Даңқты жерлестеріміз
Халық денсаулығы - үлкен байлық. Оның ішінде жас ұрпақтың, балалардың дені-қарнының сау болып өсуі қоғамның мойнындағы үлкен парыз. Ал сол істі атқаратындар - білімді медицина қызметкерлері.
Айдынды Аралдың бір түкпірі «Қасқақұланда» туып, қазақ медицинасының тарландарының біріне айналып, балалар денсаулығын қорғауда ерекше қызмет атқаруға бар ғұмырын сарқи арнаған медицина ғылымдарының докторы, профессор Әбубәкір Ерекешов аралдықтардың нағыз мақтанышы болатын.
Ә.Ерекешов 1946 жылы 10 қарашада дүниеге келген. Мектептен соң, Алматы мемлекеттік медицина институтын, (қазіргі Қазақ Ұлттық медицина университеті) бітірген. 1972-1974 жылдары Алматыдағы бірінші қалалық балалар ауруханасында хирург болып, кейін бас дәрігер қызметін атқарды. 1974-1988 жылдары облыстық балалар ауруханасында хирург, бөлім меңгерушісі, бас хирург ретінде бүлдіршіндердің денсаулық сақтау саласының қалыптасуына үлкен қызмет етті.
1991-1995 жылдары Қазақ Ұлттық медицина универстетінде ассистент, доцент болды. Мұнан соңғы жылдары ҚР Денсаулық Сақтау агенттігіне қарасты дәрігерлердің курс меңгерушісі қызметін атқарды. Балалар травматологиясына байланысты аса бағалы ғылыми зерттеу еңбектері үшін ол 1999 жылы Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.
Өзі өмірден өтсе де қазақ медицинасында жарқын да, жасампаз мектебі оның зерттеулерінен бастау алып, арнасын кеңейтіп келеді.
Е.КЕҢТОҒАЕВ
«Құрылтай» газеті, 10 қараша 2016 жыл
Ұлтқа қызмет ету үлгісі (ұстаз туралы эссе)
Өмірді бір сәт түпсіз терең мұхитқа теңесек, сол мұхиттың бетінде алыстан мұнартып тұратын мұзтау секілді адамдар болады. Біз ондай жанның асқақ бейнесін ғана көріп, бергі жағына таң қаламыз, ал, сол мұзтаудың асыл қасиеті тым тереңде, мұхиттың түбінде шөгіп жатқанын ескере бермейміз.
Сондай жанның бірі -медицина ғылымының майталманы, қадірлі ұстазымыз Әбубәкір Ерекешұлы Ерекешов болатын.
Бүгінде бар ғұмырын балалар хирургиясының биікке көтерілуіне арнаған білікті дәрігердің бақилық болғанына да бір жарым жыл болыпты. Таулардың биіктігі алыстаған сайын байқалатыны секілді, осы аралықта көкірекке осыбір таутұлғалы азаматтың адамдық болмысы туралы қаншама ой жиналып қалды десеңізші... Естеліктер жиынтығын шығару туралы ізгі мақсатты естігенімде, жүректе жатталған оның жарқын бейнесін көрсету ойы мені де мазалап жүрген. Себебі, бірде ұстаз, бірде әкемдей болған адам жайлы, оның жүріп өткен өнегелі өмірі жайлы үндемей қалу мүмкін емес.
Әлі есімде... Сәтін салып 2001 жылы балалар хирургиясы кафедрасына ассистент болып орналастым. Менің пешенеме бірден атына сырттай қанық боп жүрген білікті дәрігер Әбубәкір Ерекешұлының қарамағында жұмыс істеу бұйырды. Олай дейтінім, ол өте еңбекқор, кәсібіне адал, білімдар, хирургия саласының шебер майталманы еді. Әрине, ол кісінің мұнан басқа да асыл қасиеттерін өзге де әріптестері мен құрдастары жазады ғой деп ойлаймын. Мен тек ұстазымның ұлтжандылық қасиетіне тоқталғым келеді. Өйткені, Әбубәкір Ерекешұлының елге, туған жерге деген махаббат сезімі кез-келген жанның бойындағы отаншылдық сезімді түртіп оятушы еді. Ондай сезімді менің де бірнеше рет бастан кешіргенім бар-ды.
