ХХІ ғасырда ең көп таралған аурулардың бірі – аллергия. Аллергияның адамдар арасында мол тарағаны соншалықты, тіпті кейбір кісілер түшкіріп, мұрны бітіп, жөтеліп, көзі жасаурағанда, өздеріне аллергия деп диагноз қойып, дәріханадан тиісті дәрілерді сатып алып, өз бетінше ем-дом жасайды. Аллергияның белгілері қатты ұлғайғанда ғана дәрігерге барып көрінеді.
Аллергияға тап болған науқастың көзі, мұрны және денесі дуылдап қышып, қызарады. Мұрнынан су ағып, көп түшкіреді. Аяқ асты жөтел пайда болып, терісі бөртеді. Мұны айналамыздағы аллергиялық аурудың зардабын шегіп жүрген адамдардан көріп жүрміз. Кей кездері науқастың тыныс алуы нашарлап, өкпесі тарылады немесе денесі ісініп, тамағы тітіркенеді, тіпті аллергиялық естен тану болуы да мүмкін. Ауруға түсінік берсек, поллиноз (латын тілінде pollen – өсімдік пен шөп тозаңы және osіs – ауру) — жоғары тыныс жолдары мен көздің шырышты қабығына өсімдік тозаңының түсуінен пайда болатын аллергиялық ауру. Аурудың маусымдық сипаты бар, әсіресе, желмен тозаңданатын өсімдіктер гүлдеп, ауада тозаң көбейіп, ағзаның сезімталдығы көтерілетін кезде байқалады. Поллиноз бір немесе бірнеше аллергендерде дамуы мүмкін. Аллергендер мұрынның шырышты қабығы, ас қорыту жолдары арқылы ағзаға түсіп, онда арнайы аллергиялық антиденелердің (негізінен иммундық глобулин Е, G) өндірілуіне әкеледі. Науқас өсімдік гүлдеген кезде тыныс жолдарына (дәке маска байлау) және көзіне (қорғаныш көзілдірік кию) тозаң түсірмеуге тырысуы керек және қыс айларында ауруды қоздыратын арнайы аллергенді анықтау қажет. Сол аллергеннің өте аз мөлшерін ағзаға енгізу арқылы адамның аллергенге көтерілген сезімталдығын азайтады.
Емдеу шараларының барлығы да медициналық мекемеде және аллергологтардың бақылауымен өтуі тиіс. Әйтпесе уақытша жеңілдік әкелетін күшті гормоналдық дәрілер әсерінен адам ағзасы одан сайын тозып, ақыры дәріге үйреніп кетеді.
Аллергиядан зардап шегетін адамға негізінен көкөністер мен цитрусты жемістерге шектеу қояды. Сонымен қатар шоколад, кофе, какао, қант және теңіз өнімдерінен де сырқаты қозып кететін адамдар болады. Аллергиядан зардап шегіп жүрген адамдар күнделікті тұтынатын тағамдардың тізімін жазып, өздеріне не жақпайтынын да аңғаруларына болады.
Шөптен және тағамнан ғана емес, жәндіктердің шаққандағы уына да аллергия болады. Ал егер өзіңізден өзгеше белгілерді аңғарсаңыз, мысалы, бетіңіз қызарып, теріңіз құрғап кетсе, мұрныңыздан су ағып, көзіңіз жасаураса дереу дәрігерге көрінгеніңіз абзал. Аллергияның алдын алу үшін өзіңізді бақылап жүрсеңіз болғаны.
Шолпан Әбенова
облыстық медицина орталығының
бас аллерголог
http://aqmeshit-zhastary.kz/daua/allergiyany-emi-bar/ |