Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



22:23
ІСІ КЕНЕУЛІНІҢ ЕСІМІ ЕЛЕУЛІ

Адам ісімен көрікті!

Ауданымызда қай сала болмасын атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар халықтың көз алдында. Ең бастысы, бейбіт өмір, аспанымыз ашық, еліміздің өркендеп дамуы болашағымызға деген сенімімізді ұялатады. Үкілі үмітіміздің орындалып, қаламыздың газдандырылып жатырғаны бір төбе. Ел қатарлы ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуының арқасында қаламыз да жасарып, жайнап келеді. Осындай өркендеудің бір саласы -денсаулық сақтау саласы. Кезінде бір ғұлама: «Ар-намыстылық, қарапайымдылық, сыпайылық, киім киюдегі ынсаптық, құрмет көрсету - өмір үшін қажет пен пайдалы атаулының барлығын білуі. Ырымшылдық пен қорқынышты теріске шығару-дәрігердің басты қаруы» деген екен. Қазақстан Республикасының денсау лық сақтау саласының үздігі, «Нұр Отан» партиясы Арал аудандық филиалының саяси кеңесінің мүшесі, жоғары санатты ұйымдастырушы дәрігер, Ресей мемлекеттік «Гиппократ» медалінің иегері, аудандық мәслихаттың бесінші мәрте депутаты болып сайланған Арғынбай Балпашұлы Асанбаев туралы айтпақпын.

Ғұлама Гиппократ «Барлық өнердің ішіндегі ең ізгісі - медицина» деген екен. Сондай-ақ, мектеп қабырғасындағы арманын жүзеге асырған ол, Ақтөбе медициналық институтына оқуға түсіп, оны ойдағыдай бітіреді. Еңбек жолын 1981 жылы өзінің туған жері Арал қаласында учаскелік терапевт болып бастаған-ды. Темір жол амбулаториясының, жүйке аурулар диспансерінің бас дәрігері, аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары, ал 2000 жылдан бастап сол аурухананың бас дәрігерлік қызметін он бес жыл басқарып, аймақ көлемінде ойып орын алатындай дәрежеге жеткізгенін айтқан жөн. Көпшілік ортада күнделікті тіршілік-тауқыметтерімен қатар сайланған депутаттарымыздың атқарып жатқан жұмыстары, халыққа берген уәделерінің орындалуы да сөз болып жататыны рас.

Үсенбай датқа былай деген екен: «Қарны тоқ адам - кісі емес, кемтарға қарайласқан адам - кісі» демекші, жыл сайын әлеуметтік көмекті қажет ететін аз қамтылған от басыларға қарасты, мектеп жасындағы балаларға киім-кешек алып беруімен қатар, жылда жаңа оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол» акциясында бірнеше балаға мектеп формасын алып береді. «Жүрек жылуы», «Сыр мейірімі», «Қамқорлық» қайырымдылық акцияларында өз қаражаты есебінен қаржы жұмсап, азаматтық қамқорлық танытып келеді. Жыл сайын «Арал-АС» жастар тобының республикалық байқауға қатысуына қаржылай көмек береді. Тек соңғы үш жылда тұрмысы төмен отбасынан шыққан төрт азаматтың аудандық орталық ауруханаға жұмысқа орналасуына көмектесті. 2014 жылы аудандық перзентхананы 107 млн. теңгеге күрделі жөндеуден өткізуге атсалысты. Перзентхана ғимаратына толық еурожөндеу жасалып, су және жылу жүйесі қайтадан жүргізілді. Аудандағы аналардың жақсы жағдайда босануына және оларға сапалы да қолжетімді медициналық көмек көрсетуге толық жағдай жасалды.

Аймағымызда түнге қарай электр жарығы нашар болатын. Бұл іске де мұрындық болып, жаңа подстанция салуға ықпал жасаумен қатар, №62 мектептің жылу қазандығын жаңарту, оның қаржысын шешу мәселесін де қолға алып, мұғалімдердің алғысына бөлен ді. Өз округіндегі жеке басты от басыларға қол ұшын созуда.

Ғафу Қайырбеков «Аурудың емі - саудың сәлемі» демекші, ауыр науқастардың үйіне барып, жағдайын сұрап, қажетті дәрі-дәрмектерімен көмектесіп отырады. Мерекелерде өз округіндегі аға-апаларын шақырып, дастарқан жайып, ән-жырдан шашу шашып, сый-сияпат жасауды да ұмытқан емес.

Өзінің сайлауалды бағдарламасында Жетес би көшесін асфальттауға, №1 маршрутты қайта қалпына келтіруге, Қара молда, Бегім Ана және т.б. көшелерге ауыз су құбырын жүргізуге және көшенің түнгі жарықтарына және басқа да игілікті істерге ықпал жасайтындығы да айтылған.

«Түбіріне қарай бұтағы, тегіне қарай ұрпағы» демекші, Арғынбайдың атасы Асанбай, әкесі Балпаш - ауыл шаруашылығының өркендеуіне үлкен үлестерін қосқан, сол кездегі совхоздың белгілі, беделді басшылары болғаны аудан халқы ның есінде екені белгілі.

Қадыр Мырза Әли: «Жақсы жар - жарты ғұмыр» деген екен. Сондай- ақ, Арекеңнің адал жары Бибіқатша да заман талабына сай кәсіпкерліктің бір саласын меңгерген, төрт баланы дүниеге әкеліп, немере сүйіп отырған абзал ана.

Ұлы ғұлама Жүсіп Баласағұн: «Адам адамды бірге жүргенде таниды» демекші, Арғынбай бес мәрте депутаттыққа үміткер болғанда, мен сенімді өкілі және де ынталы топ жетекшісі ретінде оның лауазымын мансапқа айырбастамайтын, жүзінен мейірімі төгіліп тұратын қарапайым ауыл баласы екенін аңғаратынмын.

Сондықтан болар, өз округіндегі сайлаушыларының қуанышы мен қайғысына ортақтаса біледі. Бір сөзбен айтқанда, өз округінің бір бел баласындай.

Сөз соңында «Ісі кенеулінің есімі елеулі» дегендей, абыройың асқақтай берсін деген ағалық тілегімді білдіргім келеді.

Аманжол ЖОЛМАҒАМБЕТОВ,

КСРО және ҚР білім беру ісінің озық қызметкері,

Арал қаласы

«ТОЛҚЫН» газеті, 27 желтоқсан 2016 жыл

Просмотров: 811 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]