Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



13:01
САЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҚ – МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРІНІҢ МЫҚТЫ СҮЙЕНІШІ

Қоғамның дамуына байланысты кәсіподақ ұйымының маңызы уақыт өткен сайын артып келеді. Ұжымдағы даулы мәселелерді, оның ішінде еңбек дауын шешуде кәсіподақтың ықпалы зор. Менің мақалам дәрігер психоневролог Курегенов Темірхан Исаханұлы және оның төрағалық етіп отырған Қазақстандық денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық Кәсіподағы Қызылорда облыстық филиалының атқарып жатқан жұмысы жайлы болмақ.

Темірхан Исаханұлы 1967 жылы 5 наурызда Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Керделі ауылдық советінде дүниеге келген. Отбасында сегіз баланың үшіншісі. Шиелі ауданы, бұрынғы Коммунизм колхозында 10 жылдық білім алған.

Мектепті бітірген соң, 1985-1987 жылдары әскери борышын Москва қаласында өтейді. Әскерде жүріп, 1986 жылдан бастап «Семей ядролық» полигонында және төрт ай бойы «Новая Земля» аралындағы ядролық полигонында сынақтарға қатысқан.

Ал, дәрігер мамандығын неліктен таңдағанын сұрағанымда:

- Дәрігерлік мамандықты тандауыма әуелі Құдай, содан соң әкем себепкер болған. Әкем Исахан Көрегенов 1951 жылы Қызылорда медицина техникумын «қызыл дипломен» бітіріп, ауданның бірнеше совхоздарында жалғыз фельдшер, медпункт меңгерушісі болып қызмет атқарған.  Мені ойын баласы кезден бастап қасынан тастамай, дәрігерлік шақыртуларға бірге ертіп баратын. Науқастардың дене қызуын өлшеткізіп, жараларды таңу жұмыстарын, жарақаттарға өңдеу жасататын. Келген науқастардың қан қысымын өлшеткізіп, тамыр ұстауды үйретті. Мен қатарлас балалармен ойнап кетсем, әдейілеп шақыртып алып, науқасқа бірге барып көретінбіз. Кейде мен: «Менсіз жарасын таңып, қан қысымын өлшей алмайсыз ба?» - деп ашуланатынмын. 7-8 сыныптардан бастап медициналық есепті бірге отырып жазатын болдық. (“Нәрестелерге үйде белсенді патронаж жасау”; “Дәрі-дәрмектік есеп” және с.с). Жыл сайын малшылардың «дәрілік қобдишасын» жасақтайтынмын. «Дәрі қобдишасының» ішіндегі әрбір дәріні не үшін, қалай, қай кезде ішетіндерін параққа жазып қоятынмын. Міне, бала кезден бастап әкемнің қасында дәрігерге көмекші болып өскен соң, дәрігерлік мамандықты тандадым, - деді ол.

“Әркім өз өмірінің ұстасы” демекші, Темірхан Исаханұлы кішкентайынан осы мамандыққа бейімделіп, дәрігер болуды мақсат тұтты. Ал, дәрігердің адам жанына бір қадам жақын болатыны, ауруымен, өліммен алысқандарға араша түсіп, шипа беретіні белгілі.

Туған жеріне медицина саласының жоғары білімді маманы болып оралған Темірхан Исаханұлы еңбек жолын 1992 жылы облыстық аурухананың жансақтау бөлімшесіндегі интернатурадан бастаған. Келесі жылы облыстық психоневрология ауруханасына дәрігер болып орналасады. Ал, 1994 жылдың желтоқсан айынан бастап сол ауруханада 2-ші ерлер бөлімшесінің меңгерушісі, 1995 жылдың мамыр айынан 3 төсектік үдемелі палатасы бар 9-шы аралас бөлімшесінің меңгерушісі, 1996-2014 жылдар аралығында 4-ші әйелдер бөлімшесінің меңгерушісі болып жұмыс істеді. Психоневрологиялық ауруханада меңгерушілік жұмысын атқара жүріп, эксперттік кеңес және ГВВК мүшелігіне өтті. 1998 жылдан бастап 1-ші санатты дәрігер атанып, сот психиатриялық сараптамашысы болды.

Жан-жақты болу - уақыт талабы. Дәрігердің негізгі қасиеті ауру адамға жақсылық жасау, қиналғанға қол ұшын беріп, көмектесу, өз ісіне адалдық таныту. Қоғамдық жұмыстарға араласып, белсенділік таныту да сол қасиеттің бір бөлігі болып саналады.

