Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



05:02
Өттегі тасты өзі түсірген Әтіргүл әже

Менің әжем Әтіргүл Шалғынбаева биыл 86 жасқа толады. Бірақ осы жасына дейін әжем ауырдым деп бір күн де төсек тартып жатпаған. 
Оны өзі үздіксіз қимыл-қозғалыс пен дәрілік шөптерге негізделген халықтық ем түрлерімен байланыстырады.
Тоқсанға төрт жылы қалған әжем қазіргі кезде де тыным тауып отыра алмайтын әдетімен үнемі үй тірлігіне көмектесіп, тым болмағанда немерелерін серуендетіп, шөберелерін ойнатып жүреді. Ал қолы босай қалғанда «Құлақтарыңа құйып алсаңдар, кейін бір қажеті мен көмегі болады», – деп, бізге өзі білетін ем түрлерін айтып отырады. Әжем дәрі ішуге мүлде қарсы. Тіпті үйдегі немерелері мен көрші-қолаңның балаларын да ауруына қарай емдік шөптерден жасайтын қайнатпаларымен өзі емдеп жазады. Мен соның есімде қалғандарын көпшілікпен бөліспекпін.
Көрікті көктем басталды. Көңілге қуаныш ұялатқанмен жылдың бұл мезгілінде витамин жетіспеушілігінен, ауа райы құбылыстарынан көп адамда әлсіздік, иммуни­теттің тө­мендеуі байқалады. Бұл кезде қызылша сорпасын жиі ішу керек. Сондай-ақ әжем күзде есекмия (брунец, софора) деп аталатын шөпті бізге күздікүні гүлдеген кезінде тамырымен тергізетін.  Соны көлеңкеде кептіріп қояды да, көктемде қайнатып, күніне екі рет жарты стаканнан ішкізеді. Оның тамырын жақсылап жуып, шайнап жесеңіз де болады. Сонда әлсіздіктен де, қан аздықтан да құтыласыз.
Қазір көп адамды өттің қоюлануы, өттегі тас мазалайды. Бұл жағдай бірнеше жыл бұрын менің әжемде де болды. Дәрігерлер онда үлкен тас бар, жедел түрде ота жасату керек деп, ауруханаға жатқызбақ болғаны есімде. Әжем оған көнбей, үйге қайтып кетті. Ал біз қатты уайымдадық. Бірақ әжем сасқан жоқ. Кәдімгі күнбағыстың тамырын жақсылап жуып, кептіріп қойды. Сосын майдалап турап, сәбіз ұрығымен араластырып қайнатты. Суыған соң күніне үш рет, тамақтан жарты сағат бұрын бір немесе жарты стаканнан ішіп жүрді. Бұл аралықта дәрігерлер айтқандай «приступ» болған жоқ. Ал бір айдан кейін қайта тексерілуге барғанда дәрігерлер таң қалып: «Не істедіңіз? Өттегі тасты қалай түсірдіңіз?» – деп сұрапты. Бірақ әжем халық емінің құпиясын дәрігерлерге айтпапты. Дегенмен өті толып, қоюланып, мазалаған адамдарға осы емнің тиімді екенін айтып жүреді.
Бүгінде асқазаны ауыратын адамдар да көп. Ал дәрі кейбіреуге кері әсер етсе, енді біріне пайдасы тимейді. Әтіргүл әжемнің бұған қарсы да тиімді емі бар. 
– Үлкен жартас, қияларда пәрпі деген шөп (орысшасын білмедік) өседі. Шөбі кішкентай жапырақ тәрізді майда, ал гүлі көкшілдеу болады. Көктем аяқталып жатқан кезде қазып алып, күнге біраз қойып кептіріп, тамырын ажыратып қойса, асқазанға ауырғанда дәрі іздемейсің. Асқазанның қыжылы, ас қорытпауы сияқты басқа да жайсыздықтарда соны майдалап, бір қасығын ауызға салып, сорып жүрсе, тез жазылады.
Андыз деген шөп бар. Ол көктем кезінде жер бетіне сопақ жапырақты болып шығады. Гүлдеуге жақын қалғанда қазып алып, кептіріп қойған жөн. Кепкен андызды майдалап турап, суға қайнату керек. Оны тұмау тигенге қарсы ішсе, аурудан лезде айығасың, – дейді әжем.
Бірде бауырымның үстін қызыл бөртпе басып, қызуы көтеріліп, жатып қалған еді. Бұл қызылша (корь) деген ауру екен. Әдетте дәрігерлер мұндайда әр бөртпенің үстіне «зеленка» жағуды ұсынатын. Ал әжем оған қарсы болды. Дереу есік алдында өсетін тәжіқораз деген гүлдің жоғарғы жағын кесіп алып, күнге кептірді. Осы қып-қызыл «тәжді» суға қайнатып, күніне 3 рет ішкізген еді, ертеңіне-ақ бауырымның арқасын түгел басып, енді іші мен қолдарына қарай көбейіп бара жатқан бөртпе өздігінен төгіліп, түсіп қалды. Қызуы да тез түсіп, санаулы күнде жазылып кетті.
Мен әжемнің бауырына бас­қан ең ерке немересімін. Қайда барса да соңынан қалмай еріп жүретін әдетім бар еді. Ал әжем аз-кем уақыт тыныға қалса да тыныш отыра алмайтын әдетімен қолына кесте не тоқымасын алады. Сөйтіп сүлгі мен беторамалдарды әдемі етіп оюлап, гүлдендіреді, біздерге шұлық не жемпір тоқуға кіріседі. Маған да үйретеді. Сонда мен әжемнен емдік шөптердің қасиетін қайдан білетінін сұрадым.
– Біздің кезімізде дәріхана деген болған жоқ. Доқтыр да тек алыстағы орталықтарда отыратын. Ал ауыл-елдегі халық талай аурудан дәрілік шөптердің арқасында аман қалды емес пе? Оның үстіне, қайынәпкем емші еді. Түрлі шөптерді жинап әкеліп, кептіріп, керек кезінде емге қолданатын. Көп нәрсені содан үйрендім, – деп жауап қатты әжем.
Әулетіміздің дауагері болған әжетайым қашанда біздің мақтанышымыз.  Мен әжемді 8-нау­рыз – Халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтаймын. Ал  «Ауырмаңыз!» газетінің оқырмандары оның денсаулықты түзеудегі кеңестерін кәдеге асырады деген ойдамын.

Рауан ӨМІРЖАНҚЫЗЫ.

Қазығұрт ауданы.
http://www.zamana.kz/kz/auyrma-yz/1291-ottegi-tasty-tusirgen-atirgul-azhe

Просмотров: 1623 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]