Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



19:29
АЛТЫН ЖҮРЕКТІ ДӘРІГЕР


 Мен бұл ақ халатты абзал жанмен жақын таныс болғаныма 2-3 жылдың жүзі болды. Жалпы ауданда халықтың көпшілігі дәрігерді жақсы біледі. Себебі Қарлығаш Құлбаева жиырма жылдан бері еңбек етіп жүрген аудандағы санаулы мамандардың арасындағы ең танымал дәрігер-кардиолог. Пенде болған соң басы ауырып, балтыры сыздамайтыны жоқ. Соңғы үмітті дәрігерден күтетініміз жасырын емес. Қазақшасы мен орысшасы бірдей дәрігермен сөйлесе келе оның жүрегі нәзік, мейірімді жан екеніне көзіңіз жетеді. «Адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше» деген рас-ау дейсің осындайда.
 

Алатаудың баурайындағы сұлу шаһар Алматыда туып-өсіп, сондағы №41 орыс орта мектепте оқыған Қарлығаш Әлиқызы ата-анасының мейіріміне бөленіп өседі. Асқар таудай әкесі Әли бар ғұмырын инженер-энергетика саласына арнап, 55 жасында дүниеден өтеді. Аяулы анасы Қайыркамал-ақ халатты абзал жан. Зейнеткерлікке шыққанша ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты емханада терапевт-дәрігер қызметін атқарған. Қос бауыры Асқар ағасы мен Ақтоқты сіңлісі әскери қызметте.
– Менің анам өте керемет жан болатын. Оның сүйікті ісі – дәрігерлік қызмет. Менің анамның жолын таңдауым бекер емес. Ол сондай мейірімді жан болатын. Талай науқастарды қабылдап, емдеген кездерін көзіммен көрдім. Анамның алғаны тек алғыс болатын, -дейді Қарлығаш Әлиқызы бүгінде дүниеден өткен анасы жайлы.
Тұла бойы тұңғышы Қарлығаштың таңдауын құптаған ата-анасы дәрігерлік мамандықты алуына бар жағдай жасайды. Мектеп бітірісімен 1985 жылы Алматы медициналық институтқа оқуға түсіп, емдеу ісі факультетін терапевт-дәрігер мамандығы бойынша бітіреді. Оңтүстік Қазақстан облысы Жетісай қаласында бір жыл интернатурадан өтеді. Мамандықты терең игеру мақсатында 2 жылдық клиникалық ординатурадан кардиология мамандығын Кардиология ғылыми-зерттеу институтында оқып, сонда еңбек жолын бастайды. Бала кездегі арманы орындалған Қарлығаш Әлиқызы мықты кардиолог-дәрігер атанды. Біліктілігі мен ізденімпаздығының арқасында бірнеше жылдың ішінде жоғары санатты маман иесі болады. Оған ата-анасынан алған тәрбиесі, әке үйіндегі өнегесі үлгі болады. Өмірлік серігін Алматыда кезіктіріп, Сыр еліне келін болу бақытын бұйыртқан тағдырына риза. Тереңөзектік азамат, үлкен шаңырақтың кенжесі Жеңісбек аға Қарлығашты келін етіп түсіреді. Міне сол, 1997 жылдан бері тура 20 жыл өтті. Отбасылық өмір, ата мен ененің өнегесі, қаймағы бұзылмаған қазақы қалыпты жатсынбай, перзент сүйіп, қайта тез сіңсіп кетеді. Шаңырақтың құты мен берекесіне айналған жас келін атасы соғыс ардагері Тұрған ата мен енесі Бибайша ананың жағдайын жасауға да сүйікті ісі дәрігерлікті қатар алып жүруді де қиынсынбайды. Бірнеше жылдар бойы аудандағы жалғыз өзі кардиолог-дәрігер қызметін абыроймен атқарып жүрген Қарлығаш Әлиқызы талай науқастың сауығып кетуіне себепкер болды. Күнделікті 30-35 көрінушіні қабылдап, жүрегінде ақауы барына күдіктенсе, дереу қосымша тексерулер тағайындап, сол адамның толыққанды сауығып кетуін бақылап, дәрігерлік нұсқаулық беру оның күнделікті жұмысы. Дәрігердің өзінің айтуынша «шаршадым» деген кезі болмайды. Бұл, сірә, өз ісіне шын берілген адамның бойында ғана кездесетін қасиет шығар.
