Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



13:25
«Мен» деген емшінің бәрі мықты бола бермейді екен...

Лұқпан хәкімге бір сопысымақ адам бір жиында:
– Сіздің ауруға ем етуіңіз күнә, құдайдың жіберген қаза-бәлесіне себеп табамын деген құдайға қарсылық болып табылады деп білемін, – деді.
Лұқпан айтты:
– Олай болса, сол айтқан сөзіңіз жазылған кітапты келтіріңіз, сенімді кітап болса біз тоба етіп, дәрігерлікті қоялық, – депті ондай сөздердің кітапта болмайтынын біліп.

Омыртқа сақиналарының зақымдануының соңы омыртқа жарығы (грыжа) көп адамдарда бір аяқтың, болмаса екі бірдей аяқтың алдымен сыздап, кейіннен бастырудан қалдырады. Кейбір адамдар жүргенде белі біржағына қарай қисайып, шығып кеткендей болып көрінеді. Әрине, мұндай жағдайда кез келген адам ақ халаттыларға көрінер болса, олар пышақтарын жалаңдатып «ота жасатар болсаңыз құтыласыз», – деп сенімді түрде салмақты өзіңізге салары сөзсіз.
Ал емшілерге барсаңыз ше? Қазір мұндай кеселді «емдеп жазар» емшілерден аяқ алып жүре алмайсыз. Тіпті белгісіздеу бір ауылда сондай емшілердің екі-үшеуі бірдей өмір сүріп жатады. Бірінен жазылмасаңыз: «Қап, анаусына барғаным дұрыс па еді?» – деген ой жаныңа батып, түн ұйқың төрт бөлінген кездері қаншама рет есіңе түсіп жатары хақ. Тіпті әрқайсысына бара-бара: «Ай, осы менікі сол «грыжа» емес, басқасы болар, бәлкім», – деп өз-өзіңе сенімсіздік артар кездерді қайда қоярсың?
Ал «сәтін» салар болса, бір-ақ емшінің алдын көріп, көзің ашылары да бар. Ондай болмаса қалтаңа топ-тобымен әркімдерден есіткен небір «емшілердің» мекен-жай қағаздарын уыстап салып  жүргенің сол.
– Менде де солай ауру жәйлап басталды, – деп бастады осындай қиыншылықтарды көрген бір досым. – Сонау тобық үстінен басталып, балтырдың тізеге дейінгі аралығы сыздап жүрді алғашында. Әрине, бірінші ой – «суықтан болар». Жоқ, күннен-күнге асқынып, ауырсына бастады. Тіпті жылына жақындағанда бір аяқты еркін бастыруды қойды. Сонда да қатарыңнан қалысқың келмей, амалсыз шойнаңдайсың.
Күндер аса белімнің бір жағына қарай қисайып кеткенін байқадым. Сонан амалсыз диагностикаға (МРТ) баруға тура келді. Жиырма минуттай гүрілдеген, дырылдаған аппарат ішінде жатуға тура келді. «Ек-үш күннен соң қорытындысына келесіз», – деп шығарып салды. 100 шақырымдай жердегі үйіңе барып-келу де бұл кезде ауырлыққа түсетін. Бірақ амал жоқ.
Айтылған уақытында қорытындысын алдым қолыма. Бірақ:
– Бүгін невропатологтар жоқ, ертең келесіз, – дейді мізбақпастан қағазды көрген мейірбике.
Әрине, шу шықты. Барып-келер жерім таяқ тастам жер емес екенін айқайлап айтқаннан болу керек, бір кабинетке жіберді. Жас дәрігер жігіт отыр екен.
– Ота жасаймыз, ағасы, келісер болсаңыз.
– Кепілдік бар ма?
– Бір Аллаға аян, – деп екіұшты жауап берді.
Үн қатпай шықтым да кеттім. Ал сонымен ертесінен емші мен сынықшыларды іздеу басталды. Сөйтсем ол кісілерім де есепсіз екен.
Алғашқы хабар сонау Алматыдан шықты. «Барасың, кіресің, шығарда қақаңдай бересің», – болды мақтауы. Бардым, сүйретіліп.
