Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



13:32
ТЕҢГЕ СҰРАҒАН ЕМШІ МЕ, ДҮМШЕ МЕ?

«Кімге нежарнама газетінен тұрмысқа қажетті ақпарат іздеу мақсатында бір шолып шықтық. «Келгеніңізге өкінбейсіз» деген үлкен әріппен жазылған жарнама көзге еріксіз түсті. Байқағанымыз «бедеулік, маскүнемдіктен арылу, жолы болмай жүргендерге жол ашамын, екі жасты қосамын» деп жазыпты. Бедеулік пен маскүнемдікке дәрі беріп, сеніміне ие болар. Ал екі жасты қалай қосады. Сәтсіздікке жиі ұшырайтындардың жолын қалай ашады? Ойланып қалдық. Мұнан бөлек, түрлі тәуіптер мен емшілердің жарнамасынан аяқ алу мүмкін емес. Жоғарыда аталғандардың қайсысы дертке дәру, жанға шипа бола алады? Әлде бұл сенімге ие болып, ақша табудың амалы ма?
Осы мәселені зерттеу мақсатында жарнамада көрсетілген емшілерге хабарластық. Біраз уақыттан бері басым даудан арылмай, бауырым сыр беріп жүргенін айтып, көмек сұрадық. Келісе кетті. Содан мекен-жайын сұрастырып, шалғайда тұратынын білдік. Алыссынғанымызды байқап, келуге қолың тимесе ұялы телефон арқылы жолыңды ашып, мәселеңді төтесінен шешіп беремін деп ағынан жарылды. Бастысы «Киви-кошелек» арқылы қажетті қаражатын аударсаңыз жеткілікті. Негізі ертеде халық емшiлерi қандай сырқатты жазса да, ақы сұрамаған. Емделушiнiң бергенiне риза болған. Жаңа ғасырда халық емшiлерiнің қалауы шарықтап тұр. Халықтық емші халық ұсынған бағаны місе тұтпайды. Ал күйзелістен, ауруынан шаршағандар бар жиған-тергенін беріп, қаражатын мақсатсыз жолға жұмсағанын кеш түсініп жатады. Мұндайда қазақ «Ештен кеш жақсы» деп өзін жұбатқан.
Тізімді қарай келе, «Құран сүресімен бойыңды тазартамын» деген жарнама еріксіз жанарды жаулады. Құдды одан өзге «әулие» жоқтай. Хабарласқанымызда телефонның арғы жағынан егде жастағы әжейдің дауысы естілді. Өзінің бес уақыт намаз оқитынын, дем салатынын, түрлі дертке шипа болатынын айтып жарнамасын өткізуде. Емі де, демі де тауар сынды. Мұндайда халықты имандылық жолына салудан гөрi, одан безiндiруге үлесiн қосып жатыр ма деген ойда қалдық. Дегенмен бұрын дем салу әдісі кеңінен қолданылған. Шариғатта да дем салуға болатынын айғақтайтын дәлел бар. Мәселен ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Әрбір дерттің дауасы бар. Егер дерттің дауасы дөп түссе, Алла Тағаланың рұқсатымен сауығады», – деген. Демек әрбір сырқаттың шипасы бар екені айтылған. Сол сырқатты жазуда емханаға барып, дәрігер жазып берген химиялық жолмен емделгеннен гөрі қазақы емді жоғары бағалайтындар саны артқан. Амал нешiк, имандай иланып алған жұрттың көкiрек көзi ашылмайынша сендiру қиынның қиыны.
Қазақ емі – тарихы ұзақ, қатпары терең, киелі ғылым. Біз осы ғылымның қасиетін қашырып жібергендейміз. Қазақы ем дегенде Өтейбойдақ Тілеуқабыл атамыздың есімі еріксіз ойға оралатын. Өйткені ол Жәнібек ханның тұсында «Шипагерлік баян» атты толымды еңбек қалдырды. Өз тұсында тарихи тұлғалармен ел қамы, халық тағдырына қатысты келелі істерге араласа білді. Яғни бір емшілікпен тоқтап қалған жоқ. Бүгінде осы кісі салып кеткен сара жол бойынша қазақы ем дамып келеді. Тіпті қытайлық мамандар қазақы емдеу тәсіліне таңғалған. Алайда қазақы емшіліктің қадір-қасиетін кетірген емшілерге кім тоқтау салады? Мәселенің төркіні осында.

Айгүл ӘЛІШЕРОВА

http://aqmeshit-zhastary.kz/kamshy/te-ge-s-ra-an-emshi-me-d-mshe-me/

Просмотров: 806 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]