Екі аяқты пенденің Жаратушыдан кейінгі жақыны да, сүйенері де – дәрігер. Басы ауырса, балтыры сыздаса, бүйрегі бүлк, жүрегі зырқ етсе ақ желеңді абзал жандардың көмегіне жүгінеді. Ежелден келе жатқан тәмсіл бар: «дәрігер – адам жанының арашашысы» деген. Рас сөз.
Бүгінде мемлекет медицина саласына молынан көңіл бөліп отыр. Ауруханалар мен емханаларды жаңа да заманауи, сапалы техникамен қамтамасыз етіп жатыр. Адам денсаулығы үшін, дәрігерлердің дер шағында көмек беру мақсатында жағдай жасалған. Сөзіміздің дәлелі ретінде айтайық, Қызылорданың Қазалы теміржол ауруханасында адамның ішкі құрылысынан бастап басына дейін тексеретін томографтар бар екен. Алыстағы ауданда орналасқан ауруханаға осындай жағдай жасалуының өзінен бар сырды аңғаруға болатын шығар. Осы бір жаңалықты естігесін атбасын аталған ауруханаға қарай бұрған едік.
Бұл аурухананың тарихы XX ғасырдың басынан бастау алады. 1905 жылы Орынбор теміржол бөлімінің құрылуына байланысты Қазалы уезінде тұңғыш теміржол ауруханасы ашылады. Ал бір жыл бұрын Қазалы уезінде фельдшерлік-акушерлік амбулатория ашылған екен. Сол фельдшерлік-акушерлік амбулаторияның ізімен ашылған ауруханада алғашында 3 дәрігер қызмет көрсеткен. 5 адамды қабылдайтын орны болған. 1917 жылы аурухана 40 орынға кеңейтіліпті. Одан кейінгі ел тарихындағы ұмытылмас кезең – Ұлы Отан соғысы жылдарында теміржол ауруханасы әскери госпитальға айналып әскери науқастарды қабылдапты. Қысқасы, аурухана заман талабына сай дамып, өзгеріп, кеңейіп отырған. Бүгінде арғы беті Арал, бергі жағы Қармақшы ауданының адамдары осында емделеді десек, артық айтпағандық еді. Бүгінде онда жалпы саны 294 адам қызмет жасайды.
Жалпы, ел көлемінде денсаулық сақтау саласы кейінгі жылдары жаппай жаңаша жабдықталғаны белгілі. Осындай заманауи жабдықталудан теміржол ауруханасы да шет қалмаған. Аурухана басшысы Құбыл Ршымбетов емдеу мекемесін заманауи құралдармен жабдықтау шарасы жылма-жыл жүзеге асырылып келе жатқандығын айтады. Бұл орайда, аурухана 35-49 жас аралығындағы әйелдердің сүт безі ауруларының алдын алу мақсатындағы Италияда шығарылған «Melodv» маркалы мамограф аппаратымен, жүктіліктің 20 аптасынан бастап шарананың түрлі жұқпалы аурулары мен кемістіктерін, сондай-ақ, ересектер арасындағы жұқпалы ауруларды анықтайтын ИФА аппараты, бас, ми қабатының жабық және ашық жарақаттарынан кейінгі өзгерістерін, қысымының жоғарылауын белгілейтін «Nicolet Companion» маркалы ультрадыбысты доплерограф аппараты, жапондық сандық УЗИ, гастрофиброскоп, плазмафарез, Ресейде жасалған заманауи үлгідегі электрокардиограф аппараттары, Қытайда жасалған автоматты гемотологиялық сараптама, жартылай автоматты биохимиялық сараптама, т.б. жабдықтармен қамтамасыз етілген. Қ.Ршымбетов «жаңа тұрпатты жабдықтармен жұмыс істеу үшін мамандар білімін жетілдіріп, сертификат алған. Олардың барлығы халыққа қызмет жасап жатыр» дейді.
