Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты


Дәрігер мен мейірбике мақалалары


БРУЦЕЛЛЕЗ – ҚАУІПТІ!

Бруцеллез - бұл Вгucella туысына жататын бактериялар шақыратын жұқпалы дерт. Онымен негізінен: қой, ешкі, түйе, шошқа, бұғы, марал, ірі қара мал және иттер ауырады. Адам арасында бруцеллез жұқпасы дүниежүзінде кездеседі.

Бруцеллез, яғни сарып жануарлардан адамға түрлі жолдар арқылы беріледі. Адамдар бруцеллезді көбіне ауру малды күткенде жеке бас гигиенасы ережелерін сақтамаса, ауру мал бөліністері мен залалданған құралдармен тікелей қатынасса, малдың жүнін қырқу, мал сою, терісін сыпыру, мал төлдету кезінде малдың шуы, қағанат суымен қатынаста болғанда, туған қозыны ауыздандырып емізу кезінде жұқтырып алады. Сонымен бірге ауру сиыр, ешкі, қойдың қайнамаған сүтін немесе толың термикалық өңдеуден өтпеген өнімдерді тағам ретінде пайдаланғанда аурудың жұғуы мүмкін.

Сондай-ақ қоздырғыштың адамға ауа-шаң, қарым-қатынас жолдарымен де берілуі мүмкін. Осылайша бруцеллез мал дәрігерлердің, мал сою бекеттері жұмысшыларының, аңшылардың, жануарларды зерттейтін зертхана қызметкерлерінің, фермерлердің және шопандардың кәсіптік ауруы болып есептелуі мүмкін.

Сарыптың жасырын (инкубациялық) кезеңі бірнеше күннен бірнеше айға дейін созылады. Кейбір науқастарда ауру жеңіл түрде өтсе, кейбірінде ауыр дәрежеде өтіп, ауру белгілері ұзақ уақытқа дейін сақталуы ықтимал.

Бруцеллез белгілері тұмау және басқа да фебрилді аурулардың белгілеріне жиі ұқсас, оның ішінде: қызба, тершеңдік, бұлшықет, буындардың ауыруы, әлсіздік, бас ауру, торығу (депрессия), қозғыштық, тәбеттің жоғалуы, жүдеу, жөтел, іш ауруы, бауыр мен (немесе) көкбауырдың ұлғаюы.

Бруцеллезден сақтану үшін түрлі шараларды ңолдануға болады. Ең маңызды қадам - бруцеллездің тасымалдаушысы болатын жануарлардың денсаулық жағдайын бақылау болып табылады. Бұл үшін ең тиімді шаралар: вакцинациялау, жануарларды тексеру және өкінішке орай ауру малды жою бағдарламалары. Адамдарды бруцеллезге қарсы егу жұмыстары тиімсіз болғандықтан, мұндай профилактика әдісі жүргізілмейді.

АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ:

- жануарлардың күтіміне байланысты барлық жұмыстарды, әсіресе төлдеу науқанын арнайы қорғаныш киімдерін (арнайы киім; аяқ киім, қолғап) киюмен жүргізу, бруцеллез ауруының алдын алу және жеке бас гигиенасы ережелерін сақтау;

- тағам ретінде сапалы термикалық өңдеуден өткен (қайнатылған) ет пен ет өнімдерін, сүт және сүт өнімдерін пайдалану;

- ветеринарлық анықтамасыз сүт және сүт өнімдерін бейберекет сауда орындарынан ешқашан сатып алмау;

- малды жайлауға шығарар алдында міндетгі түрде бруцеллезге тексерту.

Бруцеллез белгілері тұмау немесе қатты салқын тию белгілеріне өте ұқсас болғандықтан әдетте нақты диагноз қоюға уаңыт қажет. Сондықтан дәрігерге соңғы уақытта барған елді- мекеніңіз бен тағамға жиі пайдаланатын азық өнімдері туралы айту керек.

 

Фотосурет medsimptom.org сайтынан алынып, өңделді.

 

Базарбай Миндебаевич ШИНИБЕКОВ,

Арал теңізі обаға қарсы күресу станциясының бактериологиялық лаборатория зертханашысы,

Арал ауданы,

Қызылорда облысы

 

Категория: орта буын медицина қызметкерлерінің мақалалары | Добавил: психолог (09.02.2018)
Просмотров: 684 | Теги: Бруцеллез, базарбай, шинибеков, сарып, алдын алу | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]