұмысын қорытындылайтын өндірістік кеңес өтетін-ді. Соған ғалымдар, негізінен біздің консультанттар қатысып, пікір-ұсыныстарын айта келе, стансаның орталығын облысқа көшіру керек дегенге тоқтады. Себебі, бұл станса Одақ бойынша аудандық жерде орналасқан жалғыз мекеме, мұнда сырттан келген мамандарға тұрмыстық, әлеуметтік, мәдени жағдай жоқ, деді. Осыны бәрі қолдап, қаулы алды. Партия ұйымының хатшысы ретінде: - Жергілікті партия, кеңес орындары бұл мә- селеден хабардар ма, олардан ешкім шақырылмағаны қалай? - деп сұрадым. - Олар біледі, күн бұрын келісілген, - деген жауап алдым. Сонымен көшу басталды. Сырттан келгендер түгел дерлік кетті. Мені қосқанда бес дәрігер қалдық. Дала жұмыстарында Шәкен, Қотанкөл, Ақбасты эпиджасақтары мен қалада үш зоологиялық топ қалды. 1988-1990 жылдары Арал мен Қазалы аудандарының көлемінде тышқандардың арасында оба індетінің жанданып жатқан кезі-тұғын. Оба эпизоотиясы аудандық аурухана мен перзентхана маңына да жеткенін аупарткомға айтқалы барғанымда, хатшы Н.Маханова: -Станса орталығы Қызылордаға неге көшті? - деп сұрады. - Білмедім, сіздермен келістік деген еді ғой, - дедім. - Жо-қ, мәселен, мен есіткен емеспін - жүр, бірінші хатшыға барайық,-деді. Бірінші хатшы Бодаш Уәлиев те есітпеген. Ол тұста санаторияда екен. Ауаткомның төрағасы Ә.Әйімбетовпен сөйлесті. Ол да білмейтінін айтты. Сосын облысқа шықты. Білемін деген ешкім болмады. Ақыры, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Айсина бастаған комиссия келді. Мен көрген-білгенімді қағазға түсіріп бердім. Станса бастығына В.Функті қойған-ды. Ол Қызылордадан орталық салатын жер іздеуде дегенді есіткенбіз. Не керек, екі жылдың аумағында станса Аралға қайта оралып, бастықтың креслосына 1991 жылы Есмағамбетов отырды. Міне, Картушині бар, өзгелері бар, бәрінің бірігіп салған әлегі осылай аяқталды.

- Сіз өзі, ғылым кандидаты болуға да талаптанғансыз-ау, өйткені, ғылыми мақалаларың Мәскеудің, Алматының, Ташкенттің, Моңғолияның, АҚШ-тың, Польшаның баспаларынан да жарық көріпті. Тақырыбыңыз да белгілі. «Прямые и обратные Мутанты возбудителя чумы по фактором питания» екен. Ғылыми жетекшіңізге профессор И.Л.Мартиневский бекітілген. Ал, соңы қалай болды?

 

- Жоғарыда эпидемиология бөліміне конкурссыз тағайындалғанымды айтып едім. 1983 жылдары- ақ әлгі тақырыпты алғанмын. Сол аралықта бұрқырап желтоқсан оқиғасы өтті. Біздің саладағы ғалымдардың бәрі өзге ұлттан. Десе де, бастаған ісімді жалғастыра бердім. Мемлекетаралық ғылыми баспаларда 20 ғылыми еңбегім жарияланды. Сөйтіп, 1992 жылы кандидаттықты қорғайтын ғылыми кеңеске келіп тірелдім. Өтпелі кезең. Коррупция етек алған. Ғылыми (ученый) кеңеске 13 ғалым мүше. Біреуі ғана қазақ. Өзгесі өзге елдерден ығысып келгендер. Енді туған жерлеріне қайтудың қамында жүргендер. Жетекшіммен сөйлессем «құйтырқылары» көп екен. Оның үстіне, қыздарым Айнұр мен Гүлнар онжылдықты «Алтын» және «Күміс» медальмен бітіріп, Түркияда оқып, жоғары мамандық иесі атанып, Астанаға оралды. Жұмысқа тұрды. Тапқан-таянғанымызды жинап, соларға бір бөлмелі үй сатып алдық. Әйтсе де, кандидаттыққа қолым жетпегеніне өкінбеймін. Себебі, сол атаққа ресми түрде ие болмасам да, өз бетімше оқу-тоқу арқылы және бір мектептен өткендей мамандық қабілетім шыңдала түсті.

