Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



11:24
Шипалы қолды Садуақас

15 маусым – медицина қызметкерлерінің күні

Қазалы ауданындағы «Апаттар медицинасының темір жол госпитальдары» акционерлік қоғамының филиалы – Қазалы темір жол ауруханасы қазіргі заманғы медициналық құралдармен жабдықталуы және озық технологиялар енгізуі бойынша облыстағы іргелі емдеу-алдын алу мекемелерінің бірі. Шалғай аудан тұрғындарына облыс орталығына бармай-ақ кейбір кеселдеріне сапалы ем алуға толық мүмкіндік жасалған.
Ауруханада ел алғысына бөленіп жүрген ақ желең иелері баршылық. Солардың бірі – Садуақас Абибуллаұлы Ахмет. Ол жоғары санатты хирург, 15 төсек орындық хирургиялық бөлімше меңгерушісі.
Бір кездері Қарақалпақстан Республикасы Қоңырат ауданы «Жаңалық» ауылында дүниеге келген Садуақас сол жердегі №21 қазақ орта мектебін бітірді. Одан соң екі жыл әскери борышын өтеп, Германия елінде болды. 1992 жылы Ақтөбе мемлекеттік медициналық институтының «емдеу ісі» бөлімін бітіріп, интернатураны хирургия саласы бойынша Ақтөбе темір жол ауруханасында өтті. Одан соң жиырма жылға жуық осы ауруханада үзбей қызмет етіп келеді.
Хирургиялық бөлімшеде Садуақастан басқа уролог Ерболат Жасанов, травматолог Амангелді Қанатов сынды әріптестері жұмыс істейді.
6 мейірбике және 7 кіші буын медицина қызметкері бөлімшедегі науқастарға күтім жасап, ем-домын орындайды.
С.А.Ахмет жылына 150-180-дей операцияны өз қолымен атқарады. Хирургияны қол өнері десек, ол маман хирургтен белгілі шеберлікті, үлкен тәжірибені, мол ізденісті талап етеді. Шұғыл операциялар қатарында  аппендэктомия, қарынның тесілген ойық жарасына, холециститке жасалатын операциялар бар. Сондай-ақ жоспарлы операциялар да атқарылады. 2002 жылдан бастап ауруханада эндовидеохирургия тәсілі енгізілді. Бұл әдістің ұтымды тұстары мол, сырқаттардың ауруханада жату мерзімі, операциядан соңғы асқынулар саны едәуір азаяды. Пациент операция жасалғаннан кейінгі 2-3 тәулікте отбасына қайтып орала алады.
Садуақас өз білімін ұдайы жетілдіріп отырады. «Құрсақ қуысы ағзаларының хирургиясы», «Хирургиялық кеселдер» тақырыбы бойынша үш рет Алматы қаласында, проктология, эндовидеохирургия салалары бойынша Ақтөбе қаласында білімін шыңдауы соның дәлелі.

2010 жылы Астана қаласындағы «Медицинадағы инновациялық технологиялар», 2013 жылы Алматыда өткен «Хирургиядағы жаңа  жетістіктер» тақырыбындағы ел хирургтарының съезіне делегат болып қатысты. Оның  2010 жылы аудан жағдайында жүрекке операция жасағаны бар. Сонымен қатар отыз бес жастағы ер адамның облыс хирургтері диагнозын қоя алмаған сан артериясының пышақпен жарақаттануын табысты емдеп шығарды.
Садуақастың жұбайы Жеңіскүл Досбергенова да бала дәрігері, осы темір жол ауруханасында жұмыс істейді. Екеуі бес бала тәрбиелеп отыр. Тұңғышы Асқар М.Оспанов атындағы Ақтөбе медициналық академиясының төртінші курсында оқыса, одан кейінгі Исламы сол қаладағы медициналық колледждің бірінші курс стуленті. Қыздары Назерке, Елдана мектеп оқушылары болса, кенжесі Сымбат бала бақша тәрбиеленушісі.
Көп сөзге жоқ, өз ісіне мығым Садуақас Абибуллаұлының еңбегі ескеріліп 2012 жылы ҚР Төтенше жағдай Министрлігінің «Құрмет Грамотасымен», үлгілі қызметі үшін аурухана тарапынан «Алғыс Хатпен» және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

С.Смағұлұлы,
Әйтеке би кенті,
Қазалы ауданы

Просмотров: 1149 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]