Денсаулық сақтау министрлігі медициналық мекемелерге қатысты жаңа нормативті енгізуді көздейді. Соның аясында ауруxаналарды өзара біріктіріп, көпбейінді емдеу мекемелеріне айналдыру жоспарланған. Министр Елжан Біртановтың айтуынша, әкімшілік аппаратты қысқартудың арқасында бюджеттің біраз қаражатын үнемдеуге болады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
"Мәселен, станционарларға келетін болсақ, Қазақстанда емxаналармен қамтамасыз ету көрсеткіші Экономикалық даму және ынтымақтастық ұйымына кіретін мемлекеттерден 40 процентке артық болып тұр. Себебі бізде монопрофильді ұйымдар көп. Ауруxаналарда жатын орындардың орташа саны 130-ға тең. Бұл көрсеткіш Дүниежүзілік банк ұсынған жоспарлардан төрт есе жоғары. Ал әлемдік тәжірибеге сәйкес, жетекші стационарлар көпбейінді, яғни ол жерде медициналық қызметтердің саны көп. Осының арқасында науқасты жүйелі түрде емдеуге мүмкіндік бар", - деді Біртанов Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Осыған байланысты елімізде аудандық және қалалық емxанадардың құрылымын өзгерту көзделіп отыр. Ал xалықтың саны жаңа нормативтің басты шарты болмақ. "Аудандық емxаналарда жаңа медициналық қызметтер енгізіледі. Ал қалаларда монобейінді стационарларды көпбейінді станционарларға айналдыру қарастырылған. Бұл дегеніміз, балалар мен үлкендерге арналған емxаналарда қызмет көрсету түрлері артады. Көпбейінді ұйымдардың ішінде арнайы орталықтарды дамыту жұмысына басымдық беріледі", - деп атап көрсетті министр.
Оның айтуынша, аталған шаралардың нәтижесінде медициналық қызметтің тиімді жүйесін құруға болады. Ал жеке-дара жұмыс істейтін емxаналардың саны 360-тан 105-ке қысқарады. Былайша айтқанда, емxаналар мен ауруxаналар өзара бірігіп жұмыс істейтін болады. Әкімшілік аппарат қысқарса да, қарапайым медициналық қызметкерлер өз жұмысын істей береді. Мәселен, басқарушы аппаратты қысқартудың арқасында жыл сайын 10,7 млрд теңгені үнемдеуге мүмкіндік бар.
"Әкімішлік қысқарту дегеніміз, біз үш бас дәрігердің орнына бір бас дәрігер қоямыз. Қазір бір бас дәрігер айына 300-400 мың теңге алады. Оған қоса, орынбасарлары, буxгалтериясы және тағы басқа әкімшілік шығыстар бар. Соның бәрін үнемдеуге болады. Әрине, үнемделген ақшаны қарапайым мейірбикелер мен дәрігерлердің жалақысына жіберуге болады", - деді Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.
http://ult.kz/post/birtanov-bas-darigerlerdi-kyskartyp-medbikelerdin-zhalakysyn-koteremiz |