Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



18:59
ЖАҚСЫ ДӘРІГЕР БОЛУ ҮШІН КҮНДЕЛІКТІ ОҚУ КЕРЕК

Биыл талай жанды өлімнен арашалап, сауығуына септігін тигізген елімізге белгілі хирург, өз ісінің шынайы маманы Сағымбай Қарақұлұлы Құлсартов өз 80 жылдық мерейтойын асыл жары Мира Қасымқызы Ибраевамен бірге тойламақ.

Ерлі-зайыпты дәрігерлерді жерлестеріміз жарты ғасырдан астам уақыттан бері таниды. Қаламызда бұл дәрігерлерді “қолдары шипалы” деп атайды, олардың аттарын тек Қызылорда облысы ғана емес, бүкіл республика және тіпті одан тыс жерлерде де біледі.

Қос дәрігердің медицинадағы жолы 1954 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтына түскенде басталған. Сағымбай Құлсартовтың медицина саласында хирургия мамандығын таңдайтынына курстастарының күмәні болған жоқ. Сол сияқты барлық қыздардың ішінде, ал медициналық институтта қыздар ұлдардан көп болатыны белгілі, оған қоса өз өмірлік серігі етіп Мираны таңдайтыны да айдан анық еді.

Сағымбай Қарақұлұлының балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарына тап болды. “Біз қалада тұрдық. Мектеп оқушыларын егіннің басына бидайдың масағын жинауға апаратын. Есімде қалғаны, қалаға әкеліп жатқан немістің тұтқындарына тас лақтыратынбыз” деп еске алады ол. Оның айтуы бойынша медицина саласын таңдауға әкесінің сөздері себеп болған көрінеді.

- Әкем менің дәрігер болғанымды армандаған. Бізде ауылдық амбулаторияда бір фельдшер жұмыс істеді. Оны ауылда барлығы “доктор” деп атайтын. Әкем маған: “Ұлым, таза жұмыс, жылы жерде, ақ халатпен жүресің, барлығы сені құрметтейді, жұмысы да көп емес сияқты ғой" дейтін. Әкемнің арманы орындалды. Медицина саласындағы жұмысым ойлағаннан да асып түсті, - дейді С.Қарақұлұлы.

Институтты бітіргеннен кейін 1961 жылы Сағымбай Қарақұлұлы Құдай қосқан қосағы Мира Қасымқызына үйленіп, еңбек қызметтерін Ақтөбе қаласында өзі №1 медициналық санитарлық бөлімде хирургия ординаторы, жұбайы - учаскелік дәрігер болып бастайды.

1965 жылы жас жұбайлар Қызылорда қаласына көшіп келіп, отағасы хирург, ал жұбайы - Қызылорда облыстық ауруханада терапевт болып жұмыс істейді. Өздерінің еңбекқорлығының, жауапкершілігінің, қайырымдылығының арқасында олар өмір жолында қатардағы қызметкерлерден басшы лауазымдарына дейін көтеріледі.

1967 жылы Сағымбай Қарақұлұлы Қызылорда облыстық аурухананың жалпы хирургиялық бөлімше меңгерушісі, ал 1982-2002 жылдары Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас хирургі болып тағайындалады. Мира Қасымқызы болса 1977 жылы №3 терапевтік бөлімшенің (Партактив) меңгерушісі болды.

С.Қарақұлұлы 1967 жылдан 1999 жылға дейін облыстық хирургтар ғылыми қоғамының төрағасы қызметінде жүргенде хирургиялық саладағы дәрігерлердің біліктілігін арттыру; дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерін аттестаттау және қайта аттестаттау; жергілікті тұрғындардың аурушаңдығын зерттеу және оны барынша төмендету, болдырмау жұмыстарымен айналысқан.

2000 жылы Қазақстан Республикасы Хирургтер қауымдастығы Қызылорда облыстық филиалының алғашқы төрағасы болып сайланды.

Облыс бойынша емдеу профилактикалық мекемелеріне консультациялық көмек көрсетіп, жоспарлы және шұғыл хирургиялық көмек көрсету үшін аудандық ауруханаларға іс сапармен жиі баратын. Аудандық хирургтар үшін басқа ауруханалардан дәрігер-мамандар шақырып көрнекі операциялар жасап тәжірибе өткізетін, сондай-ақ хирургиялық қоғамның көшпелі отырыстары мен ғылыми-практикалық конференцияларын ұйымдастырып, патологиялық-анатомиялық конференцияларда адамның жиі қайтыс болу себептерін талқылайтын.

