Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



12:09
ЖҰМЫСТЫ ЖҮЙЕЛЕУГЕ ЖОЛ АШЫЛАДЫ

 

Биылғы жылдың шілде айынан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Медициналық сақтандыру дегеніміз – халықтың денсаулығын қорғау жүйесі болып табылады. Осы арқылы болашақта сапалы медициналық көмектің қолжетімділігі артып, халық мұқтаждығына жауап бере алатындай денсаулық сақтау жүйесі қалыптасып, денсаулықты жақсарту, өмір сүру ұзақтығын ұлғайту секілді мәселелердің түйіні ағытылатын болады деп жоспарлануда. Бұл туралы басылым беттерінде түрлі сала мамандарының пікірлері де жарияланып жүр. Бүгін назарларыңызға аудандық медицина саласында талай жыл абыройлы еңбек еткен, дәрігер ардагер – Болат Күлімбетовпен болған сұқбатымызды ұсынуды жөн көрдік.
 

– Қалай ойлайсыз, міндетті әлеуметтік сақтандыру қарапайым халық үшін қаншалықты тиімді?
 

– Бірінші қарапайым халық деп кімдерді айтамыз? Осыны анықтап алуымыз қажет. Қызметкерлердің жөні бөлек, бұл жердегі әңгіме жұмыссыздар жайлы. Өйткені, жұмыс жасайтын адамдарға жұмыс беруші медициналық сақтандыру үшін белгілі бір мөлшерде қаржы аударып отыратындықтан олар үшін тиімді. Ал, енді жұмыссыздардың жұмыспен қамту орталығына тіркелгені қанша, тіркелмегені қанша? Мәселе осыдан шығады. Тіркелмегендер үшін қиындықтар тууы мүмкін. Сондықтан, шілде айына дейін барлық жұмыссыз азаматтарды тіркеуге алып үлгеру керек. Негізінде, міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесі халық үшін пайдалы болмақ. Себебі, әр адам қай жерге барып ем қабылдайтынын өзі шешеді. Ал, емханалардың қаржысы оған баратын ем қабылдаушылардың санына қарай шешіледі. Сол кезде сапа да артатын болады.
 

– Оған ауданы­мыз­дағы медицина саласы жаңа жүйеге қаншалықты дайын деп ойлайсыз?
 

– Жаңадан қабылданған кез келген өзгеріс бір жүйеге түскенше қиындық тудыратыны қалыпты жағдай. Алайда, пайдалы жаңашыл бастама уақыт өте келе өз нәтижесін береді. Аудан көлемінде медициналық көмек көрсетуге мүмкіншілік бар. Бірақ, мамандар жетіспейді.
 

– Маман жетіспегені қалай? Мұны жұмыс жасап жүрген қаншама дәрігерлер­дің сапасыздығы деп түсеніміз бе?
 

– Әңгіме осында. Аудан тұрғындары дәрігерлердің жұмысына қанағаттана бермейді. Неге? Себебі, қазір дәрігерлер «робот» секілді. Оның емделушімен отырып сөйлесуге уақыты жоқ. Себебі, дәрігер бір науқасты қарағанда амбулаторлық картаны толтыру, оны компьютерге түсіру, дәрі-дәрмектерді одан шығару секілді бітпейтін қағаздарды толтырады. Ереже бойынша, дәрігер бір сағатта 5 науқасты қарауы қажет. Сондықтан, дәрігердің қағазбастылықтан, науқасты мұқият тыңдап, онымен әңгімелесіп отыруға уақыты жоқ. Кеңестік кезеңде бізге «алдыңа келген науқас 50 пайыз ауруынан жеңілдеп қайтпаса, дәрігер емессің» деп тәрбиелейтін. Қазір керісінше, дәрігерлер бірінші қағаз толтыру керек. Ал, өзімен әңгімелеспеген науқастың дәрігерге көңілі толуы мүмкін емес.
 

– Қазіргі жас дәрігерлерге көңіліңіз толады ма?
 

– Барлығы бірдей емес. Мықты жас дәрігерлер бар, дегенмен, қарап тұрып қарның ашатындары да кездеседі. Бұл олардың білім алған оқу орындарына да байланыс­ты. Көбінесе Қарағандыдағы, Ақтөбедегі, Алматыдағы медициналық оқу орындары сапалы, білікті дәрігерлер дайындайды.
 

– Қоғамда дәрігерлер дөрекі, әр көрсеткен қызметі үшін белгілі бір «ставка» қойып қойған деген пікір бар. Бұған қалай қарайсыз?
 

– Дөрекі кім болады? Егер дәрігердің сауаты төмен болса, ол өзінен-өзі дөрекі болуға ұмтылады. Өйткені, дәрігер алдында отырған емделушіні мазалаған барлық сұрақтарына жауап беруі керек. Ол білікті маманның ғана қолынан келеді. Ал, дөрекі дәрігер өзінің сауатсыздығын жасыру үшін дөрекі болады. Мен осылай түсінемін. Ал, ақша алу бәсекелестік болмаса ешқашан тоқтамайды. Қашан жеке емханалар көптеп ашылады, сол кезде ғана жойылатын болады.
 

– Халыққа сапалы қызмет көрсететін емхана ашу ойыңызда бар ма?
 

– Иә, клиника ашуды жоспарлап қойғанмын. Мен ғана емес, басқа дәрігерлер де өз емханаларын ашатын болады. Бұл қолданысқа енгелі жатқан жаңа жүйенің ықпалы дер едім. Себебі, ертең қолында медициналық сақтандыру құжаты бар әр адам таңдап жүріп, ең сапалы деген емхана қызметіне жүгінеді. Өйткені, ол сол үшін ай сайын ақша төлейді ғой. Сол кезде емделушілер облыс орталығына қарай сабылмай, жергілікті жердің медициналық қызметіне жүгінуі қажет. Ал, қазір ауданымызда тіс емханаларынан өзге бәсекеге қабілетті медициналық орталық жоқ. Сондықтан, қолынан келген адам халықтың көңілінен шығатын емхана ашсын. Сонда ғана бәсеке болады, нәтижесінде, аудан медицинасының сапасы артады. Сол үшін де мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды қолдаймын. Жалпы, өзін сыйлайтын білікті дәрігердің жеке емханасы болуы керек деп есептеймін. Бір сөзбен айтқанда, жаңа заң медицина саласындағы жұмысты жүйелеуге жол ашады.
 

– Ол жерде қандай қызмет түрлерін ұсынатын болады?
 

– Бастапқыда ине шаншу бөлмесі, инемен емдеу, өт жуу, массаж болады. Кейіннен сүлікпен емдейтін боламын.
 

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Cурет Ассоциация налогоплательщиков Казахстана сайтынан алынды
 

Сұқбаттасқан Гүлхан ЯХИЯЕВА

«Өскен өңір» газеті

Просмотров: 842 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]