Қазалы теміржол ауруханасының акциясы толықтай Төтенше жағдайлар министрлігіне тиесілі екен. Көптеген жандар маңдай тірейтін бірден-бір емдеу орны Үкімет қаулысымен «тегін медициналық көмектің кепілдік берген көлемі» шеңберінде халыққа қалтқысыз қызмет жасауда. Ауруханаға қарасты емханада, ақылы бөлімшеде сапалы ем беріледі. Өз ішінен дәрі дайындайтын дәріхананың болуы да басты ерекшелігінің бірі. Мұндағы хирургия, терапия, гинекология, неврология, педиатрия бөлімшелерін тәжірибелі мамандар басқарады.
Сондай-ақ, физикалық емдеу кабинеті, қатты толқынды терапия, қол, мойын массаж құрылғысы, самырсын (кедр) саунасы, тұзды емдік ваннаның әлденеше түрі, суда көпіршік арқылы емдеу, Су-Джок терапиясы көпшіліктің көкейінен табылуда. Жансақтау бөлімшесі орталықтандырылған оттегі беру жүйесімен, барокамера, инфузиялық шприц, сорғы аппараттары, басқа да озық технологиялармен жасақталған. Алдағы уақытта олардың қатарын тағы да қосымша құралдармен толықтыру межеленуде. Ауруханадағы параклиникалық бөлімшелерде клиника-диагностикалық, бактериологиялық, биохимиялық, иммунды-ферментті зертханалар орналасқан. Компьютерлік томография облыс орталығынан жырақтағы аудан үшін өте маңызды десек жаңылмаймыз.
Аудан бойынша 20 мыңнан астам тұрғын теміржол ауруханасының есебіне алынған. Онда тәулігіне 350 адам қабылдаудан өткізіледі. Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен скринингтік тексеру тегін жүргізілуде. Оның маңыздылығы баршаға мәлім. Аурудың бастапқы кезеңін дер кезінде анықтауға, асқындырмауға, жүйелі ем қабылдауға мүмкіндік туындатады. Жүйе, әсіресе, Еуропада оң нәтижеге жетіпті. Тексерудің бұл түрі жүрек-қан тамыры, жыныстық аурулар, сүт безі қатерлі ісігі, суқараңғылық, «В», «С» вирустік гепатит тәрізді зардабы мол кеселдердің жолын кесуге бағытталған. Қазір скринингтік тексеру ауданда кеңінен етек алуда. Кінәраты нақты-ланғандар арнайы тіркеліп, ем-домын қабылдауда.
Бүгінгі таңда жұртшылықтың қалаған емдеу мекемесін таңдауға құқығы бар. Мұның өзі бәсекелестік ортаны қалыптастыратыны даусыз. Теміржол ауруханасының материалдық жабдықталуы көңіл қуантады. Біздегі деректе денсаулық сақтау департаменті конкурс арқылы аудан тұрғындарына «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі» шеңберінде көмек көрсету, ем алуына жергілікті, республикалық бюджеттен қаржы бөлінгені жазылыпты. Үлкен жетістік. Медициналық қызметке ақы төлеу комитеті де мұқият зерделеп, жоғары бағалапты. Нәтижесінде мамандандырылған көмек саласы бойынша қаржы қаралуы бірауыздан мақұлданыпты. Осындай қадам ұжымның сенімін нығайтуда. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасымен жігерленген аурухананың тізгінін ұстағандар қоғамның құнды байлығы – дені сау адам екенін қашанда жадынан шығармайды. Сол тұрғыда қызмет аясы жандандырыла түсуде.
