Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



14:39
Қорға әрбір азамат жарна аударуға міндетті

Облыстық  денсаулық  сақтау  басқармасы  басшысының
стратегиялық  даму, адами  ресурстарды  жетілдіру
жөніндегі  орынбасары  Жақсылық  АБДУСАМЕТОВ:

Нарық талабы нақты іске кіріскелі тұрмысқа қажетті заттарға дейін қат дүниеге айналды. Баға болса бас бермей барады. Бұрынғы тиын тұратын азық-түлік, дәрі-дәрмек, электр қуаты дегеніңіз еселене қымбаттады. Қаншама білімді де, білікті мамандар тұрмыстық жетімсіздіктің салдарынан күнделікті тіршілік қам-қарекетімен кетті.
Қарапайым еңбек адамының жалақысы мен еңбекақысы көбейген сайын, өскен тауардың құны туралы айту да қиын. Бұл қиындықтар денсаулық саласын да айналып өткен жоқ, айтарлықтай қинап тұр. Әсіресе ауылдағы жағдай тым ауыр. Емделу үшін қомақты қаржы керек. Саусағын қимылдатқанға «әкесінің құнын» сұрайтын жеке емханалардағы қызмет құны бетбақтырмайды. Қайтпек керек? Осы ретте мемлекет шұғыл шешім қабылдап, тығырықтан алып шығу ретін ойласа керек-ті. Қарапайым халық «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетіп шаршады. Ал қабылданып үлгеремін дегенше, «керексіз» болып қалатын реформалар халықтың да құлағына жетем дегенше, «құмға» сіңіп үлгереді. Осы ретте бірнеше жыл бұрын «келмеске» кетіп, биыл «есігімізді» қайта қаққан міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жайын жалпақ жұрт білмекке ниетті. Осы орайда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының стратегиялық даму, адами ресурстарды басқаруды жетілдіру жөніндегі орынбасары Жақсылық Абдусаметов тілші сұрақтарына жауап берді.

– Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру дегеніміз не? Түсінікті етіп, жатық тілмен тарқатсаңыз.

– Сонымен, елді алаңдатқан медициналық сақтандыру – ол денсаулық сақтаудағы халықтың мүддесін әлеуметтік қорғаудың түрі, медициналық көмек қажет еткенде сақтандырылған жағдай бойынша науқасқа жинаған қаржы кепілдік болады. Біз оны тұр­ғындардың құқықтарын қорғауға бағытталған әлеуметтік жоба ретінде қарастырамыз. 2015 жылдың қараша айында арнайы міндетті медициналық сақтандыру жөнінде заң қабылданды. Осы заңды талқылау барысында тұр­ғындар арасында ұсыныс-пікірлер ескер­іліп, 2016 жылы заңға бірнеше өзгерістер енгізілді. Бұл салада әрбір азамат мүдделі, сондықтан жүйе заңды­ түрде енгізілген жағдайда қорға әрбір азамат жарна аударуға міндетті болады.­

– Тәуелсіздіктің тұралаған жылдары міндетті медициналық сақтандыруды жүзеге асыру жолдары қарастырылып, арнайы қор құрылған болатын. Белгілі себептермен қор жабылып, жұмысы тоқтатылды. Нәтижесінде халық медициналық сақтандырусыз қалды. Араға біраз жыл салып, бұл жүйенің қайта енуіне не түрткі болды?

– Жалпы, осы сұрақты көп қояды. Бұл ретте екі түрлі көзқарас барын айтып­ кеткен жөн. Неліктен 1996-98 жылдары бұл жоба енгізіліп, іске аспай қалды? Неге қайтадан осы медициналық сақтандыруды таңдадық? ДДСҰ-ның  мәліметі бойынша егер денсаулық­ саласына тұрғындардың өзінің қалтасынан шығаратын шығындары 20 па­йыздан асатын болса, онда сол елдің медициналық сақтандыру жүйесі қаржылық жағынан тұрақсыз, жұмысы тиімсіз деп есептеледі. Бұл жерде қалтасынан шығатын шығыс деп біз негізі­нен ақылы қызметтерге жүгінуді айтамыз. Қазақстанда қазіргі таңда 2015 жылдың қорытындысымен шығыс мөлшері 37 пайызды құрап отыр. Яғни, екі есе жоғары. Ал ол – өз кезегінде қазір біз қолданып жүрген жүйенің тиімсіздігі­нің көрінісі. Бұл – бір себебі. Екінші жағынан алсақ, осыдан екі жыл бұрын­ғы мемлекет басшысының жолдауында денсаулыққа үш жақты ынтымақтастық жауапкершілік жөнінде айтылды. Мұнда тұрғындарға өз денсаулығына өздері жауапты болуға міндеттеледі. Әрбір азамат өзінің денсаулығын сақтауға мүдделі болуы керек және оған жауапкерш­ілікпен қарауы тиіс. Ал үшінші жағынан, бұл – медицина саласы­ның қаржылық тұрақтылығын сақтауда таптырмас тетік.

– Аталмыш  жоба  қарапайым  халыққа не  береді?

– Қарапайым халық дегенде, негізі­нен, біз табысы төмен немесе жұмыссыз азаматтарды меңзейміз. Оны әлеуметтік әділеттілік принципі деген дұрыс шығар. Мұнда табысы мол азаматтар табысы аз азаматтарға, жұмыс істейтін азаматтар жұмыс істемейтін азаматтарға жарна төлейтін болады. Бұл – басты принцип­тің бірі.

– Медициналық-әлеуметтік сақтан­дыруға сәйкес міндетті жарна төлеуден кімдер  босатылады?

