Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



12:13
ТЕГІН ДӘРІ-ДӘРМЕК КІМГЕ ТИЕСІЛІ?

 Басымыз ауырып, буындарымыз сыздап, сырқаттанып қалған жағдайда бірінші кезекте емхананың ақ халатты абзал жандарының көмегіне жүгінетініміз бар. Сонымен қатар, дәрігерге тексеріліп, дәрілік рецепт тағайындаған уақытта дәрі-дәрмектерді тегін алуға ұмтылатынымыз да бар. Несін жасырайық, қазір дәрінің бағалары тым  қымбат. Деректерге сүйенсек, өткен жылдың соңында еліміздегі дәрі-дәрмек бағасы 50-70 пайызға дейін қымбаттаған. Ведомство өкілдері жыл басында 3 мыңнан астам дәрі-дәрмек пен емдік заттардың бағасына мониторинг жүргізген. Соның ішінде 2842 дәрінің бағасы қымбаттағаны белгілі болыпты.
Баршамызға мәлім, 2010 жылғы 29 қарашада Мемлекет басшысы ұсынған «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында халық үшін дәрілік заттардың қолжетімділігі мен сапасын арттыру мақсаты тұр. Тұрғындарды дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етудің қолжетімділігі «Тегін медициналық көмектің кепілді көлемі» шеңберінде, стационарлық деңгейде (емхананың күндізгі емдеу бөлімі арқылы) медициналық ұйымдарына бөлінген дәрі-дәрмектер формулярына сәйкес жүзеге асырылады. Амбулаторлық деңгейде дәрі-дәрмектер мен арнайы медициналық құралдардың тізімі негізінде тегін, жеңілдікті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету амбулаторлық-емханалық ұйымдарға тұрғындардың тұрғылықты жері бойынша тіркелген жағдайда және дәрігердің рецептісі арқылы жүзеге асырылып, дәрі-дәрмектер тегін босатылады.
Қазір көп жағдайда халықтың аузында «осы үкіметтен берілетін тегін дәрі-дәрмек қайда кетіп жатыр? Есепте тіркелген науқас болсақ та, тегін дәрі ала алмаймыз. Қашан барсаң да «дәрі таусылып тұр, – деп шығарып салады. Жыл басындағы әңгімелерін жыл соңында қайталап, сан түрлі сылтаулары таусылмайды олардың деп жатады. Тіпті жедел жәрдем станциясында қарапайым дене қызуын түсіретін дәрі-дәрмектің жоқ болып жататынын кімнен жасырамыз? Дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті. Тұрғындар тарапынан осындай әңгімелердің тарауына не себеп? Шынында, осы тегін дәрі-дәрмек кімдерге тиесілі? Бюджеттен қанша қаражат бөлінсе де, кейбір науқастар өздеріне қажетті тегін дәрілерді ала алмай әлек. Әдетте, жыл соңына қарай қажетті препараттар бәріне жетпей қалып жатады. Осыған орай ауданымызда тегін медициналық көмек қалай жүзеге асып жатыр, мұндай көмек қандай науқастарға тиесілі, тегін медициналық көмек турасында халыққа қандай ақпарат берілуде деген сауалдар бойынша аудандық емхананың бас дәрігеріне хабарласқан едік.
Бас дәрігер Я.Шорабаевтың берген мәліметіне сәйкес бүгінгі таңда мемлекет тарапынан аудан халқы оның ішінде диспансерлік есепте тұратын науқастар тегін берілетін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілуде. Аудан бойынша барлығы 15764, оның ішінде 3869 балалар диспансерлік есепте тұрады. Дәрі-дәрмекке сұраныс беру әрбір аймақ дәрігерімен ғана беріледі. Есепте тұратын науқастардың барлық деректері толтырылып, жылдың аяғында келесі жылға беріледі. Тегін дәріге тендер облыстық денсаулық сақтау басқармасымен жүргізіледі. Жылдың басы мен аяғында дәрі-дәрмекпен