Бірде жұрттың: «Қалай, Астанаға үйрендіңіз бе?», - деген сұрағына, ол кісі: «Үйренетін несі бар, Арқа ата-бабамыздың көшіп-қонып жүрген жері емес пе?! Өзіміздің туған жер! Бұл - бос сұрақ...»,- дегені бар. Сонда ол шынымен елін, жерін алаламай, тұтастай туған елім деп жақсы көруші еді.
Ол кісінің кіндік қаны тамған жері Арал өңірі екені белгілі болатын. Айтуынша, бала кезінде әкесімен бірге теңізге шығып, балық аулайды екен. Тіпті, қыстыгүні де әкесінің қасынан бір елі қалмаған. Сонда Аралдың аязы мен бет қарыған үскірік желінің екпіні Астананың сақылдаған сары аязынан асып кетпесе, кем түспейтін көрінеді деп айтып еді.
Жалпы, «Ұстаз болу - жүректің ұлылығы» деген сөз бар. Ол ағаға арнап айтылғандай. Әбубәкір Ерекешұлының жастарға деген қамқорлығында шек жоқ еді. Ол жер анадан тамыр алып жаңа ғана көктеген жас шыбық-жастардың түзу әрі жайқала өсуі үшін бар көмегін аямайтын. Соның нәтижесінде, 2005 жылы республикалық байқауда «Жоғарғы оқу орындарының үздік оқытушысы» деген мемлекеттік грантқа ие болды. Жан-жағына тереңдік, кеңдікпен көз тастайтын жаннан үйренетін жер көп болды. Ұстаз әрдайым соңынан ерген шәкірттерге тура жол сілтеп, дұрыс бағыт берді, олардың бір-біріне қамқорлықпен қарауын, бір-бірін үнемі қолдап отыруын қалап, ынтымақты болуға ұйыстырды. Бүгінгі таңда сол шәкірттердің бәрі өз мақсаттарына жетіп, медицина саласының асқар шыңына көтерілген. Бірде ол кісіге осы жетістіктер сіздің арқаңызда болды дегенімде:
- «Шын мәнісінде, олай емес. Бұл жетістіктер сендердің ерінбей еңбектеніп, тапжылмай ізденгендеріңнің арқасында келді. Әрқайсысың ел азаматтарысыңдар. Соны ұмытпа!», - деді. Ағаның бұл нақыл сөздері әлі есімде.
«Өсетін елдің баласы бірін-бірі батыр дейді, өспейтін елдің баласы бірін-бірі қатын дейді» деген мақалды да сол кісіден алғаш рет естідім. Естідім де бар қазақ менің жалғызым деген ойға жетелейтін бұл нақылды мәңгілік жүрегіме байладым.
Шыны керек, қазіргі уақытта жүзге, руға бөліну үрдісі өрбіп, кейде тіпті, адамдарды бір-біріне қарсы қоюға дейін баратын жағдайлар жиі етек алып барады. Елбасымыз айтқандай, ондай адамдар тек күлкі-мазаққа лайық. Бірақ, өкінішке орай, теріс пиғылды, майда мүдделі жандардың аз емес екені ойландырады. Осындайда, Әбубәкір Ерекешұлының бар ғұмыры, іс-әрекеттер мен терең ойлары қазақ жастарына үлгі болары анық.
Ұстаз Астанаға келісімен 5 жылдан астам уақыт асыл жары Раушан Зияшқызымен бірге студенттердің жатақханасында тұрды. Медицина ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреатының тұрмысын көріп, сол тұста біздің де жанымыз ауыратын. Бірақ, тұрмыс тауқыметі таутұлғаны шыңдамаса, тұқырта қоймады. Ғалым ашқан ғылыми жаңалықтар да, балаларға жасаған шипалы әрі нәтижелі оталар саны да, шәкірттерінің жетістіктері де осы жылдардың жемісі екені анық.
