Адам денінің саулығы – басты байлық деп жатады. Қандай мүше болмасын, өзіндік сыры бар,қыры бар. Сырқаты бар, тұрпаты бар. Соның ішінде өмірді көріп білуге негіз болатын, бізді жаңа әлем кереметтерімен таныстырып, әсемдік пен сұлулыққа жол ашатын бірден-бір мүше – көз. Басқа-басқа, бірақ көз ауырғанда адамның қоршаған ортамен байланысы бірден үзіле бастағандай көрінеді. Сондықтан оны күтіп ұстаған жөн. Дегенмен, заман дамып, медицина алға шыққан күннің өзінде кейбір сырқатты емі әлі де үлкен сұрақ үстінде. Мысалы, глаукома. Әлемдегі ең бір емі қиын, емделуі күрделі аурудың бірі суқараңғы, яғни глаукома ауруына қарсы күрес мақсатында Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымының ұйғарымымен арнайы күн де жарияланған-ды. Әр жылдың 6 наурызы глаукомаға қарсы халықаралық күрес күні болып табылады.
Глаукома немесе суқараңғы ауруы – көздің ішкі қысымының көтерілуінен болатын дерт. көзден сулы ылғалдың шығуының бұзылуымен, көзішілік қысымның (КІҚ) жоғарылауымен, көру жүйкесінің атрофиясымен және көру қызметінің үдемелі төмендеуімен жүретін аурулар тобы. Этиологиясына қарай туа пайда болған, біріншілік және екіншілік глаукома деп ажыратады. Біріншісі көзден сұйықтықтың ағып шығуына жауапты құрылымдардың дамуындағы ақауларға байланысты болады. Екіншілік глаукома көздің басқа ауруларының салдарынан (жарақаттар, қабыну және т.б) туындайды. Біріншілік глаукома бірінші кезекте көз құрылымындағы кәрілік өзгерістердің қарқындылығымен, сонымен қатар жеке анатомиялық және метаболикалық ерекшеліктерге, тамырлық, жүйкелік және эндокриндік жүйе жағдайына байланысты пайда болады.
ДДҰ мәліметтеріне сүйенер болсақ, әлем бойынша 105 млн адам аталған дертке шалдыққан. Оның ішінде 5 миллионнан астамы екі көзінен бірдей айырылған-ды. Ең қорқыныштысы, минутына бір адам жанарынан айырылса, сол он минут ішінде бір сәби көрі мүмкіндігіне зәру болып қалу қаупі бар. Ал еліміз Қазақстанның өзінде 80 мыңға жуық адам суқараңғы сырқатының зәбірін көріп отыр. Осы орайда Талдықорған қаласында орналасқан облыстық аурухана дәрігерлерімен сұхбаттасқан едік. Офтальмологоия бөлімінің меңгеруішісі Серікбаева Гүлнар өз кезегінде біраз мәліметтерімен бөлісе кетті:
• Өз тәжірибеме сүйене келе, суқараңғы көздің ең жаман ауруы деп айтар едім. Көздің ішінде кірпікшелі дене болады. Ол ылғалдылық шығарады. Сол ылғалды сыртқа шығаратын көздың алдыңғы бетінде арнайы түтікше бар. Әр түрлі аурулар, сыртқы орта кесірінен әлгі түтік бекітіліп қалған жағдайда, глаукома ауруы пайда бола бастайды. Көз қысымының жоғарылауының тұрақтылығы осы ауруға толық анықтама береді. Норматив бойынша 16 мен 24 аралығындағы мөлшерді көрсетуі керек. Бірақ егер ол саннан асып кеткен жағдайда, глаукомаға әкеп соғады. Ал көтерілген қысым көздің жүйке тамырларына қысым жасап, аяғы көз клеткалараы өледі. Сол себепті суқараңғы аса ауыр дертке жатқызылады. Өйткені көру жүйесі қайта қалпына келе алмайды.
• Көздің қысымы қаншалықты жоғары болады?
• Глаукома ауруы кезінде 24-тен жоғары көрсеткіштің бәрі симптомға жатқызылады. Ал мүлде асқынған жағдайда тіпті 60-70-ке дейін де жетеді. Яғни нормалы көрсеткіштен екі-үш есе көп. Егер бір тәуліктің ішінде дұрыс диагноз қойып, алдын-алу шарасын жасамаса, емделушінің жанарынан айырылу мүмкіндігі арта береді. Әдетте дертке шалдыққан кісілер бірден қалалық не аудандық емханаларға қаралып, ем алады. Кезекке тұрады, уақытылы бақылауда болып, дәрігердің кеңесіне жүгініп отырады. Көздің қысымын азайтатын арнайы тамшылар беріліп, ем-дом жүргізіледі. Ал соңына дейін асқындырып алған жағдайда, ауруханаға жатуына тура келеді. Көз тамшыларының еш әсері болмай, қысым жоғары қалпында тұрақтап қалған кезде ота жасалады.
