Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



12:13
ХИРУРГ

Облыстық медицина орталығы аймақта мамандардың ұстаханасы саналады. Себебі, мұнда қызметке келген кез келген жас дәрігер еңбек жолында саулығына сауға сұрай келген сырқат жандардың ауруынан айықтыруда талай қиындықтармен күресе жүріп шыңдалады. Дәрігердің емінен дауа тауып, дертінен айыққан жандар өмір бойы ол маманды аузынан тастамай «алтын қолды дәрігер» атап, алғысын айтып жүретіні анық. Аймаққа есімі танымал сондай білікті дәрігердің бірі – хирург Нұриддин Әмитов. Ол бүгінде медицина орталығы директорының хирургия бойынша орынбасары.

Нұриддин Егенбердіұлының ұйымдастырушылық қабілеті арқасында медицина орталығының хирургия саласы заман үрдісімен ілесе қарқынды түрде дамып келеді. Жыл сайын медициналық орталықта жаңа технологиялар мен ғылым саласындағы жаңашылдықтарды қолданумен 10 мыңнан астам хирургиялық ота жасалады. Атап айтқанда, панкреатит, диафрагманың тамақ қуысының жарығы, асқазанның перфорациялық жарасы кезінде жасалатын оталар; туа немесе уақыт өте келе пайда болған жүрек ақауларына, аневризма кезінде аортаны протездеу және каротидті тамырлардағы түйіндерді алып тастау бойынша жасалатын кардиохирургиялық оталар; жамбас буындарын ауыстыру кезіндегі травмотологиялық оталар; омыртқаның бірнеше жерден сынуы кезінде жасалатын, бас миындағы және жұлындағы ісіктерді микрохирургиялық техника арқылы алып тастау бойынша жасалатын нейрохирургиялық оталар және басқалары.

Білікті хирург кәсіби қызметімен бірге қоғамдық қызметті де абыроймен алып жүр. Оның бір дәлелі ретінде 2016 жылдан бастап Жаңақорған ауданы №29 сайлау округінен облыстық мәслихат депутаты болып сайланғанын айтуға болады. Дәрігердің депутаттық бағдарламасында округ тұрғындарының денсаулығын жақсартумен қатар, тұрмыстық жағдайы төмен азаматтарды қолдау, нысаналы бағдарламаларды алға жылжыту, аймақтағы емдеу-алдын алу мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту бойынша көзделген шаралар жүзеге асырылуда.

Нұриддин Әмитов 1968 жылы 1 қаңтарда дүниеге келген. Жаңақорған ауданының тумасы, дәрігерлер әулетінің ұрпағы. 1993 жылы Алматы медициналық институтының емдеу факультетін тәмамдаған ол еңбек жолын Қызылорда қаласындағы облыстық ауруханада хирург дәрігер ретінде бастаған.

Кез келген адам өз мамандығына және өзі еңбек ететін жеріне деген адалдығымен мақтана алмайды. Ал, Нұриддин Егенбердіұлы, керісінше, өз мамандығына және өзі еңбек етіп, өсіп-өнген ұжымына деген адалдығымен мақтанып, масаттанады. Себебі, ол облыстық медицина орталығының қабыр-ғасында кәсіби маман, құрметті тұлға ретінде қалыптасты, мамандығына де-ген адалдығы, өз ісіне деген жоғары жауапкершілігі, ізденімпаздығы оны абырой биігіне көтеріп, елдің ықыласына бөледі. Жай дәрігерден кәсіби маман, қала берді 2002 жылдан бастап ол хирургиялық бөлімді басқарса, 2009 жылы директордың хирургия бойынша орынбасары болып тағайындалды. Бүгінде майталман маман, тәжірибелі хирург орталыққа келген жас мамандарға ақыл-кеңесін айтып, хирургияның қыр-сырын меңгеруге атсалысып келеді.

Белгілі дәрігер Нұриддин Әмитов – «100 жаңа есім» жобасына қатысушы үміткерлердің бірі. Қолы шипалы хирург аймақ медицинасының дамуына елеулі үлес қосып келеді. Үміткерге «El.kz» сайты арқылы дауыс беруге болады.

 

Айнұр БАТТАЛОВА.

http://syrboyi.kz/tagilim/14659-hirurg.html

Просмотров: 746 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]