Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



08:29
АНАСЫНА БАУЫР БЕРГЕН…


 
Әрбір адам санаулы ғұмырында мәнді тіршілік етіп, қалыпты жағдайда өмір сүргенің қалайды. Қиындық атаулыға мойымай, алға қарай талпыныс жасау әр азаматтың арманы.  Күнделікті тұрмыс жағдайында түрлі шаруаға алданып, денсаулықтың сыр бергенін аңғармай жатамыз. Төзімділіктін арқасында ауыртпалық жүгін көтеру  кей жанның қолынан келсе, екіншісі мұндай жағдайға төзбей жатады. Сырқатқа шалдыққан  жанға жақынынан өзге ешкім болыспасы анық. Басындағы қиындықты отбасы мүшелерінің демеуімен, иіліп жастық, жайылып төсек болуының арқасында жеңілдейтіні де шындық. Бауыр еті перзенті анасы үшін тағдыр тәлкегімен бетпе-бет келсе, құптарлық жағдай. Әрдайым көз алдында өскен баласының аман болуы ата-ана үшін маңызды.  Бұл жерде айтпағымыз бір арнаға тоғысқан қос тағдырдың жанкешті әрекеті. Жанын шүберекке түйіп, өмір үшін арпаласқан шешеге баланың кіршіксіз қызметі. Бүгін біз анасының өміріне араша түскен перзент жайлы баяндамақпыз.


