Қазір адамдар жоғарыдағы Жаратқаннан бұрын таныстарымен аз-кем әңгімелесіп қалудан қорқады. Неге? Өйткені өткен-кеткен он танысының біреуі болмаса, екіншісі өзі айналысып жүрген кәсібін жарнамалайды. Онысы тым-тәуір, мемлекеттік тұрақты жұмыс болса жақсы ғой. Қайдағы бір толған компаниялардың тауарын жарнамалап әлек. Өзін баста желілік маркетингке желімдей жабыстырған адамның бес-алты ауыз әңгімесін айтып, қанатын қомдау – көздегені. Әйтпесе соны түсініп қарық қылып, пайданың астына көміліп жатқаны шамалы. Қара жұмыс емес, әйтеуір. Сондықтан бұл көпке таза жұмыс болып көрінеді. Оның ар жағында не бар, қандай идеология иек астында жасырулы, бұған бас қатырып жатқан жан жоқ.
Бүгінде біз шөптен жасалатын дәрілік заттарды насихаттайтын түрлі компаниялар туралы сөз қозғаймыз. Қалам қолға тиген деген осы екен деп, оңды теріске, терісті оңға бұратын біз емес. Сондай-ақ олардың жарнамасын жандандырып, саудасын қыздыруды да қолдамаймыз. Тек оқырмандардың ой түйгенін қалаймыз. Сонымен, біз «FG Invest», «Gano World Wide» және «Тяньши» секілді компанияларға олардың өніміне таңырқаушы әрі тамсанушы ретінде бас сұқтық.
Көптің аузынан түспейтін
«ҚЫЗЫЛ МАЙ»
Алғашқы әңгімелесушіміз «FG Invest» компаниясының Қызылорда облысындағы өкілі Меруерт ханым болды. Оның айтуынша, елімізде аталмыш сауда мекемесін «Қызылмай» компаниясы деп те атайды.
- Президенті Е.Г.Перепелица мырзаның осы компанияны құрғанына 8 жыл толды. Осы жылдың қазан айында 9 жылдық мерейтойымызды атап өтеміз. «Қызылмай» компаниясы шығаратын өнімдер адамның барлық ағзасына пайдалы. Компанияның негізгі қояр талабы – қандай да бір өнімді пайдаланып, өнімнен нәтиже көріп, сол өнім туралы сенімді әрі жеткілікті түрде ақпарат тарату. Әрі маңайыңызға түрлі адам тартумен айналысасыз. Сол адамдарыңызбен жұмыс жасай отырып, ақша табу көзіне түсесіз, - деп түсіндірді.
Бұл өнімдерге Қазақстаннан ғана емес, шет елдерден де сұраныс жоғары екен. Аталмыш дәрілер Түркия, Қытай, Қырғызстан, Ресей елдеріне де танылып үлгерген. Медициналық колледждердің бірінде мұғалім болып жұмыс істеген Меруерт апай бүгінде жұмысын тастап, осы компанияның айналасында жүргеніне бір жыл толыпты. Мұнда жан аямай жұмыс істесе, шет мемлекеттерге саяхатқа шығуға да мүмкіндік туатын көрінеді. Қалай, ә?! Бастаған іске қызықтырудың сан түрлі амалы деген осы болар, сірә. Айтқандай, әлгі Меруерт апайымыз компанияның тегін жолдамасымен Қытайдың Хайнян қаласына барып келіпті.
Компанияның алғашқы түсімі 3000 теңгеден басталады, яғни мұнда кіру үшін осындай ақшаңызды аямай шығындайсыз. Сонан соң кез келген өнімді 25 пайыз жеңілдікпен алатын боласыз. Барлық өнімдердің бағасы 1000-7500 теңге айналасында. Бұдан өзге мәліметтермен компанияның www.fginvest.kz жеке сайтынан толық танысуға болады.
