Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



16:14
ЕКПЕДЕН ҚАШЫП ЖҮРСІЗ БЕ?

Кейінгі жылдары балаларда болатын түрлі жұқпалы аурулардың алдын алу үшін егілетін екпелерге ата-аналар тарапынан қарсылық болып жатқанынан хабардармыз. Бұл денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің алаңдаушылығын тудырады. Себебі, екпе егілмеген баланың болашақта дені сау болып өсуі екіталай.
Әр елдің азаматы өз елінің   Ұлттық алдын ала егу кестесіне сәйкес егіледі. Бізде де жұқпалы ауруларға қарсы алдын ала егу шаралары  ҚР Үкіметінің №2295 қаулысымен бекітілген Ұлттық алдын ала егу кестесіне  сәйкес жүргізіліп келеді. Аталған кесте жұқпалы аурудың 21 түріне қарсы, оның 17-сі  (құтырма,  іш сүзегі, көктемгі-жазғы кене энцефалиті, «В» вирусты гепатиті, b типті гемофильдік инфекция, көкжөтел, құрөзек, қызылша, қызамық, полиомиелит,      сіреспе, туберкулез, оба, эпидемиялық паротит, дизентерия, сальмонеллез, пневмококк инфекциясы) республикалық бюджет есебінен қаржыландырылса, 4 жұқпалы ауруға қарсы екпе («А» вирусты гепатит, тұмау, күйдіргі, туляремия) жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады.
Мамандардың айтуынша, ең алғашқы егу перзентханада дүниеге келген уақыттан бастап 12 сағаттың ішінде  вирусты гепатит В ауруына қарсы және алғашқы 4 күннің ішінде туберкулезге қарсы жүргізіледі.  Келесі «В» вирусты гепатиті, b типті гемофильдік инфекция, сіреспе,    көкжөтел, құрөзек, полиомиелит ауруларына қарсы, яғни, 5 жұқпаға қарсы бір ине шаншумен  егу баланың  2, 3, 4,18  айлығында жүргізіледі. Баланың бір жасында  қызылша, қызамық, эпидпаротит және  пневмококк инфекциясына қарсы екі уколмен салынса,  полиомиелит ауруына қарсы  вакцина баланың аузына тамызу арқылы жүзеге асырылады. Құрөзек, сіріспе ауруларына қарсы қайта егулер баланың 6, 16 жасында,  26, 36, 46  жастарында ересектерге қайталанып егіледі.
  Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Әлия Ыдырысованың берген мәліметіне сүйенсек, 2017 жылы өңірде 17744 бала дүниеге келіп, оның 98,4%-і немесе 17468 баласы ВГВ ауруына қарсы алғашқы егуімен перзентханада  қамтылса, денсаулық жағдайына байланысты уақытша  медициналық шегіністер алған  63  бала тұрғылықты мекен-жайына сәйкес жергілікті емханаларда егілген. Құрөзек, сіріспе, көкжөтел, гемофильді инфекция, ВГВ және полиомиелит ауруларына қарсы аяқталған вакцинациямен  өткен жылы облыс бойынша  19361 бала егілген, оның ішінде жасына сәйкес 18760 бала егіліп, 1 жасқа дейінгі мақсатты топтағы балаға шаққанда қамту көрсеткіші 110,2%-ті құраған. Аудандар бойынша бұл көрсеткіш 96,6-133,9% аралығында  орындалған. Балалардың 1 жасында жүргізілетін алдын ала екпелердің ішінде, атап айтқанда қызылша, қызамық, эпидпаротит ауруларына қарсы алғашқы егу жалпы облыс бойынша 100,5%, полиомиелит ауруына қарсы ОПВ4 егуімен 16768 бала  егіліп, 95%-ке жеткен.  