Ол Ресей мен Израильдің балалар хирургиясының профессорларымен тығыз байланыс орнатып, өнімді жұмыс жасады. Шәкірт дәрігерлерді әлемдік деңгейде жоғары талапқа сай жұмыс істеуге үйретті. Студенттерді шетелге шығарып, жат елдің балалар хирургиясындағы озық жетістіктерімен тікелей танысуына мұрындық болды. Маған әрдайым Әбубәкір Ерекешұлының еліне, жеріне, қазақ халқына деген сүйіспеншілігі мен махаббаты шексіз көрінетін. Тәуелсіз еліміздің болашағына таудай сеніммен қарайтын ұстаз жастарға көп үміт артатын. Сондықтан, жастарға қолдан келгенше қолдау жасап, бағытын дұрыс анықтауға бар күшін салатын. Бүгінде сол шәкірттердің барлығы ұстаз берген бағыттың дәл әрі асқан көрегендікпен жасалғанын айтады.
Бірде Әбубәкір Ерекешұлы мені өзіне шақырып алып: «Қазір Мұса деген жігіт келеді, ғылыми жұмысының құжаттарын дайындауға көмектесіп жіберерсің»,- деді. Кабинетте күтіп отырғанда, есіктен қара нәсілді африкалық бауырымыз Мұса кірді. Бұл эпизод та ағамыздың білім-ғылымға талпынған жастарды бөлмей, барынша көмек беруге тырысатын риясыз көңілін байқатқандай. Оның шәкірттерінің ішінде өзге ұлт өкілдері де аз емес еді.
Осы орайда, өмірде мұндай текті де, дана адамдардың қатары көп емес екенін өкінішпен айтқым келеді. Бүгінде осыбір асыл жанның үлгі-өнегесін есімізден шығармай, Әбубәкір Ерекешұлының ұстанымына лайым лайық болуға тырысып келеміз.
Менеджмент немесе басқару саласының белгілі американдық маманы Стивен Ковидің пайымдауынша, нағыз нәтижелі кісінің мінезі тұрақты келеді, іске деген жауапкершілігі, оны орындауға қоятын талабы да жоғары деңгейде болады, сонымен қатар, ондай кісіде адамға деген мейірімділік пен қайырымдылық сезімдері қатар жүріп, бір-бірімен үндесіп отырады дейді. Қасындағы кісілердің жан дүниесін өте жақсы түсіне білетін Әбубәкір Ерекешұлының өмірлік жолы мен азаматтық болмысына үңілсем, бұл қағиданың айна қатесіз айтылғанын көрем.
Ол кісі мені 2006 жылы Қазақ мемлекеттік медицина академиясының үш факультетін басқаруға ұсынып, қолдау көрсетті. Алғашында ойланып көрейін дедім. Алайда, мұндай жауапкершілігі мол жұмысты алып жүруге жастау екенімді сылтауратқан сөзімді құп көрмей, ұлт тарихынан мардымды мысалдар келтіре жөнелді. Тарихта 28 жасында Ишанбай Қарақұлов министр болған, 34 жасында Қамал Сәруарұлы Ормантаев ғылым докторы атанды дей келіп, ақыр аяғында декан болуға көндірді. Қарап отырсам, өмір жолымда адам және маман ретінде өсуіме маған Әбубәкір Ерекешұлындай ешбір жан ықпал жасамапты. «Клиникадағы дәрігердің қателігінен бір адам зиян көреді, ал, егер денсаулық сақтауды ұйымдастырушы қателессе, зардабын мың адам көреді. Сондықтан жұмыстың бұл қырын да біліп, үйрену керексің»,- дегені әлі күнге дейін көкейде жатталып тұр. Факультет кеңесінің отырыстарын өткізгенімде оған елімізге сыйлы медицина ғылымдарының докторлары, профессорлары атанған кафедра меңгерушілері қатысатын. Осы кісілермен дұрыс қарым-қатынас орнатып, жұмыста нәтижеге қол жеткізуге кеңесші болған да Әбубәкір Ерекешұлы болды. Бір жылдың ішінде академияның барлық факультеттерінің ішінде ешбір ескертусіз министрліктің лицензиясын алып, ISO 2001 аккредитациясынан өткен біздер ғана болдық. Кейін 2007 жылы бала урологы мамандығымды жалғастыру мақсатында жаңадан ашылып жатқан Ана мен бала ғылыми орталығына құжаттарды тапсыруыма ақыл-кеңес берді. Өткен күндерді ой елегінен өткізсем, менің, жалпы, отбасымның бағының ашылуына ол кісідей ықпал жасаған ешкім болмағанына көзім жетеді. Ағаға деген алғыс сезім менде ғана емес, барлық шәкірттерінде де бар екеніне күмән жоқ.
