Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



12:25
ИСКАКОВ Молдахмет: ӘР АЗАМАТ ТУҒАН ЖЕРІНЕ ҚАРЫЗДАР

СЕНБІЛІК СҰХБАТ

 
«БІТЕР ІСТІҢ БАСЫНА, ЖАҚСЫ КЕЛЕР ҚАСЫНА» ДЕГЕНДЕЙ, ТУҒАН ТОПЫРАҒЫМЫЗДА ЖАҢАЛЫҚ АТАУЛЫНЫ ЖАНЫМЕН ҚОЛДАП, ОНЫ ҚАЖЫРЛЫЛЫҚПЕН ІСКЕ АСЫРЫП ЖҮРГЕН АСҚАҚ РУХТЫ БІР АЗАМАТЫМЫЗ БАР. ОЛ - МОЛДАХМЕТ ИСКАКОВ. АУДАНДЫҚ АУРУХАНАДА ТҰҢҒЫШ РЕТ РЕАНИМАЦИЯ БӨЛІМІН АШЫП, ӨЗІ СОНЫ БАСҚАРҒАН, ОТЫЗ ЖЫЛДАН БЕРІ ЕЛ САУЛЫҒЫ ЖОЛЫНДА ЖАҢАШЫЛ БАСТАМАЛАРДЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАП КЕЛЕ ЖАТҚАН ОЛ ТУҒАН ЖЕРДІҢ НАҒЫЗ ПАТРИОТЫ. ОЛ «ЕГЕР ӨМІРГЕ ҚАЙТА КЕЛСЕҢІЗ ҚАНДАЙ ЖОЛДЫ ТАҢДАР ЕДІҢІЗ» ДЕГЕН САУАЛЫМЫЗҒА: "ДӘЛ ОСЫ ЖОЛЫМДЫ ТАҢДАР ЕДІМ" ДЕП ЖАУАП БЕРДІ. МҰНДАЙ СӨЗДІ ӨЗ ӨМІРІНЕ, ӨЗІНЕ КӨҢІЛІ ТОЛҒАН АДАМ ҒАНА АЙТА АЛАДЫ.

– Аудан халқының сізді білмейтіні жоқ қой. Десек те, дәрігер мамандығын таңдағаныңызға не себеп болды? Осыған тоқталсаңыз. 

– Мен өмірге келген 1964 жылдың тамылжыған мамыр айының ішінде қара боран соғып, менің атымды "Боранбай" деп қойыпты. Сол кездері аудандық аурухананың бас дәрігері, халықтық ем-домның білгірі ретінде де атағы алысқа кеткен ауылдың ардақтысы Молдахмет Бақбаев ағамыз үйге кеп қалған екен. Маған "Молдахмет" деп өз атын еншілетіп, аузыма түкіріп, батасын беріп кетіпті. Ол кісі 57 жасында өмірден озып кетті. Кейін осы ауруханаға хирург болып қызметке келгенімде осы кісінің алдындағы парызымды орындап, сала саңлағы атына ескерткіш тақта ашуға ұйытқы болдым. Он жыл аудандық аурухананың реанимация бөлімін басқардым. Әмитов Тәңірберген, Тұрабаева Ғалия, Исмаилов Мұхамеджан, Баешов Рүстем, Әбітаев Асылбек сынды азаматтар кәсіби біліктілігін осы бөлімде ұштады. Күн-түнмен санасу деген бізде болған жоқ. Сол мінез, сол дағдымыз одан бері отыз жыл өтіпті, әлі өзгерген жоқ. Сөйтсе де туған жер алдындағы азаматтық парызымыз өтелмегендей, әлі де ойда жүрген көп жоспарларды іске асырсақ деген ниетіміз бар. 

– Соңғы 20 жылда хирургиядан қол үзіп қалғаныңызға өкінбейсіз бе? Сізді осы өмір мен өлім арпалысқан қайнаған қарбаластан қара батпақпен емдеу қараорнына қарай жетелеген қандай күш? 