-Мен жұмысымнан шаршамаймын, қайта адамдармен қарым-қатынас, олардың дертіне шипа табылғанына қуанамын. Қазір жүрек ишемиялық аурулар мен артериалды гипертензия көбейіп кетті. Есепке 600-дей науқас алынған. Бұрын жасы егде тартқандар науқастанса, бұл ауру жас талғамайтын дәрежеге жетті. Мұны мен дәрігер ретінде адамдардың күйзелісте жүруімен байланыстырамын. Ашушаңдық, мезгілінде тамақтанбау, әлеуметтік жағдай осы дертке әкеп соқтыратын жағдай,-дейді білікті дәрігер бүгінгі күннің өзекті мәселесі туралы толғанып.
Шын мәнінде өз денсаулығына немқұрайлы қарау уақытылы дәрігерге көрінбеу салдары оқыс жағдайға әкелетіні белгілі. Сондықтан дерттің алдын алумен күресуге шаршамайтын ақ халатты абзал жан өз міндетіне адал қарайды. Ол туралы әріптесі, дәрігер Тәжігүл Раманқұлова былай дейді.
-Білікті дәрігер қашанда керек. Мен әріптесімді ауданға келгеннен білемін. Қарлығаштың жұмысына адалдығы, әділдігі, әсіресе құжаттарға аса ыждағаттылығы үлгі етуге лайық. Науқастармен қарым-қатынаста, диагноз қойғанда қателікке жол бермейді. Қарлығаштың мықты кардиолог екенін облыста өткен алқалы жиындардың бірінде министрліктен келген өкіл Раушан Қасымқызының сөзі де дәлел болады. Ол кісі біздің маман жайлы бірауыз жақсы лебіз айтты. Соның өзі Қарлығаштың білікті маман екенін аңғартады.
Өзіне жақын әпкесіндей болған Тәжігүл Жорабекқызын дәрігер ақылшы ұстазы деп есептейді. Сондай-ақ ол әріптестерінің арасынан Айгүл Жакупованың да есімін ерекше атайды. Білікті дәрігермен үнемі тәжірибе алмасып, ақылдасып, кеңесіп отырады.
Жұмыстың шамадан тыс көп болуы, әрі соңғы жылдары жүрекке шағымданушылардың күрт өсуіне орай денсаулық саласының басшылары қосымша кардиолог-дәрігер сұратқан. Сұраныс қанағаттандырылып, жыл басынан бері жас маман жұмысқа кірісті. Гүлзат Тыныштықбаева осы саланы меңгеріп, үйреніп келген кардиолог. Әлі де білгенінен үйренері көп маманға Қарлығаш Әлиқызы тәжірибесін үйретуден жалықпайды,
-Қазір адамдар скринингтік тексерулер өтуде. Бұл аурудың алдын алуға мүмкіндік береді. Әйтпесе тұрғындар өз еркімен келіп, тексерілуге қалыптаспаған. Жалпы біздің салада қандай дертті болмасын ерте анықтау үшін диагностика жасалады. Белгілі бір ауру түріне күдіктенсек, ол расталса, жоспарлы түрде отаға дайындаймыз, сөйтіп, науқастарды сауықтырамыз,-деді өзінің жұмысы жайлы дәрігер Қ.Құлбаева. Жауапкершілікті, ізденімпаздықты алдына мақсат еткен білікті дәрігер отбасында мейірімді ана, аяулы жар, барлық кезде жұбайымен ақылдасып, келісіп отыру шаңырақтың берекесін арттыратынына сенеді және әрдайым солай жасауды жөн көреді. Анасына қарап бойжетіп келе жатқан Ляйла қазір Алматы қаласында жоғарғы оқу орнының екінші курс студенті, болашақ педагог. Кенже қызы Батиха мектепте, тоғызыншы сыныпта, өнерге жақын. Екеуі де ата-аналарын мақтан ететін сүйікті перзенттер.
-Менің Сыр еліне келін болып түскеніме 20 жылдай уақыт болды. Осы киелі топыраққа сіңісіп кеттім. Ата-енемнің берген батасы, ата-анамның ықыласы, ел-жұрттың ризашылығына кенелгендігім болар, көгеріп, көктедік. Ағайын-туыстың, абысын-келіндердің арасында сыйластығымыз бар. Осыған шүкіршілік етемін. Отбасы бақыты деген осы емес пе,-дейді көңілі жайдарланған абзал жан. Әйел бақытына бөленіп, сүйікті дәрігер атанған Қарлығаш Әлиқызының абырой төрінен көріне беруіне тілектеспіз.

Бибісара ЖАНӘЛІ
http://tirshilik-tynysy.kz/altyn-zh-rekti-d-riger/

Просмотров: 1067 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]