Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



16:49
ШЕТЕЛДЕ ҚЫЗМЕТ ІСТЕЙТІН АРАЛДЫҚ ЖІГІТ


 
Жыл келгенде жаңалық сезінемін…
Арал кеме жөндеу зауытында отыз жылдан астам еңбек етіп, талай рет еңбек озаты атанып, бірнеше мәрте аудандық кеңестің депутаттығына сайланып, халық сенімін ақтай білген Өтемұрат Қалыбаев жары Мәрияшпен бірге үлгілі ұл-қыз тәрбиелеп өсірген отбасының иесі. Балаларының кенжесі Елтай кішкене кезінен оқуға алғыр болды. Көп балалы отбасында өскендіктен, бауырмал, еңбекқор болып өскен ол, Ақтөбе қаласындағы медицина академиясын үздік тәмамдады. Одан соң, бір жыл Польшада, екі жыл Италияда магистратурада білім алды. Үш жылдық арнайы грантты иеленген Елтай қазіргі кезде Қытайдың Ухан қаласында доктарантурада оқыды. Орыс, ағылшын, түрік, итальян, қытай тілдерін меңгерген жерлесіміз Түркия, Иран, Ирак мемлекеттерінде өткен түрлі конференцияларға қатысқан.
Білім сапарымен елден жырақта жүрген Елтай Рахманов Наурыз мерекесін бірнеше мемлекетте қалай қарсы алып, тойлағандығы туралы өз жазбасын жолдаған болатын.

Польшада
Наурыз мерекесін Польша мемлекетінде 2011 жылы қарсы алдым. Польшаның Познань қаласындағы Адам Мицкиевич Университетінің ерекшелігі-оқу орнының түркология бөлімінің студенттеріне қазақ тілі кәсіби деңгейде оқытылады. Сонымен бірге, «Болашақ» бағдарламасы бойынша қазақ тілі, тарих пен мәдениет саласында ғылыми тағлымдамадан өткен еліміздің беделді университеттерінің ғалымдары Аманғос Мектептегі, Күлшат Қоңдыбай, Бағила Мұратбек, Ақтоты Ақжоловалармен көршілес болдым. Сол жылдың Наурыз мерекесі жергілікті халықтың қазақ халқының салт-дәстүрлеріне деген қызығушылығымен есімде қалды. Сондай-ақ, болашақта түркі елдерімен байланыста қызмет ететін мамандардың және жоғарыда есімдері аталған аға-апаларымның жоғары деңгейдегі дайындықтарының нәтижесінде мейрам ерекше есте қалды. Поляк студенттері «Қара жорға», «Қамажай» билерін билеп, қазақтың халық әндерін орындағанда жиналған қонақтар орындарынан тұрып, қошемет көрсеткен еді.

Италияда
2012-2013 жылдары Италияда Еуропаның озық тәжірибесін Орталық Азияға енгізуді мақсат еткен Еразмус Мундус бағдарламасы бойынша білімімді шыңдадым. Италияға алғаш келген күннен бастап, жергілікті өмірге бейімделу, оқуды тәмамдағаннан кейін жинаған тәжірибемізді өз елімізде жүзеге асыру мақсатында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан Тәжікстан және Түркіменстан елдері студенттері арасында ғылыми-тәжірибелік жиындар мен мәдени шаралар жиі өткізілетін. Ал, Наурыз мерекесі-барлығымызды біріктірген, өнерімізді бөлісіп, ұлттық тағамдарға толы дастарқанда басымызды қосып, мәре-сәре күйге енгізген қуанышты күн болды. Мерекеге байланысты ұйымдастырылған шарада қазақ елінің ұлттық құндылықтары, сондай-ақ, ғылымдағы, мәдениет пен спорттағы жетістіктері баяндалғанда, итальяндық профессор Марко Валенти: «Қазақстанның табиғи ресурстарға бай ел екенін білетінмін. Енді ұлттық дәстүрлерін сақтаған, өнерпаз, қонақжай, бауырмал және адами құндылықтарға да бай ел екендігін айтып жүретін боламын» деп ризашылығын білдірген болатын.

Қытайда
Мен 2014-2016 жылдары Қытайда елінде зерттеуімді жүргізіп, үш жылдай тұрдым. Қытай мен үшін жергілікті қазақтардың және басқа да аз ұлт өкілдерінің тыныс-тіршілігімен танысуға қолайлы ел болды. Ухан қаласында екі миллионға жуық студент оқиды. Соның ішінде жергілікті қандастарымыз және білім алуға елден келген мыңға тарта қазақ жастары бар болғандықтан, ұйымдастырған барлық іс-шараларымыз кең ауқымда өтетін. Ал, Наурыз мейрамын үлкен стадиондар мен концерт залдарында өткіздік. Қызығы, арқан тартуға қатысқан ең көп адамның санын Наурыз мересін тойлаған сәтте көрдім. Қытайдағы қандастарымыз Ұлыстың ұлы күнін жұртшылықпен бірге тойлаумен қатар, мейрамханаларда ұлттық тағамдарымызды арнайы тапсырыспен әзірлетіп, мерекені ән-бимен әрлендіріп, 200-300-дей қонаққа дастарқан жаятын. Мұндай шаралардың басы-қасында кішкене кездерінен отбасындағы тәлімді берік ұстанып, ата-аналарынан естігендері мен көрген-түйгендерін бойларына жия білген жап-жас қандастарымыздың жүргендігін көргенде еріксіз риза боласыз.
Қазір Польшаның Гдыния қаласындағы Померанин қолданбалы ғылымдар университетінің зерттеушісімін. PhD доктор, дәрігермін. Ортопедиялық хирургияның қалпына келтіру медицинасы саласы бойынша маманданғанмын. Былтыр шаңырақ көтердім. Биылғы Наурыз мерекесін ең алдымен отбасымызда тойлап, Гдыниядағы қандастарымызды қонаққа шақыру үшін жарым Құндыз дайындыққа кірісіп те кетті.
Бірнеше елде Наурыз мейрамын қарсы алған мен атағы әлемге әйгілі Аралдың перзенті екендігімді әрдайым мақтанышпен айтып жүремін. Жаңару мен жаңғырудың мерекесі әз Наурыз әрбір шаңыраққа берекесі мен ырысын, несібесі мен молшылығын ала келсін. Еліміз тыныш, жан-жағымыз аман болсын деген тілегімді жолдаймын.

Елтай Рахманов,
Польша, Гдыния қаласы.

http://tolqyn.kz/shetelde-yzmet-istejtin-araldy-zhigit/

Просмотров: 1243 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]