Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



19:20
ДОНОР БОЛУ – ӨЗГЕГЕ ӨМІР СЫЙЛАУ

Өміріңізде бір рет болса да қан тапсырып көрдіңіз бе? Егер мұндай игі істі жасаған болсаңыз, кемінде үш адамның өмірін құтқардым деп есептеуге болады. Себебі бүгінде донорға мұқтаж жандар саны басым. Сіз қан тапсыру арқылы біреудің өмірін аман алып қалумен қатар өз денсаулығыңызды жақсарта аласыз. Мәселен, қан тапсыру адам денсаулығына физиологиялық және психологиялық тұрғыдан пайдалы. Ал тұрақты қан тапсыратын адамның өмірі ұзарып, жүрек-қан тамырлары ауруының қаупі бірнеше есе төмендейді. Мамандардың айтуынша, біздің елде донор болуға ниетті жандар аз. Оған себеп, қан мөлшері азайса, денсаулығыма кері әсерін тигізеді деген түсінік қалыптасқан. Қан орталығы мамандарының айтуынша, ерiктi донорлар бар. Олар өз туыстарының немесе бауырларының өмірін сақтау үшін қан тапсырады. Ал кейбiреулер қан құрамын тексеру үшiн қан тапсырады. Өйткені, орталыққа келген донорлар мұқият тексеруден өтедi. Олар трансфузиялық инфекцияларға тексерiлiп, гемоглобин мөлшерi мен қан тобын анықтап, терапевт маманға қаралады. Яғни қан тапсыру қауіпті емес. Керісінше, бірнеше зерттеу кезеңдерден өткен қанның жарамдылығы анықталған жағдайда жарамды болып саналады.
«
Жұмыстан шыға алмаймын менің бос уақытым жоқ» дейтіндер кездесіп жатады. Тегiн қан тапсырған донор «Халық денсаулығы туралы» кодекске сәйкес, 2 күн демалысқа анықтама алады. Бұл демалысты донор бiр жыл iшiнде қалаған кезiнде ала алады. Сондай-ақ, донордың қан тапсырған күнi жұмыстан босатылуға құқығы бар. Егер жұмысын жалғастыра берсе, бұл демалыс күнiн кейiн пайдалана алады. Донорға қан тапсырудан кейiн қан көлемiн ұлғайтып, күш қуатын қалпына келтiру үшiн тамақ немесе 0,25 АЕК көлемiнде ақша (540 теңге) төленедi. Ескертетін жайт, ер адам донор болса жылына 5-6 рет, ал әйел адам 4 рет 450 миллилитрден қан тапсыра алады.
Кез келген адам қан тапсыра алмайды. Жұқпалы аурумен ауырғандар, туберкулез, вирустық гепатитке шалдыққандар, онкологиялық және жүрек-қан тамыры ауруларымен ауырғандардан қан алынбайды. Ал тұмау жұқтырғандардан қан 2-3 апта өткеннен кейiн ғана алынады.
– Елімізде бекітілген ережеге сәйкес, 18 жастан асқан азамат ғана донор бола алады. Ал олардың жоғары жасын шектемеймiз. Оны терапевт-трансфузиолог анықтайды. Адамның денсаулығы жақсы болса, 60 жастағы азамат та қан тапсыра алады. Бiрақ, оларға донация саны бойынша шектеу қойылады. Бiз егде жастағы донорлардан электр кардиограммасын, терапевт қорытындысын талап етемiз. Жалпы, қан тапсыру үшiн ең қолайлы кезең – 20-40 жас аралығы», – дейдi облыстық қан орталығының меңгерушісі Рыскүл Кенесарықызы.
350 мың тұрғына бар Сыр өңірінде 6 айда 1959 адам қан тапсырып, оның 1438-і жарамды болған.

Айгүл ҚАРЖАУБАЙҚЫЗЫ

http://aqmeshit-zhastary.kz/daua/donor-bolu-zgege-mir-syjlau/

Просмотров: 923 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]