Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



08:40
ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ КӨМЕГІ ЖАҚСАРМАҚ

Дүйсенбі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында Арал аудандық прокуратурасының ұйымдастыруымен «Тиімді жедел жәрдем» жобасы аясында семинар өтті. Аталмыш жобаның мақсаты-аудан тұрғындарына жедел және шұғыл медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ете отырып, адам өмірін сақтаудың тиімділігін арттыру.

Жиынды аудан әкімі М.Оразбаев ашып, семинарға келушілерге сөз берді.

Алғы сөзді алған аудан прокуроры Б.Тоқмырза:

-Бүгінгі күнге аталған жобада көзделген мақсатты міндеттер жүзеге асырылып, аудандық жедел медициналық көмек көрсету бөлімшесінің штаттық кестесі қайта қаралып, екі дәрігер жұмысқа қабылданды. Автокөліктерге «GPS» навигатор құрылғылары орнатылып, науқастардың шақыртуларын тіркейтін компьютермен жабдықталды. Арал қаласында көше атаулары мен тұрғын үйлердің нөмірлері белгіленген тақтайшаларға қаржы қаралып, орналастыру жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылдың маусым айына дейін орналастыруды аяқтау жоспарлануда. Бұл семинардың мақсаты сынау емес, жедел жәрдем көмегін оңтайландыруға септігімізді тигізу,-деді.

Одан соң, облыстық медициналық жедел жәрдем стансасының аудандар бойынша емдеу ісі жөніндегі орынбасары З.Тасирова:

-Қызылорда қалалық жедел жәрдем стансасы осы жобаны іске асыруға дайындық жүргізіп, қала мен ауыл халқына жедел медициналық көмек көрсету деңгейінде үлкен алшақтық орын алғанын және тез арада шешімін табуды талап ететін мәселелерді анықтады. Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқарма басшысының 2016 жылғы 7 қарашадағы «Қызылорда облысында жедел медициналық көмегін оңтайландыру бойынша пилоттық жобаны ендіру туралы» бұйрығына сай аудандық жедел жәрдем, бөлімдері мен қалалық жедел жәрдем стансасы біріктіріліп, жедел жәрдем қызметін вертикальды басқару жүйесі жүзеге асырыла бастады. Осы жобаны жүзеге асыруда Арал аудандық және Сексеуіл кентіндегі жедел жәрдем бөлімдерінің материалдық-техникалық жабдықталуы мен кадрлар құрамы тексерілді. Атап айтар болсақ, Арал аудандық жедел жәрдем бөлімі 1989 жылы салынған стандартқа сай емес жеке ғимаратта орналасқан, 2007 жылы күрделі жөндеу өткізілуіне қарамастан, қазіргі таңда өте ауқымды жөндеуді қажет етеді. еденнің тақтайлары шіріген, кәріз жүйесі құрылмаған, ыстық су қосылмағандығын, аудандық ауруханадан ескі қол жуғыштың берілгеніне өз таңданысын білдірді.

Ал, Сексеуіл жедел жәрдем қызметкерлері отырған ғимарат жайында сөз қозғаған басшы кабинеттің ауданы өте тар және ақ халаттылар 2 бөлмеде отыр. Тіпті, кент емханасының зертханасын жедел жәрдеммен бір дәлізде орналастырып қойғанына жол болсын. Осындай адам төзгісіз жағдайда отырған медициналық қызметкерлерден сапалы жұмысты қалай талап етуге болады-деді. Сондай-ақ, санитарлық автокөлік, медициналық құралдар жабдықтар, медициналық кадрлардың білімін жетілдіру жайында айтып, жедел жәрдем шақырыс топтарының жұмыс барысында алатын келеңсіздіктер туралы өз ойын ортаға салды.

Семинар барысында қала көшелері мен тұрғын үй нөмірлері өзгерген жағдайда, жедел медициналық көмек көрсету бөлімшесіне шұғыл ақпарат беру үшін қала әкімдігінің аппаратының қызметкері бекітілді.

Семинар соңында аудан басшысы жобада айқындалған іс-шараларды орындау мақсатында уәкілетті және жергілікті органдар мен мекеме басшыларына тиісті тапсырмалар берді.

Шараға аудандық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары А.Кірбасов, Арал қаласы, кент әкімдері, аудандық әкімдіктің бөлім басшылары, ауданның көше комитеттерінің төрағалары және бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.

Света ҮСЕНҚҰЛОВА

Сурет Қазақстан-ZAMAN сайтынан алынды

http://tolqyn.kz/zhedel-zh-rdem-k-megi-zha-sarma/

Просмотров: 1355 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]