Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



17:23
ДӘРІГЕР – АДАМ АМАНДЫҒЫНЫҢ ДӘНЕКЕРІ

БАСЫМЫЗ АУЫРЫП, БАЛТЫРЫМЫЗ СЫЗДАЙ ҚАЛСА, АҚ ХАЛАТТЫ АБЗАЛ ЖАНДАРҒА ЖҮГІНЕТІНІМІЗ АҚИҚАТ. АДАМ ЖАНЫНЫҢ АРАШАШЫСЫ ДЕГЕН ҚАСТЕРЛІ МАМАНДЫҚ ИЕЛЕРІН ҚАНШАЛЫҚТЫ АЙТСАҚТА АРТЫҚ ЕТПЕЙДІ. ОҒАН ҚОСА, МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ МЕМЛЕКЕТ ТАРАПЫНАН ЖАСАЛЫНЫП ЖАТҚАН ҚОЛДАУДЫҢ ӨЗІ ҚОМАҚТЫ. БҰҒАН ЕМДЕУ МЕКЕМЕЛЕРІНДЕГІ БІЛІКТІ МАМАНДАР МЕН МЕКЕМЕНІҢ ЗАМАНАУИ МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚОНДЫРҒЫЛАРМЕН ТОЛЫҒУЫ ДӘЛЕЛ.

Осы тұста саланың серпінді дамуына өзінің талапшыл, ұйымдастырушылық қабілетімен ел ықыласына бөленіп жүрген дәрігердің бірі – Нұрлан Сопбеков. Ол бүгінде аудандық орталық ауруханының реанимация бөлімінің меңгерушісі. Талай сырқаттың сауығуына себепші болып жүрген Нұрлан Сабырұлы 2002 жылы Алматы медициналық институтын емдеу ісі және реаниматолог дәрігер ретінде тәмамдап, Қызылорда қаласында еңбек жолын бастайды. Облыс орталығында екі жылға жуық тәжірибе жинақтап, туған жері Ақүйік ауылдық округіне келеді. «Туған жерге туыңды тік» деген аталы сөзді ұстанған білікті дәрігер Бірлікте де біршама жыл дертіне шипа іздеген ағайынның қасынан табылады. Уақытпен санаспай ауырған, сырқаған жандарға дәрігерлік қызметін көрсетті. Иә, кіндік қаны тамған жеріне, туған еліне қызмет ету – кез келген жанның перзенттік парызы. Әркімнің жүрегінде берік ұстанған серті болады. «Гиппократ антын» өзінің өмірлік ұстанымы ретінде қабылдап, мемлекеттің басты байлығы саналатын ұлт саулығының сақшысы бола білу үлкен жауапкершілік. Міне, осы жауапкершілік жүгін сенімді атқарған Нұрлан Сабырұлы арада көп уақыт өтпей аудандық орталық аурухананың реанимация бөліміне шақыртылады. Бүгінде 10 жылға жуық уақыттан бері халық саулығы жолында осы бөлімде күні-түні тынымсыз еңбек етіп келеді.

– Өздеріңізге белгілі, реанимация бөліміне көбіне ауыр жағдайдағы науқастар түседі. Яғни, жарақат түрлері, инсульт, жүрек талмасы секілді шұғыл емдеуді қажет ететін сырқаттармен күнделікті бетпе-бет жүздесеміз. Біздің мақсат – дер кезінде сапалы дәрігерлік қызмет көрсету. Бұл тұрғыда ұжымның ұйымшылдығын айта кету ке- рек. Қашанда дәрігерлік біліктілігімен халық ризашылығына бөленіп жүрген 4 дәрігер, 10 медбике, тағы осынша шаруашылық бикесі бар бөлімде – дей келе, Нұрлан Сопбеков – Ұлт саулығы – мемлекет байлығы. Тәні саудың – жаны сау екендігі айтпасада түсінікті. Сондықтан бүгінгі таңда аурудың алдын алу біз үшін өте өзекті болып табылады. Келешек ұрпақтың баянды болашағының кепілі болып табылатын денсаулық мәселесін жетілдіру – біздің дәрігерлік борыш. Біз халықтың бізге деген сенімі артатындай, қажетті кәсіби тұрғыда ем алатындай халыққа қызмет көрсетсек одан артық абырой жоқ. Қазақта мақал бар ғой: «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген. Сондықтанда бірінші байлыққа салғырттық танытуға болмайды, – деді дәрігер. Иә, халық саулығы жолында біліктілікті де үнемі арттыру – бұл заман талабы. Себебі, соңғы жабдықталған заманауи медициналық аппараттарды қолдана білу үшін де білім керек. Бұл тұрғыда бөлім меңгерушісі Нұрлан Сабырұлы әр жылдары Ақтөбе, Қызылорда, Алматы, Астана қалаларына барып, тәжірибе алмасу тағлымдамаларынан өтіп, арнайы сертификатқа ие болды. Әрине, одан өзге де елге еткен еңбегі ескеріліп, денсаулық сақтау ұйымдары тарапынан арнайы марапаттауларға лайықты деп танылған. Дейтұрғанмен дәрігерлік антына берік Нұрлан Сопбеков әрдайым халық құрметіне бөленіп, емделушілердің алғысын арқалап жүр. Бұл да болса, ақ халатты абзал жан үшін ең үлкен марапат – халықтың алғаусыз алғысы екені ақиқат. Десе де, әрбір адам баласының бойына сіңген даралығы, өзі қалайтын арман мұраты болады. Мақала кейіпкерінің мақсаты – науқас жандардың сауығып кетуіне бар білімін сарп ету. Бұл дәрігер бойына шуақ, өміріне қуат береді. Қорыта айтқанда, осындай жауапкершілігі мол жүкті арқалаған Нұрлан Сопбеков әуелі Алла, ата-анасы Сабыр мен Марияшқа айтар алғысы шексіз. Қашанда сол кісілердің демеуімен биік белестерді бағындыруда. Ал, отбасында екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған Нұрлан Сабырұлы үлгілі отбасының бірі.

Әбдісамат ӘБДІШ.

«Жаңақорған тынысы». 13 маусым 2017 жыл.

Просмотров: 986 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]