– Ол - қасиет деп аталады. Емдік шипасы ерек Теріскен көлінің тұзды батпағының жел- құздан сырқат тапқанның баршасын құлан-таза айықтырар атағымен дүрілдегеніне келер жылы 100 жыл толады. Менің ата-әжемнен бастап осы киелі кеннің айналасынан ұзамаған. Ол кезде бұл маң мидай дала, көлдің айналасын қоршалап, тал егіп, таза ұстап, емделушілердің жағдайын жасауда осы арадағы тұрғындардың көбінің еңбегі бар. Әкем Бидаш та майданнан аман-есен оралған соң еңбек жолын осы жерде жұмысшылықтан бастады. Кейін санаторияның қосалқы шаруашылығын басқарып, одан әрі парторг болып қызмет атқарды. Анам да осы мекемеде еңбек етіп, зейнеткерлікке шықты. Табиғи тектіліктің қасиеті ме, кеннің заманауи келбетіне мен де бір кірпіш болып қалануды мұрат тұттым. 2004 жылы ауысып келдім. 
Ел тоқыраудан еңсесін тіктей алмай жатқан жағдайдың қиын кезі. Іс тетігін бірлесіп табуымыздың нәтижесінде шипажайды аяғынан нық тұрғыздық. Жаңадан заманауи технологияларды іске қосып жоғары талғамға сай ем-дом жасау жолға қойылды. 2013 жылы шипажайдың екінші тынысы ашылып, қоныстың күншығыс бетінен тағы бір сауықтыру мекені іске қосылды. Бұл былайша айтқанда, "үй ішінен үй тіккендей", Жаңақорған шипажайының перзенті сынды ізбасар мекеме. Мен енді осы жас мекеменің буыны бекіп, аяғынан қаз тұруына табанды талаппен атсалысуды азаматтық парызым деп түсіндім. Емдеу-сауықтыру нысанын қажетті технологиялық қамтумен қатар білікті кадрларды сараптауда жан-жақты талапшылдықпен жұмыс жасадық. Мамандарды біліктілігін жетілдіру курстарынан өткіздік. Қазірде жаңа мекеменің де жұмыс ырғағы қалыпты. Мемлекет басшысының Үкімет пен жеке кәсіпкердің әріптестік әлеуетін жөніндегі бастамасын қуаттап, жұмысты жолға қойған Іскендировтер әулетінің ынтымақты талап-тілегі баянды нәтиже тауып, бүгінде 65 адамды жұмыспен қамтып отыр. 
Шипажайда емнің дәстүрлі түрінен басқа гальванобатпақпен емдеу және әйелдер мен ерлер тампоны, нүктелі массаж, классикалық массаж, үзу, мануалды массаж түрлері бар. Физиотерапиялық емдеуге соңғы үлгідегі "Полимаг-02" магниттік өріспен емдейтін аппараты сатып алынды. Бұл арқылы сырқаттың түрлерін бағдарланған жүйе арқылы емдеуге болады. Қан қысымы, жүрек, тамақ, көз, бронхиальды демікпе ауруларына емдік әсері зор. "ОМОК" аппараты арқылы ішек жолдарын тазартуға болады. Ұрпақсыздықты, яғни әйел мен еркекке тең түйіткілді шешуде урогинекология ғылымын игеруге талпыныс зор, әйелдердің бедеулігі мен ерлер белсіздігін емдеп, қаншама отбасының алғысын арқаладық. Тастақты жерді көркейтуде де көп тер төгіп, тал-теректер тамыр ала бастады. Абай атамыздың: "Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, қайратың мен ақылың екі жақтап" деп айтқанындай, үлкен ауызбіршіліктің арқасында әулеттің үлкендерінің демеуімен даңғыл бағытын тапқан шипажай тыныс-тіршілігін мекеме басшысы Жұмахан Ыдырысұлы талап деңгейінде өрістетіп келеді. 

– Өмірдегі ұстаздарыңыз жөнінде не айтасыз? 

- Кісі үздіксіз үйрену үстінде өсіп-жетіледі. Білікті хирург болып қана емес, тұлға болып қалыптасуыма бай тәжірибе, көркем мінез, кісілікті қадір қасиеттерімен үлгі болған жандарды айрықша жүрегімде сақтап келемін. Олар Нұрымбетов Шадияр, Шүленбаев Абдулла, Абдуллаев Амангелді, Искаков Сәулебек, Тоғызбаев Асылбек, тағы осылай атай беруге болады. Бұл өмірдегі ұстаздарым менің көп нәрсеге көзімді ашты. Әрбірінен өзінше бір өнеге түйдім. 

– Сіздің сөз саптауыңызға қарап-ақ әдебиетті көп оқитыныңыз көрініп тұр. Қандай кітаптарға көбірек ден қойып келесіз? 

– Ауыз әдебиетіне. Қайнап тұрған даналық қой. Қазіргі күндері Бүркіт Аяғанның еңбектерін, Ахмет Адиловтың «Жүректегі естеліктер», Талғат Теменовтың «Айғағым болшы, ақ сәулем» атты кітабын оқып жатырмын. Мұнан өзге мерзімді басылымдар күн сайын үстел үстінен арылған емес. 

– Отбасыңыз туралы тоқталсаңыз. Дәрігерлік жолыңызды қуғандар бар ма? 

– Жанұяда келіншегім Гүлнара екеуміздің жолымызды қуып, дәрігер болуды қалаған тұңғышымыз Бейбіт Ақтөбе медициналық институтын бітірген, Ақсауле Алматы медициналық институтының интернатурасында, екінші ұлым Уәли Тынышбаев атындағы академиясының магистратурасын бітірген, темір жол саласында істейді, Ақжелеңім 10-шы сынып оқушысы. Немерелерім Айша, Саламат, Сағадат ушеуі де атасының жолын қуып, келешекте дәрігер боламыз дейді. 

– Өмірдегі ұстанымыңыз қандай? 

– Адалдық. Туған жерімізге адал қызмет етсек екен деймін. Бүгінгі жастардың бойынан да осындай қасиетті көргім келеді. Бүгінде жас мамандарға барлық жағдай жасалған. Үй беріледі, көтерме ақы тағайындалған. Дипломмен – ауылға асығатындардың саны артып, бар ынты – шынтысымен атамекеніміздің мерейін асқақтатуға атсалысса деймін. 

– Әңгімеңізге рахмет. Ел игілігі жолындағы еңбегіңіздің жемісін көре беріңіз демекпіз. 

 

Сұхбаттасқан Баян ҮСЕЙІНОВА
«Жаңақорған тынысы»
25 наурыз 2017 жыл
 

Просмотров: 1131 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]