Ол осы ұжымдағы белсенді қызметі және еңбектегі ерекше жетістіктері үшін көптеген марапттардың, республика, облыс деңгейіндегі «Құрмет грамоталар» мен «Алғыс хат», төсбелгілерінің иесі атанды. Мысалы, 1997, 2011 жылдары облыстық денсаулық сақтау басқармасының; 2002 жылы Денсаулық жылына арналған “Балалардың жазғы демалысын ұйымдастырудағы байқауға белсене қатысқаны үшін” ҚР Кәсіподақтар Федерациясының; 2003 жылы “ҚР Денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының 80 жылдығына арналған байқауда І орын алғаны үшін”; 2012 жылы облыстық Денсаулық сақтау қызметкерлері Кәсіподақ ұйымының “Жыл қорытындысы бойынша” Құрмет грамоталарымен марапатталды. Демек, ол облыстық деңгейдегі кәсіподақ саласының басшылығына төтеннен келген жоқ, мұның алдында кәсіподақ жұмысының ыстық-суығын өз басынан өткерді. Әңгімемді әрі қарай тарқатсам:  ол  2003 жылы республикалық «Үздік клиника» байқауына бас дәрігердің орынбасары атынан қатысып, І-ші орынды жеңіп алды. 2006 жылы «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының үздігіне» атты төсбелгісін иеленді.

2001 жылы “ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдығына” ҚР Кәсіподақтар Федерациясының; 2007 жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасының; 2010 жылы облыстық Кәсіподақтар кеңесі және облыстық салалық Кәсіподақ комитетінің (ҚР ҚФ-ның 20 жылдығына) Алғыс хаттарымен; 2003 жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасынан «Жыл маманы» Дипломымен; 2013 жылы облыстық Кәсіподақтар кеңесінің “ҚР Конституция күні” құрметіне және «Үздік кәсіподақ көшбасшысы» облыстық байқауының жеңімпазы І дәрежелі дипломымен марапатталған.

2013 жылы облыстық Кәсіподақтар кеңесінің «Құзырлы көшбасшы» номинациясының, ал 2014 жылы «Спартакиада патриоты» номинациясының иегері атанды. Сонымен қатар, «Ерекше қауіп бөлімінің ардагері», «Гиппократ», «СЕМЕЙ-НЕВАДА» Халықаралық ядролық қозғалыс 20 жылдық мерекелік медалі, Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» мерекелік медалі, «1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысы Жеңісіне 65 жыл» мерекелік медальдарын иеленді.

Осылайша қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүріп Темірхан Исаханұлы 2009  жылы Москва қаласында «В.П.Сербский атындағы әлеуметтік және сот психиатриясының мемлекеттік ғылыми орталығында»; 2011 жылы Москва қаласындағы Еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясында «Әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу»; «Психиатрия» тақырыптарында Ресей медициналық академиясында және көптеген білім жетілдіру институттарында оқып, өз біліктілігін арттырды. 2013 жылы Астана қаласындағы ҚР ҚК одағының Оқу орталығында «Даулы жағдайларды шешу өнері» және «Кәсіподақтардағы кадр саясаты» сертификатын алды.
Оқу - білім бұлағы, білім - өмір шырағы. Алған білімі өмір шырағына айналып, 2014 жылдың қыркүйек айынан бастап Темірхан Исаханұлы Қазақстандық денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы болды. Медицина саласы қызметкерлерінің басын біріктіретін, қиындығымен қоса қуанышы қатар жүретін ауқымды сала - кәсіподақ ұйымын басқару оңай шаруа емес. Бұл жерде білімділікпен қоса имандылық, адамгершілік, парасат иесі болу қажет. Ал, Темірхан Курегеновтың бойынан бұл қасиеттердің барлығын да табуға болады. Туындаған мәселелерді шешу, қызметкерлердің құқығын қорғау үлкен белсенділікті талап етеді. Өз ісін жетік меңгерген, жұмысына жауапкершілікпен қарайтын Т.Исаханұлы әріптестері арасында абыройға кенеліп, үлкен жетістіктерге жетті.
Жалпы Кәсіподақ жұмысы туралы сұрақтарыма Темірхан Исаханұлы:
- Қазіргі таңда облыстық медицина қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымында 16 703 мүше бар. Қазақстандық денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы өз мүшелерін кәсіптік мүдделерінің еңбектік ортақтығы негізінде біріктіретін тәуелсіз, дербес салалық мәртебелі қоғамдық ұйым болып табылады. Кәсіподақ қаржысы ай сайын төленетін жарнадан, шаруашылық, кәсіптік қызметтен түсетін пайдадан және басқа заңмен тыйым салынбаған көздерден құралады. Әр айлық мүшелік жарна ретінде  айлық жалақысының 1 пайызы алынады. Келісім және ұжымдық келісім-шартқа сай, кәсіподақтың бастауыш ұйымдарында жиналған мүшелік жарна толығымен (100%) тиісті аумақтық филиалдың шотына түседі. Оның: 58%-і бастауыш кәсіподақ ұйымына қайтарылып беріледі, 12%-і кәсіподақтың Орталық Кеңесінің (Республика) қызметін қамтамасыз етуге, сондай-ақ аумақтық кәсіподақ бірлестіктерімен Кәсіподақтың Орталық Кеңесі белгіленген мөлшерде бағыттайды. Ал, 30% аумақтық филиалдың қызметін қамтамасыз етуге бөлінеді, - деп жауап берді.