Қытайдың соңғы патшасының дертіне дауа болған САҢЫРАУҚҰЛАҚ
Келесі «Gano World Wide» компаниясының «тәу етері» – қызыл саңырауқұлақ. Бұл сауда нысанының қыр-сырын білу үшін Гүлнар деген апаймен тіл табысуға тура келді. Оның мұнда жұмыс істеп жатқанына бір жылдың жүзі болса, демеушісіне алты жылдан асып барады екен. Жалпы, бұл компанияның Қазақстанда қанатын жайғанына 7-8 жылдың көлемі болған. Соның ішінде Қызылорда облысында жұмыс жүргізіп жатқандарына 4 жыл толған. Кеңселері қала бойынша бір ғана жерде, «Бабаста» орналасқан.
- Жалпылама түсіндіре кетер болсам, бұл саңырауқұлақ Ганодерма Лусидум деп аталады. Бұл – Малайзияның қызыл саңырауқұлағы. Рейши – бұл жапонша атауы және Қытайда – «Линчжи», Кореяда «Енжи» сияқты атаулармен танымал. Табиғатта Ганодермалардың 270 түрі кездеседі. Зерттеулер Ганодерманың құрамында 200-ден астам элементтер бар екендігін дәлелдеген. Біздің компания – денсаулық нарығында көшбасшы халықаралық компания. Леау Сун Сунг мырза 1995 жылы «Gano Excel» корпорациясының негізін қалаған. Ал 2006 жылы «Gano World Wide» дүниежүзілік электронды желісін құрды. 1983 жылдан бастап 200-ден аса саңырауқұлақтың түрлерін зерттеп, соның ішінен емдік қасиеті өте жоғары болуына байланысты 6 түрін таңдап алған. Сол бойынша қазіргі таңда адамзат денсаулығы үшін түрлі жұмыстар жүргізілуде, - деді Гүлнар.
Ганодерма лусидум жайлы білімдердің 2000 жылдан аса терең тарихы бар. Бұл саңырауқұлақтан негізінен кофе, шай, какао, тіс пастасы, коктейль, сабын, косметика секілді дүниелер жасап шығарылады. Қытайдың ең соңғы патшасы эпилепсис ауруына ұшыраған. Осы саңырауқұлақтың арқасында дертіне дауа тауып, 240 жыл өмір сүрген деседі.
Енді осы саңырауқұлақтың қандай ауруларға пайдасы барын толығырақ айта кетсек...
1. Онкологиялық қатерлі ісікке.
2. Жүрек-қан тамыр ауруларына.
3. Аллергиялық ауруларға.
4. Аутоиммунды ауруларға.
5. Сусамыр қант диабеті және оның алдын алу.
6. Орталық жүйке жүйесіне әсер ету.
7. Тотығуға қарсы антиоксидантты белсенділік.
8. Қабынуға қарсы әсер.
9. Созылмалы обструктивті өкпе ауруларына СОӨА.
10. Бауырдың диффузды аурулары.
Тағы да айта кететіні, мұнда тек денсаулықты жөндеумен ғана емес, бизнеспен де айналысуға болады. Жұмыс жасау үшін ең бірінші 4 пакетпен кіресің. Сосын адам жинаумен айналысып, олардың үстінен жалақыңды алып отыратын көрінесің. Біз әңгімелескен Гүлнар апайдың демеушісі айына 4-5 мың доллар алады екен. Бір жеңілдігі онда жұмыс жасап жүрген қызметкерлер өз жалақыларын тек ғаламтор арқылы алып отырады. Жұмыс уақыты 09:00-12:00 мен 14:00-18:00 аралығында.
«ТЯНЬШИ» тауардың «төресі» ме?!
«Тяньшидің» негізін 1995 жылы Ли Цзиньюань қалаған. Бұл корпорация небәрі екі жылдың ішінде (1997 жылы) халықаралық сауда айналымына шыққан. Содан кейін «Тяньши» ірі трансұлттық компанияға айналған. Аталмыш халықаралық корпорация әлемнің 190 елінде өз бизнесін жүргізіп, 110 мемлекетте филиалдарын ашқан. Қазіргі таңда бұл корпорация – 20 жаста.
«Бұл не корпорация? Қандай корпорация?» деген сауал ойыңызға оралуы мүмкін. Негізінен «Тяньши» сөзінің мағынасы – «Екі қанатты арыстан. Бірінші қанаты денсаулық сыйлайды, екінші қанаты байлық сыйлайды» деген мағынаны береді.
- Корпорацияның мақсаты – адамдардың денсаулығын сақтау, оны сыйлау және қоғамға қызмет ету, - дейді компания қызметкері.