– Жамбас ұршығына гемипротез орнату сынды ауыр операция еліміз бойынша санаулы жерде ғана қолға алынған. Мұның өзінен теміржол ауруханасының деңгейі қаншалықты биік екендігін саралауға болады. Оған қоса, денені кеспей эндоскопия аппаратымен ота жасалады. 2012 жылдың күзінен бастап іске қосылған компьютерлік томографиямен бірсыпыра сырқаттардың диагнозы анықталды. Облыста компьютерлік томографияны біздің аурухана ғана сатып алғанын айту ләзім. Кадр даярлау да күн тәртібінен түспейді. Бұған дейін аурухананың қаржысы есебінен жоғары оқу орнын бітірген 3 дәрігер еңбекке орналасқан еді. Биыл тағы да 2 маман келмекші. Сондай-ақ, тұрмысы төмен отбасының перзенті Ақтөбе медициналық академиясында білім алып жатыр. Бәрінің қызмет орны дайын тұр. Бүйрегі істен шығып, алмастыруды күтіп отырған Арал, Қазалы, Байқоңырдың тұрғындары біздің ауруханадағы германиялық аппараттан тұрақты ем қабылдады, – дейді Құбыл Ршымбетов. Сондай-ақ, аурухана тарапынан «Дипломмен – ауылға!» барған мамандарға аға буын дәрігерлер тарапынан кеңес беру, медициналық кеңестерге, конференция, семинарларға қатыстыру, білімін жетілдіру мақсатында курстарға жіберу шаралары жасалатындығы айтылды. Шындығында да, емдеу ісінен тәжірибесі жоқ, мүмкін теориялық білімі де тиісті деңгейде емес жас маманға халық денсаулығына қатысты үлкен жауапкершілікті жүктей отырып қарастырылатын шара емес пе?
Ең бастысы, шалғайда жатқан ағайын компьютерлік томография арқылы ішкі ағзадағы дертті анықтау үшін облыс орталығына сабылмайды. Сәулелі диагностиканың жетілген түрі осы ауруханада бар екенін айттық. Осы аппарат арқылы диагнозды уақтылы қойып, медициналық орталықтан нейрохирург шақырып, инсульт алған адамдарға операция жасалған. Алдымен қалаға сабылып, одан тыңғылықты тексеруден өтіп, сонан соң ғана ота жасалатынын ескерсек, онда аурухана қызметкерлері бірнеше адамның өмірін ажалдан аман алып қалғанын сеземіз.
Аурухананың ақылы бөлімі де жолға қойылған. Теміржол саласындағы мекемелер арнайы келісімшартқа отырып, аурухананың қызметіне жүгінуі сөзіміздің дәлелі. Яғни, мекеменің қаражатымен науқастанған жұмысшы-қызметкерлерге жолдама беріледі. Сонымен қатар, жекелеген тұлғалар да өз қалтасынан профилактика мақсатында емделуге болады. Бұл бөлімге де озық үлгідегі аппараттар қойылған. Қазалы теміржол ауруханасы жұртшылықтың талғамынан табылып жүрген іргелі мекеме. Нарықтың сынағынан сүрінбей қалыптасуына бас дәрігердің сіңірген еңбегі ерекше. Шалғай ауданға соңғы үлгідегі аппараттарды алдыртып, қабырғалы қауымның игілігіне жарату оңай емес. Талмай ізденетін басшы өзгелерден де соны талап етеді. Ауруханадағы дәрігерлердің басым бөлігі бірінші санатты болуы сөзіміздің дәлелі.
«Нағыз дәрігер үшін сырқаттың шынайы ризашылығынан асқан бақыт болмайды», дейді Қазалы теміржол ауруханасының бас дәрігері Құбыл Ршымбетов. Ел ағасы жасындағы басшының өңінен парасаттылықтың лебі еседі. Байыпты мінезді, нағыз істің адамы тәрізді. Әрбір сөзін балғамен соққандай нық айтуынан темірдей тәртіптің иесі екені білінеді. Ал тәртіп бар жерде – жұмыс та нәтижелі болмақ.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
Қызылорда облысы.
8.08.2014
http://egemen.kz/?p=33802
|