Облыста хирургиялық қызметті ұйымдастыру мәселелерімен қатар асқазан және ұлтабар ойық жарасын емдеудің жаңа әдістерін ендіру, бауыр, ұйқы безі, өт жолдарына ота жасау, қалқанша безін, өкпе және көкірек, паразитарлық ауруларды, іріңді-септикалық ауруларды хирургиялық емдеу практикалық қызметімен айналысқан.

Сағымбай Қарақұлұлының қатысуымен облыстық онкологиялық орталығында енгізілген асқазанды хирургиялық жолмен алып тастау (гастрэктомия) және асқазанның бір бөлігін алып тастау (резекция) түрлері, тоқ ішек пен тік ішектің бөліктерін резекциялау, ішек аралық безді сылып тастау (экстирпация) және т.б. ота түрлері жасалған.

Сағымбай Қарақұлұлы қарапайымдылығымен, адамға деген кішіпейілділігімен, адамгершілігімен ерекшеленіп тұрады. Бұл қазіргі жас буын дәрігерлердің кейбірінен табыла бермейтін қасиет. Негізі, кеңестік медицина мен қазіргі медицинаның арасы жер мен көктей. Бұрынғының дәрігерлері науқасқа етене жақын қарап, ауруына толықтай зер салып, жасалатын емдері сезімталдыққа негізделетін. Ал қазіргі дәрігерлер заманауи техникаға көбірек сүйеніп, емдеу ісінің стандарттары бойынша жалпы бағытпен жұмыс жасайтын сияқты. Бұл тұрғыда С.Қарақұлұлы қазіргі оқу бітіріп келіп жатқан студенттердің дайындығы өте әлсіз екенін тілге тиек етіп:

- Біз оқыған кезде жанымызды салып оқитын едік, біреуден қалып қоймайық, жаманшылыққа қалмайық деп. Ол кезде Ақтөбеден Алматының, Семейден Қарағандының студенттері мықты дейтін. Ал қазір бәрі бірдей. Әйтеуір бітірдім деп дипломын алып келеді. Қазіргі жас дәрігерлермен барып сөйлесіп көрсең, бұрынғы бітіріп келгендермен салыстыруға келмейді. Қарап тұрып ұяласың. Ауруға қай жағынан жақындау керегін білмейді. Алдыңа келген науқаспен тығыз байланыста болу керек. Түріне қарап, қолмен ұстап, айтпай тұрғанын айтқызып, сезініп, ауруын анықтауға тырысу керек. Ал қазіргі дәрігерлерден байқағаным, алдына барған науқасқа “УЗИ-ің, рентгенің бар ма, компьютерге түскен қағазың бар ма, болмаса барып түсіп кел” дейді. Ол қажет пе, қажет емес пе, әйтеуір түсіреді. Сосын бір дұрыс емес жері, науқас түсіп әкелген УЗИ, рентген суреттерінің бірден астындағы жазылған қорытындысына қарайды, ол науқастың клиникасына сәйкес келе ме, жоқ па тексермейді. Мысалы, сары ауру деп берген суретке қарасаң, холедок (өт өзегі) кеңеймеген, т.б. сол сияқты жағдайлар кездеседі. Жақсы дәрігер болу үшін жақсы оқу керек, оқуды бітірген күнде де біліміңді жетілдіріп отыру керек, екіншіден бір дәрігер бір дәрігерден үйрену керек, бірінің кемшілігінен бірі сабақ алып отыру керек, үшіншісі аурудан үйрену керек. Ауру - ол жатқан бір кітап, оған терең бойлап, ұғынып, зерттеу қажет, - дейді ардагер дәрігер.

- Бір күні науқас әйел келді, - деп есіне алады С.Құлсартов. – Ол кезде мен жас хирургпын. Әйел: “Ішім ауырып бара жатыр, ұстатпайды” деді. Мен жатқызып тексерейін десем, жатпайды. Жатса болды, атып тұрады. Сосын мен хирургия бөлімшесіндегі бұрыннан келе жатқан хирургқа телефон шалдым. Жағдайды айтып түсіндірдім. Ол бірден “ия, жас хирург, тыңдап ал: ол жатырдан тыс жүктілік болуы мүмкін, құрсақ қуысы жарылып, жиналып қалған қан қысым жасап тұрған болуы керек” деп кесіп айтты. Бірнеше жыл өткеннен кейін, Тереңөзек ауданынан жас хирург маған телефон шалып, бір әйелдің тексерілуге келгенін, оның жатса болды атып тұратынын айтты. Мен бірден: “дереу ота жаса, ол жатырдан тыс жүктілік” дедім.