Ұлтымыздың жарқын болашағын жастармен байланыстырған Әбубәкір Ерекешұлы бар білімі мен іс тәжірибесін, ақыл-жігері мен күш-қуатын дәл осы жас толқынға, шәкірттері мен әріптестерінің білікті маман ретінде өсуіне, олардың елжанды азамат боп өсуіне аямай жұмсады. Біз Әбубәкір Ерекешұлының үміті ақталатынына, Қазақ елінің болашағы зор болатынына сенеміз, әрі солай болуы үшін аянбай еңбек етеміз. Бұл шәкірт жүрегінде сөнбес сәуле қалдырған адамға деген ізгі құрметіміз бен мәңгілік естелігіміз деп білеміз.
Б.А.ТӘЖІБАЙ 27.10.2013 жыл.
http://afprz.kz/index.php/ru/blogart/showtext/12
АЛҒЫСПЕН НҰРЛАНҒАН АДАМ
“Адам үшін денсаулық – ең ұлы қазына, онымен салыстырғанда, басқа мәселелердің бәрінің де маңызы төмен” деген екен Шопенгауэр. Денсаулықтың қадірін біздің ата-бабаларымыз да жақсы білген. Әйтпесе “бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақжаулық, сонан кейін – он саулық” деп айтпаса керек еді.
Бүгінгі балалар хирургиясы саласындағы еліміздегі ең мықты мамандардың бірі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Президент грантының иегері, медицина ғылымдарының докторы, профессор Әбубәкір Еркешов осы денсаулық мәселесі жайлы айтудай айтып жүр, тек тыңдайтын құлақ болса.
– Бұл күнде балалар денсаулығынан қадірлі дүние жоқ. Әр бала – қоғамымыздың келешегі. Сондықтан оны көздің қарашығындай сақтауымыз керек. “Баласын гигиена талаптарына сай тәрбиелемеген ана – болашақ алдында кінәлі” деген екен И.Мечников. Расында да тазалық пен денсаулық барлық мәселелерге әсер етеді. Біздің қазақ “дені саудың – жаны сау” дейді. Осы бір ауыз сөздің астарында терең мән жатыр. Өзін күтіп, таза ұстайтын адам тәнімен қатар жанын да кірге шалдырғысы келмейді. Сөйтіп, адам бірте-бірте ластықтан, соның ішінде жан-дүние ластығынан жиіркенетін болады. Бәрінен де тәртіп пен тазалықты, адамдар арасындағы құқықтық қатынастарды жоғары қоятын салауатты, мәдениетті қоғам осылайша қалыптасады. Ал толымды қоғамнан болымды ұрпақ өсіп шығады, – дейді Әбубәкір Еркешұлы.
Аспандағы ай неге қараңғы түнде алтындай балқып, жерге неге нұр төгеді? Себебі, ол күн сәулесіне малынып, сол сәулені Жерге бағыттайды. Өмірде үлкен жетістіктерге жеткен білікті мамандар мен ғалымдардың қызметі де ай секілді. Олар өздерінің алған білімдері мен бай тәжірибесін айналасына нұр ғылып шашады.
Әбубәкір Еркешов 1946 жылғы 10-қарашада Қызылорда облысының Арал ауданындағы Көзжетпес ауылында дүниеге келді. Орта мектепті бітірген соң Алматы медицина институтының бала емдеу факультетіне түсіп, оны 1970 жылы педиатрия мамандығы бойынша бітіріп шықты. Оқуды бітірісімен әскер қатарына алынып, әскери дәрігерлік қызмет атқарды.
Әскерден оралысымен Алматы қаласындағы қалалық балалар клиникалық ауруханасында балалар хирургі болып жұмысқа орналасады және өз ортасында біліктілігімен, білімділігімен, ең бастысы аса ізденімпаздық қасиетімен көзге түседі. Осы қасиет оның болашағына жарқын жол ашып бергендей болды. Ординатор, хирургия бөлімшесінің меңгерушісі болып тағайындалады. Алматы облыстық денсаулық сақтау бөлімінде бас хирург қызметтерін атқарды.