науқастарды толық қамтамасыз етуде қиындықтар туындайды. Айта кететін бір мәселе, диспансерлік есепке жаңадан алынған науқастар жайында бұл санаттағы науқастар тегін дәрі алатын науқастар есебінде болғандықтан, бірақ, ол науқастарға сұраныс берілмегендіктен дәрі мөлшері жеткіліксіз болып қалады. Диспансерлік науқастардың санына байланысты біз тегін дәрі-дәрмекке сұраныс жасаймыз. Ондай ауруларды анықтаудың бір тәсілі ол – скрининг. Халықтың жыл сайынғы скринингтен өтуі арқылы аурулардың алдын алу шаралары жүргізіледі. Кей кездері скринингтен өтуге келген кісінің денсаулығы сыр бермесе де, кейбір аурулар анықталып жатады. Содан соң ол науқас диспансерлік есепке алынады. Диспансерге алынған науқасқа міндетті түрде тегін дәрі-дәрмек берілу керек. Сондықтан, жыл соңына қарай тегін дәрі таусылып, тапшы болады. Осы орайда халық тарапынан сәл түсініспеушілік туындайтын мәселе ол тегін берілетін сүт қоспасы жайында. Сүт қоспасы тегін берілетін айғақтар екі санатқа бөлінеді, ол абсалюттік және салыстырмалы көрсеткіштер арқылы босатылады. Абсалюттік көрсеткіштерге бала асырап алу, анасы АҚТҚ \ВИЧ инфицированный\ болған жағдайда. Туберкулезбен ауыратын ана және баланың генетикалық
ауруы болуы. Салыстырмалы көрсеткіштері: егіз балалар, анасы күндізгі бөлімде оқитын студенттердің балаларына, анасы денсаулығына байланысты ауруханада жатқан жағдайда, анасы онкологиялық аурумен және психикалық аурумен ауыратындарға, анасының ауыр жүрек, бүйрек, эндокриндық, іріңді-септикалық жағдайы болғанда тегін босатылады.
ҚР ДСМ-нің 04.11.2011 ж. №786 «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде амбулаториялық деңгейде белгілі бір аурулары (жай-күйі) бар халықты тегін қамтамасыз ету үшін дәрілік заттардың және медициналық мақсаттағы бұйымдардың және мамандандырылған емдік өнімдердің тізбесін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес диспансерлік есепте тұратын барлығы — 50 ауру түрі тегін дәрілік заттармен қамтамасыз етіледі. Оның ішінде жергілікті бюджеттен — 37 ауру түрі, республикалық бюджеттен 13 ауру түрі бар.
Тағы бір айта кететін жайт, тегін медициналық көмектің бар екендігі жөніндегі ақпараттарды халыққа жеткізіп тұрамыз. Оған қандай ауру түрлері жататындығы және тіркеуге қалай тұру қажеттігі жайындағы толық ақпараттар тізімі аурухананың тіркеу бөлімінде де хабарлама арқылы берілген. Кесте бойынша бізде ашық есік күндері өткізіліп тұрады. Сол күндері кез келген адам келіп өзінің сұрақтарын қоя алады.
Диспансерлік тіркеуден тек ауруынан айыққан жағдайда, тұрғылықты жерден қоныс аудару мен науқастың дүниеден өтіп кетуіне байланысты ғана шығарылады, – деді бас дәрігер.
Міне, жоғарыда айтылғандардың негізінде, тегін дәрі-дәрмектер кімдерге тиесілі екендігін білдік. Осы орайда құрметті оқырман сіздер өздеріңізге тиесілі дәрі-дәрмекті алуға өз құқықтарыңыз барын ұмытпаңыздар. Кез келген азамат өз құқығыңызды біліп жүргеніңіз абзал. Сонымен қатар осындайда көкейіңізде жүрген зәру мәселелер мен маңызды сауалдарға «Өскен өңір» газетіне хабарласып, хат жазсаңыздар болады.

 

Айнұр НАЗАРОВА
«Өскен өңір» газеті
 

Просмотров: 1143 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]