 

- Қани Қалижанұлы, 2005 жылы зейнеткерлік жасқа жетсеңіз де, 2009 жылдың наурызына дейін жұмыста болыпсыз. Иә, деңіз. Сосын өз өтінішіңізбен босатылыпсыз. Алайда, 2010 жылдың 11 қаңтарында, яғни тоғыз ай өткесін «Шалқар обаға қарсы күресу стансасы» мемлекеттік мекемесінің бастығына бекіпсіз. Бұл қалай?

 

- Иә, Астанадағы балдарыма барғанмын. Қайтарда көп жыл қызметтес болған жолдастарым ғой деп, Денсаулық министрлігінің Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері К.Оспановқа соққанмын. Амандық сұрасып болар-болмастан: - Отыра тұр, қазір келем,-деп шығып кетті. Келді де, әлгі бұйрықты оқыды. -Ау-у, мен деген зейнеткермін. Ойлануға уақыт беріңіз. Үйде «көтерілісшінің» қызы отыр. Соның келісімін алайын, дедім. -Жо-қ, дені сау, іскер кісіге зейнеткерлік жоқ. Шалқардың у-шуы таусылар емес. Соны жөнге келтіріңіз!.. Сөйтіп, жетпіске таяқ тастам қалғанда Шалқардан шықтым десеңші!

 

- Дұрыс, дұрыс-ақ. Бұл іскер маманға деген құрмет қой! Әлгіде «көтерілісшінің» қызы деп қалдыңыз. Ол кім еді?

 

- Үйдегі Рауаш келініңіз ғой. Ол да дәрігер. Қазалыдағы «Бекарыстан би» ауылының қызы. Әкесі Алмағамбет 1931 жылғы «Асан көтерілісіне» қатысқандардың бірі. Әйтеуір, қызылдар атқан оқтан аман қалған. Кейін колхоз басқарып, жауапты қызметтер атқарды.

* * *

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының өзегі - Ұлт болашағы. Олай болса, әрбір саналы адам білімін үнемі жетілдіріп, өзін-өзі рухани тұрғыдан дайындауы тиіс. Міне, біздің кейіпкеріміз, жоғары санатты дәрігер Қани Қалжан республикадағы ең активті оба ошақтары орналасқан аймақта тұтас қырық жылдай арпалыста болыпты. Осынша уақыт өзін-өзі қамшылапты. Жауапты қызметіне қоса қоғамдық негіздегі кәсіподақ, партия, «Нұр Отан» ХДП ұйымдарына жетекшілік етіп, аудандық, облыстық жиындар мен өз саласындағы әлемдік ғылыми-тәжірибелік конференцияларға дүркін-дүркін қатысып, ғұмырлық ақыл-ой қосыпты. Омырауында жарқыраған Халықаралық «Орта Азия және Кавказ» биологиялық қауіпсіздігі қауымдастығына мүшелік төсбелгісіне көзі түскендердің таңдай қақпағаны жоқ. Алғыс хаттарын айтпағанда, төрт мәрте Бүкілодақтық жарыстың жүлдегері атанып, Денсаулық министрлігінің Құрмет грамотасымен үш рет марапатталуы іскерлік, азаматтық абыройын биіктете түссе керек. «Бір адамға жұққан дерт дүниежүзілік эпидемияға ұласуы мүмкін» деген тәлсім бар. Расында солай. Сол эпидемия ошағын залалсыздандыруда Қани Қалжанның өзі де, әріптестері де қазіргідей озық технологияның жоқ кезінде зиянкес жәндіктердің ауру-сауын айыра алған біліктіліктері мақтан етуге әбден тұрарлық.

 

Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,

дербес зейнеткер.

 

Суретте: Қани ҚАЛЖАН.

 

«Толқын» газеті. 17 маусым 2017 жыл

Просмотров: 1243 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]