Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



11:43
ЖАЯУ ЖҮРЕСІҢ БЕ?


 «ГИМНАСТИКА, ДЕНЕ ЖАТТЫҒУЛАРЫ, ЖҮРІС, ЖҰМЫС ІСТЕУ ҚАБІЛЕТІН, ДЕНСАУЛЫҒЫН, ТОЛЫҚҚАНДЫ ӘРІ БАҚЫТТЫ ӨМІРІН САҚТАҒЫСЫ КЕЛГЕН ӘРБІР ЖАННЫҢ КҮНДЕЛІКТІ ТЫНЫС-ТІРШІЛІГІНЕ АЙНАЛУҒА ТИІС» ДЕГЕН ЕКЕН МЕДИЦИНА ІЛІМІНІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫЛАРДЫҢ БІРЕГЕЙІ ГИППОКРАТ. АЛАЙДА КҮНДЕЛІКТІ КҮЙБЕҢ ТІРШІЛІКТІҢ ЖЕТЕГІНЕ БАЙЛАНЫП, ДАНАГӨЙЛЕР АЙТҚАН ОСЫНДАЙ АҚЫЛДЫҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫНА ТЕРЕҢ МӘН БЕРЕ БЕРМЕЙМІЗ.
БӘРІМІЗ БОЛМАСАҚ ТА КЕЙБІРІМІЗДІҢ ДЕНЕ ҚОЗҒАЛЫСЫ МЕН ЖАЯУ ЖҮРУГЕ ҚҰЛҚЫМЫЗДЫҢ ТӨМЕН ЕКЕНДІГІ ЖАСЫРЫН ЕМЕС.
Бүгінгі тілге тиек етіліп отырған әңгімеміздің тұздығын келтіріп, мағынасын арттыра түсетін салмақты да салиқалы пікірді бір жолы Бекарыстан би ауылының тұрғыны, еңбек және соғыс ардагері Қабақ Смағұлов ақсақалдың аузынан естігеніміз бар. Тоқсанның төбесінен асқан қария дас¬тархан басына жиналғандар алдында күлімсіреген күйі:
– Құдайым ұзағынан сүйсіндірсін. Шүкір, қазіргі ұрпақтарымыз «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманда өмір сүріп келеді. Өйткені, асты газ ошағымен пісіріп, шайды электр қуатымен қайнатады. Ауыз су көше бойына, кейбір ауылдар мен қалалық жерде үй ішіне желі арқылы келіп тұр.
Осының арқасында бүгінгі адам¬дардың жұмысы жеңілдеп, жүріп-тұруы азая түскен. Сонан шығар кейбір жастар бойларына мөлшерден тыс артық салмақ қосып, семіре бас¬тайды. Мұның ақыры түрлі ауруға душар етеді.
Біздің балалық шағымыз қиын-қыстау уақытпен тұспа-тұс өтті. Бұғанамыз қатпай жатып, ауыр еңбекпен шынығып өстік. Осы ауылдан қазіргі аудан орталығына дейін жаяу барған күндеріміз аз болмады. Мұның зиянынан пайдасы көп екен. Денсаулығымыз нығайып, төзімділік пен шыдамдылыққа үйрендік.
Жастық шақтан қалыптасқан дағдым бойынша әлі күнге көлікке мінгеннен гөрі жаяу жүргенді ұнатамын. Үй-ішінде қолдан келге¬нінше қарап отырғым келмейді. Әліме қарай балаларыма қолғабыс еткенді көңілім қалайды. Жалпы, әрбір адам күніне екі шақырымнан астам қимыл қозғалысын жасап жүргені дұрыс. Сонда оның денсаулығы жақсарып, көңіл хошы көтеріңкі күй құшағына бөленеді, – деп айтарын түйіндеді.
Көкейге қонымды, зерделі сөз¬дерді құлағы шалғандардың бәрі де ешқандай уәж айтпай, үнсіз қолдаған сыңай танытты. Көпті көрген көнекөз қарияның орамды ойларын бізде толық мақұлдаймыз. Себебі, бүгінгі таңда әлем елдерінің ғалымдары жан-жақты зерттеу жүргізіп, таза ауада серуендеу мен жаяу жүрудің өте тиімді екеніне көз жеткізуде. Олай болса, солардың айтқан төмендегі ақыл-кеңестерін көкейіңізге тоқып, жүзеге асырсаңыз, Сіздің де денсау¬лығыңызды күтуіңізге біршама көмегі тиері шүбәсіз.
 
