Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



08:59
ДӘРІНІҢ БАҒАСЫН КІМ РЕТТЕЙДІ?


«Барлық дәрі-дәрмектің бағасын реттеу құзыретін заңды түрде Денсаулық сақтау министрлігіне беру керек». Осындай ұсынысты ҚР ДСМ медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрайымының міндетін атқарушы Лариса Пак тастады.
 

Өйткені дәрі-дәрмектің құнын мемлекет шамамен 54 пайызын реттейді. Негізінен тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне кіретін дәрілердің бағасы реттеледі.
Лариса Пактың айтуынша, 2016 жылдың 1 қаңтарда елде дәрілердің 7 700 атауы тіркелсе, оның 4 083-і ғана мемлекетік реттеуден өткен. Қалғандары мемлекеттік реттеуге ілікпеген. Нарықта дәрілік өнімдердің бағасы шарықтап кетуін министрлік барлық препараттың бағасын реттейтін құзыретінің болмауымен түсіндіреді. «Олар жеке сауда желілерінде болғандықтан, бағалары 3-4 есеге жоғары. Дәрілік өнімдердің бағасын мемлекеттік реттеу бойынша заңды норма бекіту үшін «Денсаулық туралы» және кәсіпкерлер кодексіне өзгерістер енгізу керек. Дәрілерді мемлекеттік реттеу кәсіпкерлерді бей-жай қалдырмайтынын ескеріп, бұл мәселе солардың арасында да талқылануы керек» деген болатын.
Яғни, «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмау үшін» дәрінің бағасын ретке келтіру керек. Себебі, бағаның төмендеуі кәсіпкерлерге тиімсіз. Негізі дәрі-дәрмектің бағасын заңнамалық тұрғыда реттеу қажеттігін жыл басында Елбасы да айтқан. Алайда тұрғындар дәріханаларда бағаның шарықтап жатқанын  жиі шағымдануда.
Дәріханалардағы дәрілердің бағасына көңілі толмайтындардың бірі Баян Талдыбаева да фармацевтикалық препараттардың бағасын мемлекет реттеп отыру қажет деп санайды. «Қалтаң тесік болса, кәлимаңды үйіре бер» деуге болатын шығар. Дертің алқымыңнан алғанда аласұрып, ажалмен арпалысудан басқа амалың да қалмайды. Дәл солай. Дәріхана есігін ашқаннан төбе шашың тік тұрады. Бір ауруға қарсы мың түрлі дәрі бар. Сапасы қандай екенін қайдам, құны құдай ұрғандай бірінен бірі асып жығылады. «Балама суық тиіп, жөтелге ем болар дәрі іздеп, қақырық түсіретін дәрі сұрап кіргенмін. «Лазолван» –  1500, «Амбросан» –  1000 теңге, «Аскорил» –  2500 теңге, «АЦЦ» –  2800 теңге, «Амбробене» – 1200 теңге екенін айтты. Ал енді қақырық түсіретін басқа да арзандау қосымшасы бар ма? Әрине бар. Мәселен, «Мукалтин» дәрісі небәрі 150 теңге, «Солодка» 350 теңге екен. Бір қызығы, дәрігерлер бұл дәрілердің әсері болмайтынын азар да безер боп құлаққа құяды. Дәрігердің айтуынша, тек жаңадан шыққан, қымбат дәрілердің ғана көмегі тимек. Сонда құны шарықтаған дәрінің кепілі қаншалықты деп ойлайсыз? Ешқандай! Тек науқастың ауруын саудалау. Өкініштісі сол, елімізде расымен де күн санап дәрінің құны шарықтап жатыр. Оған қоса жағдайы қиын жандарға аяздай батып отырғаны бар. Жас ұлғайған сайын саулығы сыр беретін зейнеткерлердің көз жасына куәмін. Зейнетақысын түгелімен дәріге жұмсап, жәутең қаққан қарттарымызды ажалға өзіміз жетектеп апара жатқанымыз неге елеусіз қалатыны қайран қалдырады. Сол себепті мемлекет дәрі бағасын жіті бақылауына алуын, медициналық көмектің барынша жан-жақты жүргізілуін талап етемін. Салауатты өмір – салиқалы шешімнен басталады. Ол – әуелгі байлық –денсаулықтың қадірін бағалау деп білемін» дейді ол.
Тағы бір тұрғын Айжан Құлмұханбетова Алматы қаласының маңындағы дәріханадағы жөтелді басатын сироптардың бағасына таңданысын білдірді. «Соңғы рет желтоқсанда алған кезде көбі 1200 теңгеден аспайтын еді. Қазір қарасам «Кука» –  710, «Гербион» – 1250, «Туссамаг» –   1750, «Лазолван –  2200», «Геделикс» –  2350 теңге болып кетіпті» дейді.
90 жылдардың ортасына қарай қалыптаса бастаған Қазақстандағы фармацевтика нарығы әлі де импорттық дәрілік заттарға тәуелді. Ішкі нарықтағы отандық фармацевтикалық препараттардың үлесі осыдан 2-3 жыл бұрын 20 пайызға жетер-жетпес болса, қазір 40 пайыздың айналасында. 2015 жылдың мәліметіне сүйенсек, елімізде 119 фармөндіруші болса, оның 51-і дәрі-дәрмек, 68-і медициналық құрал-жабдықтар шығарады. Отандық өндірушілер 32 млрд теңгенің өнімін өндірген екен.
Еуразиялық экономикалық кеңестің бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу коллегиясының мүшесі Нұрлан Алдабергеновтың айтуына сенсек, «параллельдік» импорт ЕАЭО елдерінде көптеген импорттық тауардың бағасын төмендетуге әсер етпек. Бір жыл бұрын (2015) Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) аумағында дәрі-дәрмек пен медициналық жабдықтар қолданысының ортақ принциптері мен ережелері туралы келісім мақұлданған болатын. Біздің ел мен Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Армения мүшелік ететін Одақта былтырдан бері дәрі-дәрмек пен медициналық тауарлардың ортақ нарығы жұмыс істей бастаған. Соның негізінде одақ елдерінде дәрілік заттардың құны 5 есеге арзандауы мүмкін деген болжам бар. Ендеше, оны да уақытында көре жатармыз.
 
 

Нұрай РАХЫМ
https://aikyn.kz/2017/03/06/6042.html
 

Просмотров: 938 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]