Кәсіподаққа 2015 жылда - 301, ал 2016 жылда 340 арыз түскен. Негізі шағымдардың көбісі жұмысқа қабылдау, жұмыстан босату, еңбек ақы төлеу, еңбекке жарамсыздық қағазы, еңбек өтілін есептеу, еңбек кітапшасы, ұжымдық шарт, жұмыс және демалу уақыты, тәртіптік жаза, еңбек демалысы, демалыстан шақыру, басқа жұмысқа ауысу бойынша қаралады екен.

- Жыл сайын кәсіподақ ұйымының мүшелері денсаулығың шипажайларда қалпына келтірді. Мысалы, медицина қызметкерлерін шипажайларға жіберу үшін былтыр облыс бойынша 497 жолдама алынды. Қызметкерлер «Денсаулық», «Жаңақорған», «Сарағаш», «Мерке», «Алмаз», «Сарыағаш», «Береке-7», «Қарғалы», «Арыс» шипажайларында жеңілдік негізінде денсаулықтарын жақсартып, демалды.

Кәсіподақ комитетінің мүшелері балаларын жыл сайын сауықтыру жазғы лагерьлерінде жібереді. 2015 жылы – 648 бала, ал 2016 жылы – 561 бала «Таң нұры», «Көкшетау», «Қамбаш», «Сырдария», «Тау самалы» лагерлерінде демалып қайтты.

Кәсіподақ ұйымының негізі жұмысы мерекелік шараларды, айтулы даталарды өз деңгейінде өткізу болып табылады. Медицина қызметкерлері күні қарсаңында жыл сайын өткізілетін жазғы спартакиада сондай дәстүрлі іс-шаралардың қатарына жатады. Ауданның барша медицина мекемелері команда бойынша спорттың бірнеше түрінен сайысқа түсіп, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталады. Мысалы, 2016 жылы медицина қызметкерлерінің 50-ші спартакиадасы өткізілді. Онда І орынды облыстық психоневрологиялық аурухана; ІІ орынды “Өркениет” медициналық колледжі; ІІІ орынды облыстық медицина орталығы жеңіп алды.

Сондай-ақ, бастауыш кәсіподақ комитеттер байқауларға қатысады. ҚР-ның Бірінші Президенті Күні және ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл мерекесіне арналған «Бастауыш Кәсіподақ - Ынтымақтастық кепілі» бейнебаяндар байқауы өткізілді. Байқау Қызылорда облысы Кәсіподақтар орталығының 2016 жыл жұмыс жоспары орындалуы, салалық кәсіподақтар құрамындағы бастауыш кәсіподақ ұйымдары қызметін жандандыру, кәсіподақ мүшелерінің  әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғауда кәсіподақтардың рөлін арттыру, кәсіподақ ұйымы мен кәсіподақ төрағаларының жұмыс берушілермен келісімді ынтымақтастықта жұмыс жасауларының алдыңғы қатарлы тәжірибелерін анықтау, зерттеу және тарату мақсатында өткізілді. Бұл байқауға Сырдария аудандық орталық ауруханасының бастауыш кәсіподақ комитетінің төрағасы Ердаулетов Бектас Ізетұлы қатысып, ІІ орынға ие болды, - дейді кәсіподақ төрағасы Темірхан Исаханұлы.

Бар ынта-жігерін денсаулық сақтау саласына арнап, жемісті еңбек еткен дәрігер халықтың ыстық ықыласы мен алғысына бөленетіні анық.

Темірхан Исаханұлы Курегенов өмірлік жары мен екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп, олардан екі немере сүйіп отыр. Денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподақ ұйымының жұмысы жандана берсін, денсаулық сақшылары оның игілігін көре берсін демекпін.

 

Гүлдана АСАНОВА,

“Сыр медицинасы”

Просмотров: 1608 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]