Халық арасында көп айтылып жүрген «Тяньши» дәрісі шын мәнісінде халыққа септігін тигізіп жүр ме? Осы сұраққа жауап іздеу барысында «Екі қанатты арыстан» корпорациясының қызметкерін сөзге тартқан болатынбыз. Бүгінде көп адам фито-шай ішуді әдетке айналдырған. Олар дәрілік шөптердің зияны жоқ, әрі денсаулыққа пайдасы көп деп санайды. Сөйтіп шөп тұнбаларын дәрігер тағайындауынсыз қабылдай береді. Мұндай жандар біздің арамызда да кездеседі.
Ал ресейлік дәрігер-натуропат Светлана Ольховская емдік шөптерді қабылдағанда өте сақ болу керектігін айтады. Оның сөзіне сенсек, емдік шөптерді дұрыс және сауатты қолдана білген жағдайда ғана пайдасын тигізеді екен. Дәрігер емдік өсімдіктерден әзірленген шайды су секілді орынсыз көп ішуге болмайтынын ескертеді. Тіпті ең тәтті деген киікоты мен жалбыздан әзірленген шайдың өзін бақылаусыз үнемі ішуге болмайды, тек курстарға бөліп, белгілі бір уақыт аралығында ішу керек. Сондай-ақ емдік шөптерді басқа да дәрілер секілді дұрыс пайдаланбаған жағдайда кері әсерін тигізетін улы зат екенін есте ұстау қажет. Кейбір қырыққұлақ, омела, қарақошқыл, оймақгүл, грек ем шырмауығы секілді емдік өсімдіктер ерекше улы болып саналады. Оларды емдеуші дәрігердің нұсқауымен, көрсетілген дозадан асырмай, асқан сақтықпен пайдалану қажет. Тек бұларды ғана емес, емдік шөптердің қайсысын пайдалансаңыз да өте абай болған жөн.
Қолайсыз жағдайларды болдырмау үшін, ең дұрысы, кәсіби фитотерапевтке емделіңіз. Болмаса танысыңыз айтқан емдік шөптер рецептін емдеуші дәрігеріңізге көрсетіп, кеңесін алғаныңыз дұрыс. Есте ұстарлық бір жайт, кейбір адамдарға емдік шөптермен мүлдем емделуге болмайды. Егер өзіңізді осы аталғандардың қатарынан тапсаңыз, қатерге бас тікпеңіз. Фитотерапия аяғы ауыр және емізулі әйелдерге ұсынылмайды. Сондай-ақ бауыры мен асқазан жолы, жүрек-қан тамыры ауруына шалдыққандар, гипертония мазалайтын адамдар, аллергиясы бар жандар мен 14 жасқа дейінгі балаларға емдік шөп дәрілермен емделу қауіпті.
Сөз соңында айтарымыз, дертке шалдығып, жанына дауа іздеп, басын тауға да, тасқа да ұратын жандар көп нәрсеге аса сақтықпен қарай бермейді. «Осы дәрі ем болып қалар» деген сығырайған үмітпен түрлі шөп дәрілерді қолдана береді. Сондай кезде бірінің болмаса екіншісінің залалы тисе, бар кінәні кімге артады? Дәл осы шөптік дәрілердің сапасын бақылап, пайдалануға жарамды деп бір ауыз сөзді кесіп айтатын мамандар бар ма?! Оның ар жағында, халық «е-е-е, осының бір пайдасы тиер» деумен қалтасынан ақшасын суырып, түрлі шөптерді сатып алып жатады. Осы орайда санадан бір сұрақ кетер емес. Толған компанияларға халық жем болып, тоналып жатқан жоқ па?!
Десе де... біз жоғарыда мысалға келтірілген компанияларды қаралап, оған қара күйе жақпаймыз. Тек аса сақ болуды, сондай-ақ бақылау жасау керек жандардың дәл осы жағдайда қарап қалмауын қалаймыз.
Ердәулет КӘКІМЖАНОВ,
Серіжан ҚҰЛАХМЕТОВ
http://www.halyk-gazeti.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=4270:2015-07-02-09-52-19&catid=5:2011-11-18-09-02-24&Itemid=5 |