Жалпы, балаларға екпе жасау адамзаттың үздік жетістіктерінің бірі. Екпе арқылы Жер шарында миллиондаған бала өлімнен, мүгедектіктен аман қалды. Бір кездері талай өмірді қыршынынан қиған шешек (оспа) ауруы туралы білмейтін адам кемде-кем шығар. 1977 жылғы қазаннан бастап дүниежүзінде шешекпен ауырған бірде-бір науқас тіркелмеген. Осыған байланысты кеңестік кезеңде, 1979 жылы шешек ауруына қарсы балаларды егу тоқталған. Яғни, медицина тарихында инфекцияның иммундық алдын алу шарасын 1796 жылы ағылшын дәрігері Эдвард Дженнер алғаш екпе жасаудан бастапты. Ол Лондонда шешекке қарсы екпе бекеттерін ашып, ауруға қарсы белсенді иммунизацияны жүргізуді жолға қойып, мұның инфекциялық аурулардың алдын алудағы ең нәтижелі әдіс екенін дәлелдеген.  
– Вакцина – белгілі бір жұқпалы аурулардың қоздырғышы болып табылатын микроорганизмдерден жасалған препарат. Вакцинаны өндіріп, шығаруда қатаң талап қойылады. Олар қауіпсіздігіне, зиянсыздығына, тиімділігіне байланысты зертханалық-клиникалық бақылаудан өткізіледі, осы себептен вакцинаның шығарылуына ұзақ уақыт қажет етеді. Өндірушімен бақылау шаралары вакцинаның әр партиясына жүргізіледі, сонымен қатар вакцинаны пайдаланатын елде де мұқият тексеруден өткізілгеннен кейін пайдалануға рұқсат беріледі. Вакцина биопрепарат болған соң егуден кейін аздаған асқыну, яғни, баланың дене қызуының жоғарылауы, жергілікті ісінулер, аллергиялық реакциялар, сирек энцефалиттер болуы мүмкін. Бірақ ол тез басылады, – дейді №3 қалалық емхананың инфекционист маманы Лаура Құрманбекқызы.
Маман осындай асқынуларды желеу етіп не болмаса халық арасында, интернет желісінде  иммунопрофилактиканың тиімділігі  жөнінде теріс мағлұмат  таралуына байланысты,  ата-аналар екпелердің қажеттілігін түсінбей бүгінгі таңда   профилактикалық екпелерден бас тарту жағдайларының орын алып отырғанын айтады.
Жалпы Республика бойынша  екпеден бас тартқандар саны 3000-нан асады екен. Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің берген дерегі бойынша аймақта жұқпалы ауруларға қарсы жоспарлы  алдын ала егулерден бас тартқандар саны биылғы жыл басына дейін 52-ні құраған, оның басым көпшілігі  немесе 44,2 проценті 1 жасқа дейінгі балалардың үлесінде. Бас тартқан екпелердің ішінде ең көбі АбКДС+ВГВ+ИПВ, БЦЖ  және пневмококке қарсы екпелер. Бас тарту себептерінің басым көпшілігін вакциналарға сенімсіздікпен және діни бағыттағы көзқараспен байланыстыруда. Профилактикалық екпелерден бас тартудың алдын алу мақсатында  облыс төңірегінде бірқатар шаралар жүргізілуде. Вакцинацияның тиімділігі және бас тартқан жағдайдағы  әсері туралы   тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу  мақсатында педиатр, аллерголог, невропатолог, эпидемиолог, иммунолог мамандарын қатыстырып, облыстық консультативтік топ құрылды. Әр емхана бойынша  да алдын ала егу шараларынан бас тартқан ата-аналармен жеке жұмыс жүргізу мақсатында консультативті топтар қызметі пайдаланылуда. Нәтижесінде 2017 жылы  22 ата-ана өз ойларын өзгертіп, тиісті екпелерін алған.
Жалпы, жұқпаға қарсы егілмеген бала сол жұқпалардың негізгі көзі болып саналады, яғни, инфекция таратушы. Ал егілген бала тіпті, ауырған жағдайда да ауруы өте жеңіл түрде өтеді екен. Ендеше, екпеден бас тартпаңыз.
 

Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы».

http://syrboyi.kz/zarnama/16961-ekpeden-ashyp-zhrsz-be.html

Просмотров: 688 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]