Әбубәкір Еркешұлының мұнан кейінгі қызметі Алматы қаласымен тікелей байланысты болды. 1987 жылы қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары және көп өтпей-ақ бас дәрігері болды.
Мұнан кейін ғылым жолында ізденуді жөн көрді. Әдетте ғылымға айтсам деген ойы мен идеясы бар адамдар келеді. Мұндай адамдар өзінің атқарып отырған кәсібі бойынша бұрын адамдардың көзіне түспеген кейбір құбылыстар мен жайттарды басқалардан бұрынырақ байқайды. Сонан кейін сол құбылыстардың соңына түседі. Олардың заңдылықтарын зерттейді. Осыдан барып ғылыми жаңалықтар ұшқындай бастайды. Мәселен Әбубәкір ағамыз хирург бола жүріп, өзінің осындай аңғарымпаздық, ізденгіштік қасиетінің арқасында жеке ғылыми жұмыстармен шұғылданып, емдеу саласында көптеген өнертапқыштық жаңалықтар ашқан еді. Осындай еңбектерінің нәтижесінде балалар хирургиясы бойынша жоғарғы категорияға, Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігінің бірінші және екінші дәрежелі дипломдарына ие болды. Оған КСРО-ның өнертапқышы атағы берілді. 1986 жылы “КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі” атанды. Осы жылы “Балалардағы иық сүйегінің айдаршық үсті және айдаршық арқылы сынықтарды емдеу” тақырыбы бойынша кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шықты. Ал 1991 жылы Алматы мемлекеттік медицина институты кафедрасына доцент болып, шәкірт тәрбиелеумен де шұғылданса, 1995 жылдан бастап Алматы мемлекеттік дәрігерлердің білімін жетілдіру институтында балалар хирургиясы курсының меңгерушісі болып істеді.
Ғылым саласында да үлкен табыстарға жетті. 1999 жылы оған “Балалар жасындағы травматологияны және ортопедияны диагностикалау мен емдеудің жаңа технологиясы” бойынша ашқан жаңалығы мен еңбегі үшін ғылым, техника мен білім беру саласы бойынша тағайындалған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді. 2000 жылы “Балалардағы иық сүйегі сынықтарының жаңа тәсілдерін жасау және клинико-патогенетикалық негіздеу” деген тақырыпта докторлық диссертациясын ойдағыдай қорғап шықты.
Әбубәкір Еркешұлы 2001 жылдан қазіргі уақытқа дейін Астанадағы Қазақ мемлекеттік медицина академиясында балалар хирургиясы кафедрасының меңгерушісі қызметінде. Профессор. Сонымен қатар №2 балалар емханасында бас ортопед-хирург болып жұмыс істейді. 220-дан астам ғылыми жұмыстарын жариялап, 1 монография, 8 оқу-әдістемелік құралын әзірлеген, 40-қа тарта өнертапқыштық жаңалықтар жариялаған үлкен еңбек иесі. Оның жетекшілігімен 7 кандидаттық, 1 докторлық диссертация қорғалса, енді 19 ғылыми ізденуші Әбекеңнің ақыл-кеңесімен ғылыми жұмыстарын сәтті жалғастырып келеді.
Өткен жыл Әбекең үшін жемісті жылдардың бірі болды. Оған Білім және ғылым министрлігінің шешімімен “2005 жылдың ең үздік оқытушысы” атағы берілді және Қазақстан Республикасы Президентінің гранты тапсырылды.
“Кісінің кісілігі айтқан сөзінен емес, істеген ісінен көрінеді” деген тамаша сөз бар. Әбубәкір Еркешұлы 2 миллион теңге тұратын Президент грантына ие болысымен, оны игілікті шаруаға жұмсағанды жөн көрді. Ол осы қаржымен Израиль еліне қарай жол тартты.
– Қолыңда қаржы бар кезде медицинасы дамыған елдердің мамандарымен араласып, тәжірибе алмасып, артықшылықтарын өз көзіңмен көргенге не жетсін. Сапардың басты мақсаты осы болды.