Осыдан төрт жыл бұрын Гүлжахан Баймаханованың кенеттен денсаулығында  кінәраттар пайда бола бастайды. Ештеңеден хабарсыз, бейқам жүрген жанның  бауыры дертке шалдығып, күннен-күнге жағдайы төмендей береді. Ағзадағы белсенді вирустар ұзақ уақыт бойы бауырға зақым келтіреді. Бойындағы тым жағымсыз өзгерістерді байқаған Гүлжахан апа аудандық ауруханың дәрігерлеріне көрінеді. Негізінде медицинада бауырды емдеу күрделі процес болып саналады. Ең бірінші емделушіні терапевт-дәрігер Олжас Олжабаев тексереді. Ұзақ уақыт бойы  аудандық ауруханада, облыстық жұқпалы аурулар бөлімшелеріне жатқызылып, ем-дом қабылдайды. Сынама нәтижелер Гүлжахан апаның нақты диагнозын анықтай алмайды. Бұл жердегі басты мәселе бауыр дертінің жұқпалы  гепатит түріне жатпауында.  Бауырдың басқа вирустық белгілері болғандықтан үздіксіз ем алу процестері жүзеге асқанымен, түпкілікті оң нәтижеге қол жеткезу қиын болады. Өт жолдарында ақаулар барлығы анықталады. Дегенмен бауырдың асқыну қабілеті жоғары деңгейде болуы емделуге кедергі келтіреді. Сонда да үмітін үзбеген Гүлжахан апаға жақындары  Алматы қаласындағы Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығына баруға ұсыныс жасайды. Қалыпты жағдайынан біршама алшақтаған  күні ол Алматы шаһарына ат басын бұрады. Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығының  мамандары арнайы сынамалар мен сараптамалар жасап, «Аутоиммунный гепатит»  деген диагноз қояды. Ол жақта аздаған күндер ішінде жалпы тәжірибелік емделуге жүгінеді.Түпкілікті жазылуға үнемі қадағалау, ем-шара жүргізу керектігі айтылады. Қажетті дәрілік рецептер тағайындалғаннан кейін қайтадан ауылға оралады. Күйбең тіршіліктің арасында жүріп, Гүлжахан апа Алматыға қайта баруды ұмыт қалдырады. Дегенмен, үнемі дәрігерлердің бақылауында болып, үздіксіз ауруханаға жатады.  Аймақтық дәрігер Жанар Жұмабаеваның айтуымен Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығына бару ұсынылады.  Сөйтіп ол 2015 жылдың қыркүйегінде Алматыға қайта келіп, Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығының «бауыр, өт жолдары және ұйқы безі» хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Данияр Тоқсанбаевпен жолығады. Бірнеше жылдық  қиындықтың қалай пайда болғандығы сараптама нәтижесінде анықталады. Дәрігерлердің ұсынысы донор тапқан жағдайда ота жасауға болатындығы айтылады. Отаға келіспеген жағдайда дәрі-дәрмектер арқылы өмірін екі-үш жыл созуға болатындығын жеткізеді. Мұны естіген Гүлжахан апай жақын бауырларының, яки отбасының болашағын ойлап, емдік шараға жүгінуге бел байлайды. Дегенмен, отбасы мүшелері өзара ақылдаса келе ортаншы ұлы Мұхтар еш ойланбастан анасына донор болуға келісім береді. Мұхтардың бар ойы өмір мен өлім ортасында анасының қиналғаның көргісі келмейді. Алматыға арнайы орталыққа қайта барып, анасы екеуі толыққанды тексерулерден өтеді. Медициналық сараптама Мұхтардың маңызды органы анасына 100 пайыз сәйкес келетіндігін анықтап береді. Мұхтар мен Гүлжахан апайдың жеке дәрігері ретінде Шохан Қаниев бекітіледі. Әрине, күрделі дайындықтың арқасында 2016 жылдың 31 тамызында қос тағдыр иесіне ота жасалған болатын. Мұхтарға 16 сағат, анасына 19 сағат күрделі жасалды. Сөйтіп екеуіне де жаңа өмір сүруге қайта мүмкіндік берілді.  Мұхтарға күрделі отаны Шохан Қаниев жүргізсе, ал анасына білікті дәрігер Болат Баймаханов жасады.
Қиындық атаулы үнемі бар ауыртпалығымен жүреді. Төрт жыл денсаулығының күрт төмендеуі Гүлжахан апайды қажытқаны рас. Ота жасатпас бұрын баласының алдағы өмірін ойлап, аз-кем қарсылық танытқан. Мұндай қадамға бару үшін перзентінің батылдығы бойына күш-жігер сыйлады. Жалғыз Мұхтардың ғана емес, отбасының әрбір мүшесіне толассыз күйзеліс әкелді.Ширек ғасырдан астам отасқан жарының айықпас дертке шалдығуы отағасы Абай ағаның жанына қатты батқаны анық. Аудандағы бұл отбасыны былайғы жұртшылық жақсы таниды.    Шаңырақтың тіреуіне айналған Абай Ешпанов қарапайым еңбек адамы. Үйінің отымен кіріп, күлімен шыққан, перзенттерін осы күнге жеткізген Гүлжахан Баймаханова ауырғанға дейін Сырдария агротехникалық колледжінде аспазшы болып қызмет атқарған. Үлкен ұлы Мұрат «Қайсар» көгалдағы хоккей клубының мүшесі, бірнеше республикалық халықаралық турнирлердің жеңімпазы. Үш ұлдың ішінденгі жалғыз қызы Гүлбаршын аудандық спорт мектебінде волейболдан жаттықтырушы, ал кішісі Нұрислам үйінің ерке кенжесі. Бағанадан кейіпкерімізге айналған Мұхтар да спорттан құр алақан емес. Мектеп жасынан қазақ күресімен жаттығып, спорт шеберлігіне үміткер болды. Халықаралық, облыстық, аудандық деңгейдегі біріншіліктерден топ жарып, жақындарына қуаныш сыйлады. Мектеп қабырғасында жүріп, түрлі шараларға қатысып, белсенділік танытатын. Былтырғы жылы «Болашақ» университетінің көлікті пайдалану және жүк қозғалысы мен тасымалдауды ұйымдастыру мамандығын тәмамдады. Мұндағы айтпағымыз қуаныш пен қайғы бірге жүретіндігінде. Неге десеңіз диплом алған күні Мұхтар күрделі операцияға жол жүрген болатын. Жігерлі жас жігіт анасы үшін тағдырдың бар тәлкегіне төтеп берді. Орталықтың дәрігерлерінің айтуынша Мұхтардың денсаулығы 100 пайыздық көрсеткіште болған. Бұл оның жаман әдеттерден аулақ болғандығын айқындайды.
Гүлжахан апаймен дидарласу барысында бұрындары баласы жұмыс талғамайтындығын, барлық тапсырылған жұмысты тиянақты атқаратындығын тілге тиек етті. Ендігі жерде отаның әсерінен денсаулығы бұрынғы қалыпты жағдайына жетем дегенше бірнеше жыл ауыр жұмыс істеуге болмайтындығы анық.  Сондықтан да баласының қазіргі таңда үйде жатқанды намыс көріп, азды-көпті жұмыс жасап жүргендігін жеткізді. Өзіне денсаулығына икемді жұмыс көзі табылса деген тілегін де жасырмады.
Дертке шалдығу жалғыз моралдық тұрғыда шығын әкелмейді, материалдық тоқырауға да ұшыратады. Бірнеше жыл қиналған шақта Ешпановтар әулетіне ағайын-туыс, дос-жарандар, тілеулес әріптестер қол ұшын берген. Күйзеліске түскен шақта әрқайсысы жанынан табылған. Жақынның керектегі басына іс түскенде байқалады.   Осы сәтті пайдаланып Гүлжахан апай барлық демеулік еткен барша жанға алғысы шексіз екендігін айтты. Біздің қоғамда жақсылыққа жаны құштар жандар жетерлік. Тек өзіміз бағалауға құштар емеспіз. Жақсылық пен жамандық, қуаныш пен қайғы қатар келгенде рухы, жігері мықты жанның жеңіп шығары айқын. Демек, Мұхтар бауырымыз анасы үшін көзсіз ерлік жасады. Өзің құрбан етуге даяр тұрды. Қазіргі тілмен айтсақ Мұхтардай азаматтарды «Бүгінгі күннің батырлары» деп мақтан етуге әбден болады. Ол осындай құрметке лайық.

БАЛТАБАЙ ОРДАБЕКОВ

http://tirshilik-tynysy.kz/anasyna-bauyr-bergen/
 

Просмотров: 897 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]