Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты


Дәрігер мен мейірбике мақалалары


Жұқпалы ауруға шалдыққан науқастың мейірбикелік күтім ерекшеліктері

Жұқпалы ауруы бар науқастың күтімі – бұл санитарлық-гигиеналық шаралардың, диагностикалық және емдік процедуралардың, сондай-ақ сырқатпен тәрбие жұмысының кең кешені. Ол сырқаттың тезірек сауығуына және жұқпалардың таралуына тосқауыл қоюға бағытталады.
Инфекциялық дерті бар науқастарға лайықты күтім жасау үшін олардың ерекшеліктерін білу қажет.
Басты ерекшелік көптеген науқастардың сыртқы ортаға аурудың қоздырғыштарын бөлетіндігінде, яғни олар жұқпа көзі болып табылады. Сондықтан организмде қоздырғыштың қайда орналасатынын, олардың қалайша сыртқы ортаға бөлінетінін, дені сау адамдардың қалай ауру жұқтыратынын, жұғу жолдары мен тәсілдерін, инфекцияның таралуына бөгет болар шараларды мейірбикенің білгені жөн.
Сырқаттардың екінші ерекшелігі: инфекциялық дерттер қызбамен, уыттанумен (интоксикациямен) және орталық нерв жүйесінің (ОНЖ) уытты (токсикалық) зақымдануымен бірге жүреді. Сол себепті науқастарда нервтік-психикалық бұзылыстар жиі дамиды. Мейірбикеге науқастармен дұрыс қатынас жасау, олармен қажетті контакт орнату үшін бұл бұзылыстардың сипатын білу қажет.
Үшінші ерекшелік: инфекциялық аурулар – науқастың жағдайы күрт өзгеруі мүмкін жедел, динамикалық дерттер екенінде. Соған байланысты мейірбикеге пациентке шұғыл көмек көрсету мәселелерін тез шешу және оларға күтім жасау сипатын өзгерту қажеттілігі туындайды.
Науқастардың төртінші ерекшелігі жұқпалы ауруларда клиникалық сауығудың адам организмінің толық қалпына келуінен бұрын жүретіндігі. Сауығу (реконвалесценция) кезеңінде науқастар ұзақ уақыт физикалық әлсіз күйде болады, олардың психикасы бұзылған, жүректік-қан тамырлық және басқа жүйелер мен ағзалар тарапынан ауытқулар болады.
Мейірбикенің бұл аталған ерекшеліктерді білуі жұқпалы ауруларға стационарда және үйде лайықты күтім жасауына ерік береді.        

Гулайна Дауылбаевна АКИШЕВА,
мейірбике,
бокс бөлімшесі,
облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы

Сурет earth-chronicles.ru сайтынан алынды

 

Категория: орта буын медицина қызметкерлерінің мақалалары | Добавил: психолог (06.09.2015)
Просмотров: 2795 | Теги: жұқпалы аурулар, ерекшеліктер, гулайна, акишева, ОНЖ | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]