Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



16:10
АРБАДА ОТЫРҒАНДЫ АЯҚҚА ТҰРҒЫЗАТЫН ЭКЗОСКЕЛЕТ

Өмір болған соң жақсылығы мен қиындығы қатар жүреді. Мына жалғанда барлық адамның денсаулығы бірдей мықты емес. Тағдыр тауқыметімен арбаға таңылған не орнынан тұра алмай төсек тартып жатқан жандар қаншама?! Ондай адамдардың ішінде санаулысы ғана қалпына келіп, аяққа тұрып кетіп жатады. Ал, тұра алмаса не істейді? Көндіккеннен басқа амал жоқ...

Бұл секілді әңгімелер өткеннің еншісінде қалып барады. Себебі, әлем күн санап өзгеруде. Жаңалыққа ұмтылған біздің елімізде де жаңа технологияларды меңгерудің жан-жақты жолы қарастырылуда. Жуырда отандық «Viptop.kz» компаниясы экзоскелет деп аталатын жаңа құрылғы жасап шығарды. Ол арбаға таңылған жанның аяққа тұрып, жүріп кетуіне мүмкіндік береді екен. Жаңалық деп осыны айту керек.

Экзоскелеттің әлемде басқа да түрлері бар. Бірақ, оның бағасын кез келгеннің қалтасы көтере бермейді. Ең бастысы, қазақстандық мамандар осыны ескерген.

Мағынасын ашып қарар болсақ, «Экзо» – грек тілінде сыртқы, «скелет» – қаңқа деген мағынаны білдіреді. Яғни, сыртқы қаңқа деген ұғымға саяды. Оны пульт арқылы басқаруға болады. Құрылғының батареясы 2 сағатқа жетеді. Қозғалмай бір орында тұрғанда оның қуаты жоғалмайды. Бұл құрылғыны жасаушылар оның талай жанға үміт беретініне сенімді. Сондай-ақ, экзоскелеттің денсаулыққа пайдасы да зор. Ол адамның кардиореспираторлық жүйесін жақсартып, қан қысымын қалпына келтіреді. Бұған өкпедегі вентиляция жақсарып, бұлшықет пен сүйек тіні жұмыс істей бастайтынын қосыңыз. Тамаша емес пе?! Тағдыр тауқыметіне түскен жанға да керегі осы ғой. Бұл аз десеңіз, ағзадағы май тіні азайып, ас қорыту, несеп шығару жүйелерінің қызметі дұрысталатын көрінеді. Мұны ғажап құрылғы демей не дейміз?!

 

Ә.ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ.

http://syrboyi.kz/zedelnews/16959-arbada-otyrandy-ayaa-tryzatyn-ekzoskelet.html

Просмотров: 821 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]