Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



10:33
ТЕРІ АУРУЛАРЫН ТАП БАСАТЫН ҚҰРЫЛҒЫ

Биыл – облыстық тері-венерологиялық диспансерінің құрылғанына 90 жыл. Айтулы дата аясында санаулы күндерден кейін республикалық деңгейде конференция ұйымдастырылып, сала мамандары бас қоспақ. Сонымен қатар, мереке қарсаңында сала әлеуетін арттыруды мақсат еткен басшылық техникалық базасын қайта жаңартты. Бұл жолы тері ауруларының түр-түрін жеңіл анықтайтын алманиялық «Дерматоскоп» қондырғысы алынып, бүгінде жергілікті дәрігерлер өз тәжірибесінде қолдануды бастады.

Қондырғының негізгі қызметі тері науқастарын бір-бірінен ажыратуға, терінің қай қабатына дейін зақымданғанын анықтауға мүмкіндік береді. Сол қондыр­ғыны жергілікті венеролог-дерматолог дәрігерлерге үйрету үшін Германияның «KOLN DUSSEL­DORF» университетінің жанынан ашылған «Hospital Akademic» мекеме­сінің директоры Василий Савко арнайы келді. Тәжірибелі дәрігер, профессор В.Савко біздің қалада жұмыс сапары барысында 12 күн болады. Бір жағынан қондырғыны түсіндіру жұмыстарымен айналысса, екінші жағынан науқастарға кеңес беруді де көздеп отыр. Атап айтсақ, дерті күрделі, анықтауға келмейтін, асқынып кеткен науқастар профессордан кеңес алып, ем-дом шаралары жүргізіл­мек, - дейді облыстық тері-венерологиялық диспансерінің бас дәрі­гері Қайрат Тәңірбергенұлы.

Қазан айының  3-6-сы аралығында профессор Василий Савконың қатысуымен облыстағы дер­матолог-венеролог мамандар жина­лып, семинар тренинг өткі­зілді. Отызға тарта дәрігер шетел­дік ғалымнан дәріс тыңдап, тәжі­рибесін толықтырды. Профессор тек құрылғыны меңгертумен шектел­мей, өңірлік дәрігерлермен өзінің ұзақ жылдар саладағы тәжірибесімен бөлісіп, пайдалы кеңестерімен қуантуды көздейді. Тіпті, алыстан ат арытып жеткен маманның келгені хабарланғаннан кейін, кеңес алам деуші науқастар көбейген. Күнделікті қолынан келгенше 25-30 түрлі деңгейдегі науқастарды  қарап, емдеу процестерін  жүргізуде.

Құрылғыны өндіруші ел – Германия. Құны 3,6 млн теңгені құрайды. Осыдан 30 жыл бұрын неміс медицинасы аталған құрылғыны өз тәжірибесіне енгізді. Бұл қондырғы кесел терінің қай қабатында тұрғанын дәл анықтайды. Көзге көрінбейтін тері қабатындағы майда дақтарды үлкейтіп, неден болғанын, қалай емдеу керек, терінің қай қабатының зақымданғанын да айна қатесіз экран бетіне шығарады. Демек, клиникалық белгісіне қарап, қай деңгейдегі дерт екенін анықтауға мүмкіндік туады. Негізі адам физиологиясында жара түбінен жоғары қарай емделу керек. Қазір мүмкіндіктің аздығынан, тек жараның көзге көрінген бөлігі ғана емделеді. Ал ол өз кезегінде жараның қайта шығуына немесе процестің қайталануына әкеп соғады. Сондықтан алынған аппараттың пайдасы зор. Қазір ауруханадағы 7 дәрігер арнайы үйрету курсынан өтуде. Ал аудандарда бұл құрылғы болма­ғандықтан, дәрігер мамандарды үйреткенімен, тәжірибесінде пайдалана алмайды. Сондықтан алда­ғы  уақытта құрылғыны алып, аудандарды аралап, арнайы тәжі­рибе жұмыстарын жүргізбек ниетте. Бүгінгі таңда тері-венерология­лық диспансерде 95 қызметкер жұмыс істейді. Аурухана тәуліктік 60 төсек және күндізгі 10 төсекпен қамтылған. Қазір диспансерде псориаз, инфекциялық дермотид, қотыр секілді түрлі кеселмен келіп түскен 55 науқас бар. Күндізгі ем алушылар да аз емес. Бұл дегеніңіз, облыс орталығында тері ауруларымен ауыратын науқастар саны мөлшерден тыс болмағанымен, баршылық екенін көрсетеді. Сондықтан аталған дерттердің алдын алу  үшін  шетелдік  құрылғылардың көмегі ауадай қажет. Ал құрыл­ғыны  өз тәжирибесінде ұзақ жылдар бойы пайдаланған профессор В.Савко тері кеселдерін дерматоскоптың көмегімен тез анықтауға болады дейді.

– Мен Германиядан «SES Senior Expert Service» компаниясы арқылы арнайы шақыртумен кел­дім. Мұнда құрылғының негізгі құрылымын, пайдалану жолдарын осындағы дерматолог дәрігерлерге  үйретуді бастадым. Алдымен кез келген маман бұл аппаратты не үшін қолданып жатқанын білуі керек,­ құрылғы адам денесінің магнит­тік өзгерісіне қарай қолданылады. Аппараттың көмегімен кез келген жараны үлкейтіп көрсетуге мүмкіндік туады. Мен 25 жыл «Hospital Akademic» мекемесінде басшылық қызметте болдым. Тері ауруларын, емдеу жолдарын зерттедім, қазір осы бағытта жұмыс істеп келемін. Сондықтан аппараттың тері ауруларын анықтауда үлкен маңызға ие екенін айта кетей­ін. Менің Германиядағы негізі қызметім –венеролог, аллерголог және дерматолог. Жақын арада еліме қайтамын, алдымен Астанаға ұшып, сол жақтан Франк­фуртке  жол тартамын. Маған мұнда барлығы ұнайды, күні кеше Арал теңізіне барып келдім. Қызықты саяхат болды. Жалпы, Қызылорда – өте жайлы қала, - деді  профессор  Василий  Савко.

Жалпы, кез келген адам бес күндік ғұмырында бір рет бол­сын тері ауруларымен ауырады. Демек, қыстың қамын жаз ойлап, осы кезден­ бес қаруымызды сайлап алғаны­мыз  абзал.

Құралай   ВЛАДИМИРҚЫЗЫ

http://www.halyk-gazeti.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=8035:2017-10-12-04-20-30&catid=5:2011-11-18-09-02-24&Itemid=5

Просмотров: 815 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]