Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



09:57
АНАЛАР МЕН БАЛАЛАР ЖАНАШЫРЫ

Денсаулық сақтау саласында бір мезетте екі бірдей адамның өмірін қауіп пен қатерден қорғап, ана мен бала денсаулығына жауапты болатын акушер-гинекологтарға қойылар талап жоғары. Адам жанына араша болып, қос бірдей тағдыр жауапкершілігін мойнына жүктеп, жұмысымен өрілген уақытын бақытына балайтын дәрігер Шолпан Есекееваның есімі көпке мәлім.

Арын ақ халатындай кірлет­пеген аяулы жан аудандық аурухананың перзентхана бөліміне жас маман болып қабылданып, бүгінде отыз бес жыл ғұмырын осы мекемеде өткізген, тәжірибесі толысқан бөлім меңгерушісі.

Көбіміз жүкті әйелдердің бойында жүктіліктен тыс сырқаттардың кездесетінін біле бермейміз. Оған аналардың ауруының алдын алмай, уақыт өткізіп алатынын қосыңыз. Осындайда ана мен бала өлімінің себептері, оларды болдырмаудың жолдарын жан-жақты қарастыруға ұсыныс жасап, кеңес беру, соңғы кесімді шешім қабылдау, кесір тілігімен босанатын келіншектер отасына қатысу тікелей міндетіне саналатын Шолпан Шарапатдинқызының шарапатымен бақытқа бөленгендер қатары көп. Жүзі жылы, жүрегі мейірімге толы ақ халатты жанның ісіне, әсіресе, аналар қауымы дән риза. Ұдайы білімін жетілдіріп тұратын дәрігер бөлімдегі өзге әріптестері мен орта буын қызметкерлерінен білгенін аямайды. Тәжірибесімен бөлісуді, үйретуді дағдыға айналдырған.

«Қоғамның басты байлығы саналатын адамды дүниеге әкелу – ең үлкен жауапкершілік. Бала өмірге сау келуі үшін алдымен ананың жайына алаңдаймыз. Жүкті әйел босанғанға дейін де, босану кезінде де шұғыл көмек қажет болған жағдайда әрқашан дайын болу – дәрігерлік антымыз бен мамандығымызға деген жауапкершілігіміз. Мұндайда нар тәуекелге бел буу аздық етеді, тез ойды жинақтау, дұрыс тұжырым жасау маңызды. Дәрігерлерде демалыс деген болмайды. Оның демалысы да, қуанышы да аман сау аналар мен бақытты балалар. Еліміздің қай қиырына барсақ та, «апайлап» алдымыздан шығып жататын қыз-келіншектердің ақ көңілінен шыққан алғысын көргенде өзіңнің бекер өмір сүріп жүрмегенді іштей топшылайсың», – дейді кейіпкеріміз .

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА

http://qazaly.kz/analar-men-balalar-zhanashyry/

Просмотров: 1397 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]