Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



17:24
ПЕРІШТЕ МЕКЕННІҢ ПЕРИЗАТЫ

ҚОҒАМНЫҢ БАСТЫ БАЙЛЫҒЫ – АДАМ. АЛ АДАМ БАЛАДАН ӨСІП-ЖЕТІЛЕДІ. НӘРЕСТЕ ӨМІРГЕ ШЫР ЕТІП КЕЛГЕН КҮННЕН БАСТАП ҚАМҚОР АЛАҚАНЫНЫҢ ЖЫЛУЫН ТӨГІП, КІНДІГІ АЖЫРАМАСТАЙ БАЙЛАНЫП, БІР БҮТІН ТҰЛҒАҒА АЙНАЛАР АТА- АНАНЫҢ ҰРПАҚ АЛДЫНДАҒЫ ЖАУАПКЕРШІЛІГІНЕ ТАБАНДЫ ТІЛЕКТЕС, КӘСІБИ ТҰРҒЫДА КӨМЕКШІ, СӘБИ САУЛЫҒЫНА ЖАНАШЫР БІР ЖЕБЕУШІ БАР. ОЛ – БАЛА ДӘРІГЕРІ.

Адамзаттың титімдей бөлшегінің жергөкте жатып жетіліп, қаз-қаз қадам басып, толыққанды азамат болып қалыптасқанға дейінгі хал-ахуалын қырағы назарынан қалт жібермей, осынау қиын да күрделі миссияны аяғына дейін абыроймен атқарып шығу кәсіби сүйіспеншілікпен қатар азаматтық ұстанымды да қажет етеді. Осындай талап биігінен танылып келе жатқан өз саласының сара саңлағы, балалар дәрігері – Ханзада Байниязованы ақ халаттылардың маңдайалдынан саналады деумізге әбден болады. Ұстаздар отбасында тәрбиеленген Ханзаданың дәрігерлікті таңдауына ата - анасы қарсы болмапты. «Әке – балаға сыншы» дегендей, жаратылысынан нәзік, жүрегі жұмсақ, бірақ алған бетінен қайтпайтын, табандылығы басым құлыншағының қадамына ақ батасын берген ата-ананың тілегі ақталғандай. Алматы медициналық институтының түлегі, білікті маман Ханзада Ахметжанқызының аудандық аурухананың балалар бөлімін басқарып келе жатқанына ширек ғасырдай уақыт өтіпті. Алғаш қабылдап алғанда 20 төсектік аурухана, қазірде 30 төсектік, 5-уі жүйке ауруымен есепте тұратын жасөспірімдерге бөлінген, оларды невропатолог Кенжегүл Қалыбаева емдеп келеді екен. Бала сырқатына дер кезінде диагноз қоюдың өз қиындығы бар. Қай жері ауырып тұрғанын тілмен айтып жеткізе алмайтын қорғансыз сәбидің дертіне дауа тауып, титімдей жанын тыншытуда маңдай тамшылатып тер төккен талай күндер мен түндер өтті. Бастапқы кезде жабдықталу жағынан да өте жұтаң, жай құралдардың өзі тапшы тоқырауды бастан өткізуге тура келді. Дем жетпей жатқан балақанның аузына қарапайым тәсілмен ауа үрлеп, жанталасқан аяжандардың сәбиімізді ажал аузынан алып қалғанына өзіміз де куә болған жайымыз бар. Жоқ деп қарап отырмай, бардың берекесін арттырып ауызбіршілікпен жұмыс жасап келе жатқан ба- лалар ауруханасында заманауи аппараттар, атап айтқанда тыныс алуды қалыпқа келтіретін "Небулайзер" аппараты жұмыс жасап тұр екен. – Біздің жұмысымыз тек емдеу-сауықтырумен шектелмейді. Нәрестеге күтім жасау, оның қалыпты өсіп-дамуына қажетті тамақтану рационы, денені шынықтыру, гигиеналық талаптар жөнінде жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Бұл жұмыстарда тәжірибелі мамандар Айсұлу Ділдәбекова, Әсия Жантілесова, Маржан Жүсіпбекова сынды медқызметкерлердің еңбегіне айрықша тоқталғым келеді, – дейді бөлім басшысы бізбен әңгімесінде. Осында емделіп жатқан сәбилердің анасы Гүлжазира Мырзаханмен тілдескенімізде ол бізге былай деді: – Бөлімшеге қатты сырқаттанып келген сәбиіме сараптама жасап, тиісті ем дом нәтижесінде өкпесіне суық тиіп келген баламның жағдайы оңалып, бірте-бірте жазылып келеміз. Қарамағындағы қызметкерлерге қатал талап қоятын Ханзада апай ана мен балаға келгенде мүлдем жұмсақ. Палатаға енгеннен жылыұшырай қараған жүзінен бүкіл мейірімі төгіліп тұрғандай. Қолы жеңіл, емі шипалы. Ия, балақандарымыздың өмірі біз үшін аса қымбат. Ал оларға сау - саламат жарық ғұмыр сыйлау жолында жан аямай тер төгіп жүрген Ханзада сынды өз ісіне шынайы берілген, антына адал аруларды сондықтанда ақ қанатты періштеге теңесек артық етпес.

Баян ҮСЕЙІНОВА.

«Жаңақорған тынысы». 13 маусым 2017 жыл.

Просмотров: 2228 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]