Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты


Дәрігер мен мейірбике мақалалары


Сот медициналық биология саласында қанның бар екенін анықтауда тетрабаза және барий пероксиді ерітінділерін қолдану

Сот медициналық биология тәжірибесінде жиі кездесетін сұрақ пен ең негізгі жұмыс қан дақтарын анықтау болып табылады. Себебі зерттеуге берілген айғақты заттағы дақтың қан екендігіне көз жеткізіп алмай, ол кімге тиесілі екенін айту мүмкін емес. Қанның бар екенін анықтау үшін болжамды және дәлелді әдістер қолданылады.

Болжамды әдістерге: берілген айғақты затты ультракүлгін сәуле арқылы қарау, 3% көміртегінің асқан тотығын күдікті аймаққа тамызып ақ түсті көпіршу пайда болғандығын бақылау, бензидиндік реакция арқылы көкшіл түске боялуын бақылау немесе люминол қолданылатын реакциямен секундтық жарқырау пайда болуын көру жатады.

Бұл әдістер берілген айғақты заттағы дақтың қан екендінін тек болжап, одан әрі бұл дақты дәлелді әдістерге қолдану үшін  жасалады. Себебі қан дағынан қанға тиесілі компоненттерді анықтамай оның қан екендігін айтуға болмайды.

Дәлелді әдістерге xроматографиялық қағазда арнайы ерітіндімен қан бөлшектерін қуып қан құрамындағы гемнің қуылу деңгейіне жеткендігіне көз жеткізу, қанның құрамындағы заттармен байланысқа түсіп жолақтар арқылы нәтиже көрсететін тест пластинкалар, арнайы микроскоп арқылы  қан құрамындағы бөлшектердің спектрін көру арқылы, гемнің әр түрлі реактивтермен реакцияға түсіп түрлі пішін беретін микрокристалдық реакцияларды қолданады.  

Сонымен қатар қазіргі таңда тетрабаза және барий пероксидін қолданатын  әдіс іске енді. Бұл әдістің енуі сот медициналық сараптаманың жасалу уақытын қысқартып, сапасын көтеруге бағытталған.  Бұл әдістің  қарапайым  және тез жасалуы, арнайы құралдарды қажет етпеуі, өзіне хроматография және микроспектралды  зерттеу әдістерінің артықшылықтарын қоса алып жүретіндігі, қиын еритін, жуылған, аз мөлшерді  дақтармен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Бұл әдістің негізі зерттелетін дақты 10% сірке қышқылындағы барий пероксидінің ерітіндісімен өңдеп,  гемоглобиннің пероксидазалық қасиеттерін зерттеуге негізделген. 

Зерттелетін объектілер бірінші тетрабаза реактивімен өңделеді, ол қанмен қатынасқа түскенде көкшіл түсті боялу бермейді, онын орнына өсімдік пероксидазасы: банан қабығы, цитрустық өнімдер, қауын немесе өзге заттармен: хлор иондары, бактериялар мен микроорганизмдер, кейбір металлдар, катализаторлар, формалинмен қатынасқа түскенде көкшіл түсті боялу береді.

 Реакция өте сезімтал, бір шелек сұйықта бір тамшы қан болса оң реакция береді. Реакцияның жасалу реті: зерттелетін дақтан бір жіп алып, шыныға тамызылған бір тамшы тетрабаза ерітіндісіне батырылып, одан кейін барий пероксидазасының бір тамшысына батырылады. 

Зерттелетін қиындыларды  хроматография әдісінен теріс нәтиже алғаннан кейін де пайдалануға болады.

Реакцияның нәтижесі: барий пероксидімен ғана боялу байқалса оң нәтиже, тек барий пероксидазасымен боялу байқалмаса теріс нәтиже, ал тетрабаза ерітіндісімен бояу болса реакция арнамалы емес деп танылады және қанның бар екендігін анықтауға өзге әдістер қолданылуын талап етеді.

 

Айгерім  Жаксылыққызы АБДУКАРИМОВА,

ҚР Әділет министрлігі «Сот Медицина Орталығы» РМҚК  Қызылорда филиалының

сот медицина сарапшы-биологы

Категория: дәрігер мақалалары | Добавил: психолог (31.12.2015)
Просмотров: 971 | Теги: айгерім, қан сараптау, абдукаримова | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]