• Осы сипаттас оталар жиі бола ма? Емделушілер қаншалықты көп?
• Аз деп айтпас едім. Соңғы демалыс күндерінің өзінде екі науқасқа жасалды. Аудандық, ауылдық жерлерде окулист мамандар жоқтың қасы, сондықтан емделушілерді диспансерлеру процесі көңіл қуантарлық емес.
• Аталған дерттен сақтану барысында қандай кеңес берер едіңіз?
• 40 жастан кейін міндетті түрде толық тексеруден өту керек. Кемінде жылына екі, тіпті бір рет көз дәрігеріне қаралған жөн. Егер де аурудың күдігі анықталар болса, жиі-жиі барып, ем қабылдау қажет. Ал суқараңғы сырқаты бойынша тіркеуде тұрғандар айына екі рет офтальмологтың консультациясына жүгінеді.
• Сұхбатыңызға рахмет.
Жалпы, глаукомаға шалдығуға қандай адамдар жақын келеді? Дәрігер айтып өткендей, 40 жастан асқан ересек адам жүйелі түрде дәрігер қаралуында болғаны дұрыс. Неге? Себебі, дәл осы егде жаста аурудың пайда болуына мүмкіндік аса көп болмақ. Сонымен бірге қант диабетіне, яғни сусамырға шалдыққан науқастарда суқараңғымен ауруына негіз бар. Диабет ауруы кезінде олқылығы адамның көзіне тікелей әсер ете алатыны белгілі жайт. Ал глаукомаға айналуы мүлде таңсық емес. Сонымен бірге ата-анадан балаға берілу қаупі де қалыс қалмақ емес. Егер әкеде не шешеде аталған дерт болса, оның баласы да осы ауруға шалдығады деген пайыздық мүмкіндік жоғары. Одан бөлек гормональды препараттар қолданатын науқастарда да жиі кездеседі-міс.
Глаукоманың негізгі симптомдары мынадай: көздің қызаруы, көрудің нашарлауы, кейде тұмандануы, көздің ауруы мен тамырларының қысылуы, көз жанарының маңайында түрлі түстердің пайда болуы мен жүрек айну. Егер сіз осындай белгілерді кездестіріп жатсаңыз, уақыт созбастан бірден дәрігерге қаралғаныңыз абзал.
Қазіргі таңда аурудың бастапқы кезеңінде арнайы көз тамшыларымен, кейін микрохирургия немесе лазерлік хирургия арқылы тежеуге тырысады. Өкінішке орай, суқараңғы ауруын толығымен емдеп жазу мүмкін емес. Тек алғашқы уақытында оны бақылауда ұстап, ем-дом жасау мүмкіндігі бар. Алайда нашарлаған немесе мүлде жоғалған көру мүмкіндігін қайта қалпына келтіріп, қайтару мүмкін емес. Сондықтан да глаукома әлемдегі ең ауыр сырқаттың қатарына жатады.
Кез-келген адам өз өмірінің әміршісі болып табылады. Өз тағдырын таңдай білмесе де, сол тағдырға әкелетін жолын таңдайды. Физикалық жағдайын реттеуге мұршасы жетпесе де, оны жеңілдету немесе алдын-алуына әбден хақы бар. Қандай ауру болмасын, оны бастапқы кезеңінде-ақ анықтап, керекті шараларды жасаған жөн. Асқынған ауруды емдеу түбі жоқ шелекке су толтырғанмен бірдей. Оны тек біраз уақыт ғана тежеуге болады, ал толықтай айығып кету өте сирек кездеседі. Сондықтан міндетті түрде жыл сайынғы дәрігерлік қарауға барып, бақылауда болыңыз. Әлемнің сіз көрмеген қаншама кереметі бар. Ол мүмкіншіліктен айырылып қалмауға тырысыңыз. Көз – сіздің сыртқы әлеммен тіл табысатын құралыңыз. Өз денсаулығыңызды күткеніңіз абзал, оқырман!
Автор:
Назерке ТЛЕУБАЕВА
http://zhardem.kz/news/8321 |