Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



10:32
ӨНЕГЕ БОЛАРЛЫҚ ӨМІР ИЕСІ

Кез келген ата-ана бала үшін бәйек болады. Оның баянды болашағы мен денінің саулығы үшін алаңдайды. Бала болашағының жарқын болуын мемлекетіміз де басты назарда ұстауда. Олардың денсаулығын бақылап, уақытылы емдеу жұмыстарын жүргізіп тұратын арнайы бөлімшелер бар. Олар жақсы кадрлар даярлауды да қолға алған. Міне, осы салада тынымсыз еңбек етіп, абырой биігіне көтерілген жандардың бірі - Лаура Жанысқызы Әділбаева.

Ол бүгінде Арал аудандық орталық аурухананың аудандық туберкулезге қарсы диспансерлік бөлімшесінің меңгерушісі болып өткен жылдан бері еңбек етеді. Жастайынан «Армансыз адам - қанатсыз құспен тең» деген өміршең қағиданы жанына серік етіп өскен Лаура Жанысқызы 1990 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына оқуға қабылданды. Аталған оқу орнын 1996 жылы педиатрия мамандығы бойынша бітіріп шықты. Сол жылы туған елге оралып, еңбек жолын бұрынғы балалар консультациясында балалар дәрігері болып бастаған. Өзіне сеніп тапсырылған жауапты қызметті қалтқысыз атқарған дәрігер, көптеген ата-аналар қауымы мақтана айтар білікті маманға айналды. Ол сол салада 10 жыл еңбек етті. 2006 жылдан бастап аудандық туберкулезге қарсы диспансерінде фтизиатр болып 2012 жылға дейін жұмыс жасады. Біліктілігінің арқасында басшылықтың сенімінен шыға білген Лаура 2012 жылдан 2016 жылға дейін осы мекеменің бас дәрігерінің ұйымдастыру, әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқара білді. Бүгінде аудандағы денсаулық сақтау саласының өсіп- өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан кейіпкеріміз Әділбаевтар әулетінің мейірімді отанасы. Өмірлік жары Сәкен Әділбаевпен жарасымды отбасы болып, бүгінде екі ұл, бір қыз бала тәрбиелеуде. Тұңғыштары осы жылы 11 жылдық мектепті бітіріп, қияға қанат қақпақшы. Екеуі әлі мектеп жасында. Ана жолын жалғағысы келетін Бекзат есімді ұлы дәрігер болуды армандайды. Міне, берекелі жанұяның ұйытқысына айналған аяулы жар, асыл ана Лаура қай уақытта да қызмет пен отбасылық өмірді қатар алып келеді. Иә, әріптестерінің қадірлісіне айналған, өзгеге үлгі боларлық жан, білікті маманды кәсіби мерекесімен құттықтай отырып, деніне саулық, отбасына бақ-береке тілейміз.

 

А. БИСЕНОВ.

«Толқын» газеті. 17 маусым 2017 жыл

Просмотров: 783 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]