Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



14:29
ТІС КҮТІМІНЕ МӘН БЕРІҢІЗ


Ауыз қуысы гигиенасының дұрыс сақталуы адам денсаулығы үшін өте маңызды. Ғалымдардың зерттеуіне сенсек, ауыз қуысындағы микробтар ағзадағы 60-тан астам аурудың пайда болуына ықпал етеді. Олардың ішінде  жүрек-тамыр аурулары, ревматизм, асқазан, бүйрек, тері аурулары және жүйке дерттері бар.  Сонымен қоса тісті таза ұстамау ауыздағы жағымсыз иістің шығуына, тісжегінің пайда болуына және қызыл иектің әлсіреуіне алып келеді. Ауыз қуысындағы бактериялар көбейіп, созылмалы инфекциялық ауруға жалғасады. Осындай дерттердің алдын-алу үшін тіс гигиенасының ережелерін сақтаңыз. Тісті күніне екі мезгіл – таңертең және ұйықтар алдында тазалау керек. Ауыз қуысын тіс щеткасымен 2-3 минут, төмен және жоғары бағытқа қозғалтып жуу керек. Қызыл иекке де ерекше көңіл бөлген жөн. Ол үшін арнайы шайқауыштарды (ополоскиватель) қолданған абзал. Тіс щеткасын да өзіңіздің тісіңізге байланысты таңдаңыз және әр 3 айда ауыстырып отырыңыз. Тіс пастасының құрамына назар аударыңыз. Себебі тіс пасталары гигиеналық, аурулардың алдын алатын, емдік, ағартатын болып төртке бөлінеді және соған қарай құрамы да өзгереді. Балалар пастасының құрамындағы фтордың мөлшері – 500-800 ррм, ересектердің пастасында – 1000-1500 ррм болуы тиіс.
Тісті сау күйінде сақтау үшін мына кеңестерге назар аударыңыз:
•    бөтелкенің қақпағын тіспен ашу және қатты затты бөлу тіске зақым келтіреді.
•    тәтті сусынды, кофені және ішімдікті мөлшерден тыс қолдану – тісжегінің пайда болуына ықпал етеді.
•    ыстық тағам мен суық асты бір мезгілде жеуге болмайды. Ол тіс эмалінде микросызаттардың көбеюіне әкеледі.
•    тіс иегі қатты болу үшін сүт өнімдерін жиі пайдаланған дұрыс. Себебі сүт өнімдерінде тіске қажетті минералдар көп. Сондай-ақ, құрамында кальций мен фторы көп тағамдарды жиі жеген абзал. Мәселен, дәнді ботқалар, балық, банан, шалғам т.б.
•    гепатит, сифилис, СПИД сынды жұқпалы аурулардың алдын-алу мақсатында бірнеше адамның бір щеткамен қолдануына болмайды.
•    шылым шегуден бас тартқан жөн. Себебі шылымның құрамындағы зиянды бөліктер тістің түсін сарғайтып жібереді және ауыз қуысындағы қан тамырларын тарылтып, қан айналымын нашарлатады. Сонымен қоса темекінің құрамындағы зиянды токсиндер ауыз қуысындағы бактерияларды көбейтіп, адамды созылмалы инфекциялық дерттерге шалдықтырады.
Сондай-ақ ауыз қуысындағы дерттерді, тіс ауруларын алдын-алу үшін жылына 2 рет тіс дәрігеріне қаралып, кәсіби тазалатып тұру қажет.

АЗАМАТ ПАЗЫЛОВ,

Облыстық тіс емханасының

стомотолог-дәрігері

http://aqmeshit-zhastary.kz/daua/tis-k-timine-m-n-beri-iz/

Просмотров: 632 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]