– Әлеуметтік осал 15 санаттағы азаматтарға жарнаны мемлекет төлейді. Олар барлық төлемдерден босатылады. Олардың  қатарында «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған және «Батыр Ана» мәртебесі бар, 1, 2-дәрежелі «Ана даңқы» орденіне ие көпбалалы аналар,­ Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедект­ері, мүгедектер, жұмыссыздар, интер­нат тәрбиеленушілері, күндізгі оқу түрінде оқитындар, бала күтіміне байланысты, бала асырап алуына байланысты демалыста отырғандар, үш жасқа дейінгі бала күтіміндегі тұлғалар, зейнеткерлер, әскери қызметшілер, т.б. бар.

– Осыдан кейін қоғамдық резонанс туынд­аса, оған кім жауапты? Біреу үшін қаржы төлету теңсіздікке әкеп соқтыр­майды  ма?

– Меніңше, жоқ. Мұның өзіндік шектеу­і болады. Жарна төлемейтіндер қатары халыққа түсіндіріліп келеді. Әлеуметт­ік осал топтарға төленетін қаржы үшін тұрғындар арасында түсі­ніспеушілік  болмауы  тиіс.

– Медициналық сақтандыру қоры қалай  толығып  отырады?

– Әрбір жұмыс істейтін тұрғын өзіне жарна төлейді. Ал жұмыс беруші қарамағындағы жұмысшыларына төлейді. Қор қаржысы бірқалыпты сақталмайды, ол үнемі толығып отырады. Бір емес бір­неше тарап қордың қаржысына мүдделі, сәйкесінше медициналық қызмет те көр­сетілетін болады.

– Қорға жұмысшыдан, жұмыс беру­шіден және мемлекеттен аударылатын жарна­  құнын  айтып  кетсеңіз?

– Қазіргі заңнамаға сәйкес төленетін жарнаның мөлшері түскен табыстың 7 пайызы көлемінде белгіленген. Жұмыс берушілер өздерінің қызметкерлеріне 5 пайыз, жұмыс істейтін азаматтар табысы­нан 2 пайыз көлемінде төлейді. Ал мемлекет жоғарыда атап өткен 15 санаттағы тұрғындарға 7 пайызды түгел аударып отырады. Бұл орташа жалақы құнымен  есептеледі.

– Мемлекет қарапайым халықтың төлеген салығымен «байып» отырғандығы шындық. Оның үстіне зейнетақы қорына да жалақысының белгілі бір мөлшерін аударады­. Бұл  жүйе де «қалтаңды  қағатын» жобалардың  қатарында.  Сіз  не дейсіз?

– Қазір  ең төменгі мөлшердегі жал­ақы – 24 000 теңге. 5 пайызбен есептейтін болсақ, әр азамат айына 1000 теңгесін қорға аударады. Ол жылына 12000 болады. Ал қазір, сіздер білесіздер, емдеу қызметінің құны аспандап тұр. Бір ғана жүрек ауруларын емдеу 1-2 миллион теңгеден асып жығылады. Ал қор мүшесі осындай қымбат ота мен қымбат қызметті аз ғана ақшаға ала алады. Мұнымен қоса, қазір елімізде бәсекелестік ортаны қалып­тастыру жүйесі қолға алынып келеді. Мемлекет жеке секторға да, үкіметтік сектор­ға да мүмкіндік беру арқылы медицина­лық қызмет көрсету талап­тарына сәйкес келетін құрал-жабдығы бар, өндірістік базасы­, біліктілігі жоғары мамандары бар, сертификатталған жеке немесе мемлекет­тік мекеме болсын, осы қордан тапсырыс алуына мүмкін­дік беріп отыр. Ал қорға тіркелген кез келген тұрғын өз науқасының түріне қарай, алатын еміне қарай осы қордан тапсырыс алған мекемеден, кез келген ұйымнан медициналық қызмет ала алады. Ал егер азамат уақытында жарнан­ы төлемей, қордың қатысу­шысы болмаса, оған медициналық көмек  көрсетілмейді.­

– Азаматтарға  ұсынылатын  қызмет пакеттері  жөнінде  айтып  өтсеңіз.

– Қызмет пакетінің екі түрі таңдалынып  алынды. «Базалық» деп аталатын бірінші түрі – мемлекет тарапынан кепілдендірілген тегін медициналық көмек. Оның қаражаты республикалық бюджеттен қарастырылады және кез келген азаматтарға ұсыны­лады. Бұл пакетке жедел медициналық көмек, санитарлық авиация, әлеуметтік сипаттағы ауру түрлерін емдеу, шұғыл жағдайдағы медициналық көмек, профилактикалық екпелер кіреді. Медициналық пакеттің екінші түрі – сақтандыру пакеті. Ол жаңадан құрылатын медициналық сақтандыру қорынан қаржыландырылады. Оған амбулаториялық-емханалық емдеу, стационарлық емдеу, стационарды алмас­тырушы көмек, паллиативті көмек, мейірбикелік күтім және т.б. көмек  түрлері  қарастырылған.

– Сақтандыру  пакетіне  кімдер  ие?

– Сақтандыру пакетіне жобаға қатысушы барлық азаматтар ие бола алады. Қорға екі ай жарна төлесеңіз, сол  жеткілікті.

– Әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан   Құралай   ЖАҚСЫЛЫҚ

http://www.halyk-gazeti.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=7055:2017-03-09-04-32-13&catid=5:2011-11-18-09-02-24&Itemid=5

Просмотров: 1002 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]