Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



07:34
БӘРІ ДЕ ЕСТЕ

Менің қырық жылдан астам медицина саласында жұмыс істеген ғұмырымның тең жартысына жуығы облыстық денсаулық сақтау басқармасында өтті. Онда мен кадрлар бөлімін басқардым. Денсаулық сақтау саласын оның бірінші басшысынсыз көзге елестету мүмкін емес. Бұл сәтте тілге алғаш оралары - Сыр медицинасының тарихында аталған басқарманы тура отыз жыл басқарған София Өтегенқызы Мақашева. Оның қажырлы жұмысының нәтижесінде облыс ауруханаларындағы төсек саны 6,5 есе, дәрігерлер саны 14 есе, орта буын медицина қызметкерлерінің саны 4,5 есе өссе, медициналық бекеттер саны 76-дан 290-ға, аурухана саны 32-ден 82-ге көбейді. Оның тікелей ықпалымен Арал, Қазалы және Қармақшы аудандарынан медициналық оқу орындарына абутуриенттерді конкурстан тыс қабылдау жүзеге асты. Соның нәтижесінде ауылдық елді мекендерді қат дәрігерлермен қамтамасыз етуге қол жетті. Апамыздың мағыналы өмірін оның шәкірті Тұрғанбай Маханов «Әйел бақыты» атты кітапта толығымен баяндаған.

Одан кейін басқарманы он екі жыл басқарған Ернияз Омаровпен бірге қызметтес болдым. Ерағаның басшылық кезінде де облыс денсаулық саласында іргелі оңды өзгерістер орын алды. Ең бастыларын айтар болсам, ана мен бала денсаулығын сақтауға ерекше көңіл бөлінді. Балалар ауруханасының төсек саны 250-ге жетіп, толық мамандандырылды. Ана мен балаға арнайы ренаимациялық-анестезиялық көмек ұйымдастырылды. Арал теңізінің тартылуынан туындаған экологиялық мәселелер бойынша медициналық зерттеулер алғаш рет қолға алынды, облыстық кеңес беру-диагностикалық орталық іске қосылды.

Өткен ғасырдың 90-шы қиын жылдары басқарманы басқарған Тұрғанбай Махановтың облыс медицинасына қосқан үлесі зор. Оның тікелей араласуымен облыстық кеңес беру-диагностикалық орталығы мен облыстық медициналық орталық салынып, олар бүгінде облыс халқының денсаулығын сақтауға зор шапағатын тигізуде.

Басқармаға кейін басшылық еткен Бақыт Торғайбайұлы Исмаханбетовтың, Дамир Абайдуллаұлы Дәулетбаевтың, Марат Шәдібайұлы Абдуллаевтың және Болатбек Бимендіұлы Баймахановтың кезінде де облыстық денсаулық сақтау саласында оңды жаңалықтар орын алды. Басқармаға екінші рет басшылық етіп отырған Ақмарал Шәріпбайқызы Әлназарованың да көптеген игі істерге мұрындық болып жүргені баршаға аян.

Ең бір айта кетерлігі кезінде терапия саласының бас маманы Әділ Ізтілеуұлы, басқарманың бас хирургы Сағымбай Қарақұлы Құлсартов, бас акушер-гинеколог Бибажар Медетбайқызы Қалымбетова мен бас педиатр Мұхтар Беисовтер ғылыми атақтары болмаса да, өмірден түйген мол тәжірибесіне және еңбекқорлығы мен күнделікті ізденістеріне байланысты кез-келген профессорға тең білімдерімен есте қалды. Басқармада бірге қызметтес болған Амангелді Мықтыбаевтың да адамгершілігі, жұмысқа тиянақтылығы басым болатын. Бұл мақала медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында осы есімдегілермен көпшілікпен бөліссем деген игі ниеттен туындаған болатын.   

               

Еркебай Ілиясұлы АЯПОВ,

медицина ардагері

 

Просмотров: 1459 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]