Жаяу жүрудің жүрек, қан тамырлары жұмысына пайдасы
Жаяу жүру – жүрек, қан тамырлары жұмысының қалыпқа түсуіне өте пайдалы. Жаяу жүрудің өкпеге пайдасы мол әрі тыныс алу жолдары кеңейеді. Ең бастысы, таза ауамен демаласыз. Таза ауадан кейін тамаққа тәбетіңіз артады. Және керісінше тамақты көп ішіп қойсаңыз, жаяу жүру тамақтың сіңірілуі мен артық салмақ қоспауға, артық салмақтан арылуға көмектеседі.
Жалпы, түрлі массаж кабинеттері мен тренажер залдарына барғаннан гөрі жаяу жүру әлдеқайда пайдалы көрінеді. Ал көпқабатты үйде тұратындар үшін баспалдақпен көтеріліп-түсудің өзі – жаттығу дейді мамандар.
Жаяу жүрудің ағзаға қаншалықты пайдалы екеніне тоқталайық:
1. Салмағыңызды бір қалыпта ұстауға көмектеседі Аустралиялық ғалымдар 2013 жылы зерттеу жұмысын жүргізді. Олар 822 адамның салмағын өлшеп, әр қатысушының 4 жылдың ішінде 1 килограмм 400 грамм қосқанын анықтады. Жұмысқа көлікпен барғандардан, жаяу барған адамдардың салмағы 900 граммға кем екені мәлім болды.
2. Қаныңыздағы қант мөлшерін жаяу жүрудің арқасында реттеуге болады. Diabetes Care журналында жарияланған ғалымдардың зерт¬теуі бойынша, тамақтан кейінгі 15 минуттық серуен қандағы қант мөл¬шерін реттеуге көмектеседі.
3. Көңіл-күйіңізді көтереді амери¬ка¬лық психолог Роберт Тайер «10 минут жаяу жүрсеңіз, 2 сағат көңіл-күйіңіз көтеріңкі жүреді», – дейді.
4. Есте сақтау қабілетіңізді арттырады. Аптасына 3 рет 40 минуттан жаяу жүретін жандардың есте сақтау қабілеті 2 пайызға жақсарады.
5. Жаяу жүру жүрек ауруларының алдын алады. Күніне кем дегенде 15 минут жаяу жүрген адам жүрек ауруларының алдын алады.
6. Қатерлі ісіктің кейбір түрінен сақтайды. Жаяу жүру зат алмасу процесін жақсартып, иммунитетіңізді көтереді. Америкалық онкологиялық орталық күніне 1 сағат жаяу жүрген әйелдердің сүт безі қатерлі ісігіне қарсы күресуге қауқары бар екенін айтады.
7. Адам терісінің жақсаруына әсері мол. Өйткені, таза ауада адам терісі оттегімен толығып, токсиндерден тазарады. Сондай-ақ адамды стресстен арылтады, жүйке жүйесін тыныштандырады.
8. Бәрінен де кешкі астан кейін таза ауада серуендеу пайдалы, ол түнгі ұйқыңыздың тыныш, жайлы болуына әсер етеді.
9. Жаяу жүру үшін тек ыңғайлы аяқ киім мен ынта болсын. Жаяу жүру арқылы арықтағыңыз келсе, ең алдымен, оның қағидаларын білгеніңіз жөн. Жаттығу барысында жылдамдығыңызды ауыстырып тұрыңыз. Егер 2 минут жәй жүрсеңіз, 2 минут тезірек жүруге тырысыңыз. Жаяу жүрудің пайдасын бәрімен бөлісіңіз.
 
Күніне қанша шақырым жол жүру керек?
Адам күніне кем дегенде 3 шақырым жаяу жүруі керек.
Егер көлігіңіз болса, аптасына бірнеше күн жұмысқа қоғамдық көлікпен не жаяу барыңыз. Жаяу жүру салмағыңызды бірқалыпты ұстауға да көмектеседі. Ол үшін жұмысыңызға барар жолда және қайтар жолда бір аялдама бұрын түсіп қалып, жаяу жүріңіз.
Тым құрығанда күніне 15-20 мину¬тыңызды серуендеуге арнаңыз. Себебі, жаяу жүру – қан айналымыңызды реттейді. Күніне 1 шақырым жаяу жүру – 10 минут жүзуге, 16 минут аэробикамен айналысуға, 12 минут футбол ойнауға жұмсаған қуатпен тең.
Назарларыңызға ұсынылған тақы¬рыпқа қалам тартар алдында бірнеше азаматтармен жолығып, жазылатын жайтқа байланысты ой-пікірлерін тыңдадық. Сонда ҚР мәдениет қайрат¬кері, күйші-сазгер Орақ Баубеков:
– Мен жаяу жүргенді ұнататын жандардың бірімін. Асығыс шаруам болмаса автокөлікке отыра бермеймін. Әрдайым алды-артыма қарамай тарта жөнелемін. Осының арқасында денсаулығым жаман емес.
Бірде әріптестеріммен бірге Алматы қаласына іссапарға бардық. Өзімізге керекті автобусты күтіп, біраз іркіліп қалдық. Шыдамым таусылған мен екі аялдамадай жердегі барар мекемемізге жаяу кеттім. Жанымдағылар «Көлік тұрғанда мұның не десті?».
Дұрыс жасаған екенмін. Сөйтіп межелі жерге көше бойындағы кептелістің кесірінен жүрісі манды¬маған автобустан бұрын жетіп, «чемпион» атандым, – деп күлдірді.
Дана халқымызда «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген нақыл бар. Шындығында, кімде-кім денсаулығын күтіп, барлық жағдайын жасағаннан ұтпаса ұтылмайтыны дәлелденген ұғым. Бұған әсіресе күн шығыс елі атанған – Жапония халқының көпшілігі ерекше көңіл бөліп, дене қозғалысы мәдениетін өз өмірлерінің саналы да ажырамас бөлшегіне айналдырған. Олар аяқтарына шақырымды көрсететін өлшегіш құрал байлап алатын көрінеді. Егер күн сайынғы белгіленген қашықтықты жүріп өтпесе түрлі жаттығулар арқылы толықтыру олар үшін бұлжымас заңдылық ретінде қалыптасқан.
«Жақсыдан үйрен…» дегендей басқалардың пайдасы мол озық үрдістерін тұрмыстық тіршілігімізге ендіргеніміз артық етпес. Не десек те жаяу жүрудің денсаулыққа дауа екендігін жадымыздан шығарып алмағанымыз мақұл.

Сахи ҚАПАР.
http://qazaly.kz/zhayau-zh-resi-be/

Просмотров: 925 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]