– Мына дүкеннен корсет әкеліңіз, – деді мекен-жай анықтамасын беріп.
Алып келдім. Жатқызып, арқамды қайта-қайта басып жүріп, корсетімді кигізіп, шандып қойды. Сөйтсем онысы тізені бүктірмей, қақайтып ұстайтын үш жерінен тартылған ұзын сымдары бар дүние екен. Біреулердің көмегімен пойызға отырдым. Сол көмекпен түсіп, үйге де келдім. Жиырма күндей көрген қорлығым аз болмады. Күні толғанда корсет шешілді. Екі тізе бірдей қақайып қалған, жүргізбейді.  Біраз күннен кейін орнына зорға келді. Алайда «грыжам» сол күйі. Болмады. Не керек, содан күшті емдейді деп мақтауы жарасқан, аты шыққан емшілерден Жетісай да қалмады, Жамбыл обылысындағы екі-үш емші, Шымкенттен оншақты, тіпті өз қаламдағылардан да қалмады. Бір қызығы, барған жерімдегі емшілердің барлығында «міне, мен осындаймын» дегендей, терезенің жартысындай шамада  сертификаттары ілініп тұрады. Оны көргенде кәдімгідей үмітің оянып, ішің жылып қалады.
Тағы да барған жеріңде қай-қайдағы бір шөптен жасалған дәрі-шөптерді ұстатып жіберетіні бар. Укол салатындар да болды. «Ыстық» укол мен сүліктің сілекейін де көрдім. Еш нәтиже болмады. Содан мың жерден мақтауын келтірсе де бойымда емшілерге деген сенім кете бастады.
Бір күні: «Ойбай, тек міністірлер мен депутаттарды ғана қабылдайды екен» деген сенімді адамнан естіген бір емшімен хабарласайын.
– Жақында солай қарай, Шардара жаққа өтемін, – деді емші салқын ғана.
Шыдамсыздана күтейін. Шулап жүріп күтіп алдық. Айтысына қарағанда, «Медицина ғылымдарының кандидаты» дегендердің бәрі оның жолында шашылып қалады екен. Тіпті шет елдерден шақыру, құрмет дегеннің көкесін көріп жүр деседі.
– Шот (сөз) емес, ертең-ақ жүріп кетесіз, –  деді ол. Ем-дом жасады. Ойлап қарасам, бас-аяғы бір жылдан асар-аспас уақытта осы сияқты керемет емдейді деген 17 емшінің алдынан өтіппін. Дым жоқ. Сол күйі тағы да «грыжамен» алысып қалдым.
«Көңіл қалды достан да, дұшпаннан да» дегендей, кісікиікке айналып бара жатқандаймын. Өйткені ауру жаныңа батқан сайын ешкімнің сөзін жақтырмауға айналдым. Қазір «Пәлен жерде пәленше деген емші бар екен» дегендерге алакөзденетін жағдайға келдім. Бір бөлмеде бір өзім ұзақты түн ауырсынып арпалысудан шаршаған бір күні өзімді-өзім қайрап: «Қой, жата бермейін» деп бір қадамға бел будым. Балаларға ұзындығы екі метрдей жалпақ тақтай алдырдым...
Қысқасы, бір айдай осы тақтаймен жасаған емімнің арқасында қазір, шүкір, ептеп ұйқы да тынышталды, әлгі бір жағына «шығып» кеткен белім де орнына келді.
Мен барлық емші атаулыға күйе жағудан аулақпын. Ана жоғарғыдағы Хәкім Лұқпанның сөзіндей, бір жағынан қоғамға емші де керек. Бірақ  «мен» деген емшінің бәрі мықты бола бермейтініне көзім жетті. Ауырған адам үшін ең бастысы, шыдамдылық, төзімділік керек екен, – деп сөзін аяқтады досым.  

Әуелхан НАЗАРҚАСЫМҰЛЫ.
Арыс қаласы.

Редакциядан: Автормен  8-777-601-01-64 нөмірі арқылы хабарласуға болады.

http://www.zamana.kz/kz/akparat/2085-men-degen-emshini-b-ri-my-ty-bola-bermejdi-eken

Просмотров: 632 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]