Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



09:26
АССАЛАУМАҒАЛЕЙКУМ, АДЫРАСПАН!

Аралдың құм қойнауында жатқан «Қарақұм» ауылында адыраспаннан көп өсетін өсімдік жоқ. Аттап бассаң жан-жағың - адыраспан. Иісі өткір болғандықтан ауыл балалары тұрмақ, төрт түлік те түрткілемейді. Күзде ғана сарғайып солғанда, дәнек байлаған бүрін бала болып ашып көретінбіз.

Ащы иісінен не ләззәт алатынымызды қайдам, әрі-бері бір бірімізге аз-кем тұқымын атқылап жөнімізге кетеміз. Есесіне  үлкендердің адыраспанға ерекше құрметпен қарайтынын сезуші едік.

Әжеміз бала ауырса, болмаса аурасы ауыр адам келсе, әлгі адыраспанның қураған бір түбін үгітіп, от тұтатып аластап шығатын үйді. Іштей:  Ассалаумағалейкум, адыраспан, 

Атыңды қойған екен Әзіретті Оспан,- деп тағзым еткендей ишарат білдіріп қолына алатын. Сөйтсем, осы шөптің қадірін жуырда білдім.

Сонымен.... Төрт шадиярдың бірі әзіреті Оспан әскер бастап жорыққа бара жатады. Жолда бір жерге түнейді. Түнде жаулары тыңшы жіберіп, байлаулы тұрған аттарын босатып, жан-жаққа қуалап, шашыратып жібереді. Түнімен азан-қазан болып сахабалар аттарын іздейді.

Оспанның атының шылбыры бір өсімдіктің түбіне оратылып қалыпты. Оның кісінеген даусын естіп, өзге аттардың бәрі сол араға жиналып қалады. Оспан да серіктерін ертіп жылқының дауысы шыққан жерге келеді. Қараса барлық жылқы бір жерге үйіріліп тұр екен. Бәрі аттардың аман-есен табылғанына қуанады. Оспан атына жақындап келсе, шылбыры беймәлім өсімдіктің бұтағына ілініп қалыпты. Оспан оны дорбасына салып алады.

Сол жорықта жолы болып, жеңіспен оралады. Елге келген соң, Мұхамед пайғамбарға болған жайды баяндайды.

Пайғамбар: 

– Бұл шөптің аты қалай? – деп сұрады.

Оспан: – Мұны адыраспан деп атап едім, – деді.

Пайғамбар:  – Ұлық Алла бұл шөпті себеп қылып, сендерді бір апаттан сақтапты. Жаудың алдында абыройларыңды түсірмепті. Бұдан кейін де осы адыраспан менің үмбетіме игілікті қызмет етсін. Бойына кие дарып, қасиет бітсін, – деп, аят оқып, шөпке дем салған екен. 

Содан бері адыраспанға емдік қасиет дарыпты. Беріге дейін жұрт оны «Оспанның адыраспаны» деп атап келіпті.

Адыраспанды жұлатын кезде де: 

Ассалаумағалейкум, адыраспан, 

Атыңды қойған екен Әзіретті Оспан. 

Пайғамбар дұғасынан нәр алған соң,

Өзіңе келіп тұрмын жол алыстан, – деп айтады екен.   

 

НҰРЛАН ҚАЗИҰЛЫ 

 

Қосымша ақпарат алу үшін: http://kazakh-tv.kz/kz/view/blog/page_179681_assalaumahaleikum-adyraspan

Просмотров: 1010 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]