Хайфе деген қаласындағы медициналық орталықта тәжірибе жинақтап, әрбір операцияға қатыстырғаны үшін ақша төлеп, он жеті операцияға қатыстым. Бұл елде тұрғындарға медициналық қызмет көрсету ерекше дамып кеткен. Оларда адамды емдеу жедел жәрдемнен басталады. Жедел жәрдем қызметкерлерінің әр түрлі жағдайларға байланысты жасалатын арнайы нұсқаулықтары, емдері бар. Ауруды емханаға жеткізгенше-ақ айналдырған 10-15 минут уақыттың ішінде сырқатын анықтап, жолай неше түрлі күрделі процедураларды жасап үлгіреді. Жедел жәрдемде жұмыс істейтін паромедиктердің біліктілігі, салыстырмалы түрде айтқанда, біздегі маман дәрігерлермен тең. Яғни, бұл елде мамандардың біліктілігіне өте үлкен мән беріледі. Мәселен, дәрігер болып шығу үшін жоғары оқу орнында он бір жыл оқу қажет. Оқуды бітіргеннен кейін де алты-жеті жыл бойы жай ғана дәрігердің көмекшісі болып жүргендер бар. Мұны өз басым теріс демеймін. Өйткені, дәрігер – адам жанының арашашысы, Ең бір қасиетті мамандық иесі. Сондықтан дәрігерлік қызметпен айналысатындар шала сауатты болмауы керек. Осыны израильдықтар жақсы түсінген. Егер еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы қазіргі қарқынмен жалғаса беретін болса, дәл Израильдағыдай талап пен жағдай бізде де орнығуы тиіс, – дейді Әбекең.
Медицина саласында отыз жылдан астам уақыт қызмет етіп келе жатқан Әбекең осы уақытқа дейін жеті мың адамға операция жасаған екен. Яғни, жеті мың тағдырға араласып, жеті мың өмірді қорғаған. Міне, дәрігер-хирург еңбегінің құдіреті. Жеке адам қызметінен осыдан артық қандай нәтиже іздеуге болады. Бірде тіпті Елбасының Алтай, Айсұлтан атты немерелерін де емдеп, көмегі тиген көрінеді.
Ал талай жанға шуағын түсірген, білімнің нәрін сепкен ғылыми, ұстаздық еңбегін қайда қоясыз. Алайда ол ешуақытта осы еңбектері үшін кісімсіген емес. Оның қолы балаға да, данаға да бірдей. Өйткені, білікті хирург үшін өзінің қызметтік парызын өтегеннен артық бақыт жоқ. Ол өз еңбегінің нәтижесін күнде көріп, күнде сезінеді. Адамдардың да алғысы шексіз. Олар мұны құрметтейді, қадір тұтады. Кездескен кезде рахметтерін айтып жатады. Осы жағдай Әбубәкір Еркешұлының жанын нұрға бөлейді.
Әбекенің негізгі жұмыстарының сыртында атқаратын қоғамдық қызметтері де толып жатыр. Ол дәрігерлерге жоғары категориялар ұсынатын сарапшылық аттестаттау комиссиясының, Қазақстан мен Ресей балалар хирургтері және Халықаралық ортопедтер мен травматологтар ассоциацияларының мүшесі, “Балалар педиатриясы мен хирургиясы”, “Травматология және ортопедия” журналдарының редакциялық алқа мүшелігінде де Әбекеңнің аты-жөні жазулы тұр. Ал осындай міндеттердің өзі адамға қосымша жауапкершілік жүктейтіні де рас.
Жұбайы Раушан Зияшқызы дәрігер-анестезиолог. Үлкен ұлы Асылжан медицина ғылымдарының кандидаты. Қазақ ұлттық медицина университетінде хирургия кафедрасының ассисенті. Келіні Манира республикалық психо-наркологиялық орталықта дәрігер. Немерелері Аян мен Әлімбай мектеп оқушылары. Кіші ұлы Уәйіс ІІМ қызметкері, капитан.
Иә, Әбубәкір Еркешұлы, сөз жоқ, бақытты адам. Ол өз отбасына, айналасына, халқына шуағын түсіріп, шұғыласын шашумен келеді. Осы шуақтың өзі оған адамдардың алғысы, шынайы көңіл ризашылығы болып қайтуда. Адам үшін бұдан артық бақыт бар ма?!
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.
2006-11-01:
https://egemen.kz/old/?act=readarticle&id=2866 |