Сағымбай Қарақұлұлының жаңа әдістемелерді тануға талпынысы, эксперимент жасауға деген батылдығы жүздеген, тіпті мыңдаған адамдардың өмірін құтқарды. Осы күнге дейін оның 15-тен астам ғылыми мақалалары жарық көрді. Қызылордада бірінші болып, тәуекелге барып енгізген отаның жаңа түрлері ол кісінің алтын қолының арқасында сәтті өтіп, кейіннен ол ота түрлерін, қазір көбісі профессор атағына ие болып отырған шәкірттері Болат Бимендіұлы Баймаханов, Марат Шадыбайұлы Абдуллаев, Абдулла Сыздықұлы Шүленбаев, Дамир Дәулетбаев, Юрий Фотиади, Вероника Цой және басқалары тәжірибеден өткізе бастады.

Сағымбай Қарақұлұлының жұбайы Мира Қасымқызының да үздік терапевт-дәрігер құрметіне лайық жан екенін атап өткім келеді. Ол кісіден облыстың небір лауазымды адамдары және бірінші басшылары ем алған. Мира Қасымқызының диагнозды нақты қою қабілеті және шипалы емі көптеген адамдарды аяғынан тік тұрғызды. Мысалы, Қызылордаға қыдырып келген белгілі жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов те Мира Қасымқызының қабылдауында болып, емделген болатын.

Негізгі қызметінен бөлек қоғамдық жұмыстармен де айналысқан Мира Қасымқызы 1976 жылдан 1984 жылға дейін облыстық Кеңестің (3 шақырылым) депутаты болып сайланды, облыстық денсаулық сақтау саласының дамуына зор үлесін қосты.

Еңбекқорлық пен шеберліктерін, әрқашан көмек көрсетуге дайындығын, мәдениеттілігін, адалдығын, парасаттылығын, тапсырылған іске деген жауапкершіліктерін, көз тоярлық жинақылықтарын көрсете бiлген Сағымбай Қарақұлұлы мен Мира Қасымқызы әріптестерінің, көптеген емделушілерінің, жалпы қоғамның алдында үлкен беделге ие болды. Ерлi-зайыпты қос дәрiгер бүкіл өмірлерін, өздерін толықтай жұмысқа, халыққа қызмет көрсетуге, олардың өмiрлерiн құтқаруға арнаған жандар.

- Мен өз мамандығымды жан-тәніммен жақсы көрдім, оны ауыстыру ойымда да болған жоқ. Бірақ, осы күнге дейін менің жұмысымды, жетістігімді дәріптеп бұқаралық ақпарат құралдарының бетіне ешкім шығармаған екен, - дейді Сағымбай Қарақұлұлы.

Ия, осындай құрметке барынша лайық азаматтарымыз дер кезінде еленбей қалып жататыны өкінішті. Қарап отырсақ, алдыңғы қатарлы дәрігер-хирург бола тұра, “КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігін” қатарындағы дәрігерлерден кейін алған екен. Алайда, 70-тен асқаннан кейін еңбегі еленіп, «Еңбек қызыл ту» орденімен, ҚР Үкіметінің “Құрмет” орденімен, А.Н.Сызғанов атындағы алтын медалімен, “Алтын Дәрігер” кеуде белгісімен, ҚР Денсаулық сақтау Министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

Сағымбай Қарақұлұлы бүгінге дейін облыстық медицина және онкология орталықтарының кеңесшісі ретінде еңбек етті. Мұндай кәсіби ұзақ өмір сүру тек қана сүйікті кәсібін таңдап, оның қиындығына қарамастан оған адал болған, тер төгіп, еңбегін сіңірген жандарға ғана жазылған.

Сағымбай Қарақұлұлы мен Мира Қасымқызы отбасында бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан алты немере және екі шөбере сүйіп отырған бақытты жандар.

 

Мұхтар БЕИСОВ,

“Сыр медицинасы” газетінен

Просмотров: 1660 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]