Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты


Дәрігер мен мейірбике мақалалары


COVID-19 коронавирусының пандемиясы жағдайындағы Қызылорда облыстық қан орталығының жұмысы

 

Қан қызметінің міндеті – медицина ұйымдарының сұраныстарына сәйкес сапалы және қауіпсіз қан өнімдерімен дер кезінде және толық көлемде қамтамасыз ету.

       Коронавирус пандемиясы жағдайында республиканың қан қызметі, оның ішінде Қызылорда облыстық қан орталығы үшін қанның құрамдас компоненттерінің қорын толықтыруда қиындықтар, атап айтқанда зор қиындық республикада карантин жарияланғаннан кейін пайда болды. Ол кезде қоғамдық көліктер тоқтатылды, жеке автокөлікпен жұру және тиісті құжатсыз адамдардың жалпы қозғалысына тиым салынды. Оған қоса тұрғындар арасында коронавирусты  жұқтырамын деген үрей пайда болды. Мұндай жағдайда донорлық міндетін атқару үшін қан орталығына донорлардың келу саны күрт кеміді. Бұл өз кезегінде сәйкесінше қан компоненттері  қорының шұғыл азаюына жетеледі.

       Трансфузиялық терапияны жүргізуге қажетті   сапалы және қауіпсіз қан өнімдерін дайындауда, қан мен оның құрамдас компоненттерінің  ерікті, риясыз донорлығы -  қан қызметінің негізі болып табылатынын түсіне отырып, біз туыстарының донациясына уақытша сүйенуге мәжбүр болдық. Донорларды шақыру үшін бұқаралық ақпарат құралдары тартылды.  2020 жыл - еріктілер жылы деп жариялануын ескере отырып бұл жұмысқа еріктілер  қозғалысы жұмылдырылды. Соған байланысты өмірінде алғаш рет қан тапсырған  донорлардың саны 31,9%-тен 35,8%-ке өсті, ҚР-да – 33,2%. Осы жерде айта кететін болсақ, қан өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігіне тұрақты донорлардың көп болуы қатысы бар.

     Басқа бөлімшелер есебінен донорларды жинақтау бөлімшесіндегі медициналық қызметкерлердің саны көбейтілді. Мұнда қан донациясына дейінгі кезеңде донорларды іріктеу жұмысы күшейтілді. Қан тапсыруға қарсы көрсетімдері болуына байланысты, қан тапсыруға ниеттенгендердің   арасынан донорлықтан 22,9% адам аластатылды,  республикалық көрсеткіш 17,2% құрады.

    Пандемия кезінде көптеген ұйымдар жұмысын тоқтатты, басқалары қанды сол ұйымға барып дайындауды ұйымдастырудан бас тартты. Біздің ұсыныстарымызды негізінен тек медициналық ұйымдар, әскери бөлімдер мен құқық қорғау органдары құптады. Қөшпелі жағдайда қан дайындау барлығы 54 рет ұйымдастырылды, ол барлық донацияның 16,5%, ҚР-да – 13,4%.

    Қан орталығының медицина қызметкерлері тұрақты донорлармен белсенді жұмыс атқарды. Олардың смартфондарына шақыру хабары жөнелтіліп, олар мұны блокпосттарда көрсетуге мүмкіндік алды. Блокпосттарда туындаған мәселелерді шешу үшін шақыртуда донорларды жинақтау бөлімшесіндегі жауапты қызметкерлердің контакт телефондары көрсетілген болатын. Жүргізілген жұмыс бізге өткен жылғы донация деңгейін сақтап қана қоймай, емдеу ұйымдарының сұраныстарын орындау мақсатында, оны 12,2% дейін көтеруге ерік берді.

    Сапаны басқару бөлімшесіне өндірілетін қан өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігіне бақылауды күшейту тапсырмасы берілді. Мұндағы ескеретін тұс, өнім сапасын қатаң бақылау сәйкесінше донация ақауын 0,8%-тен 2,8%-ке дейін өсірді, дегенмен бұл республикалық көрсеткіштен (3,5%) төмен болды.

      Облыс медициналық ұйымдары карантин кезеңінде тек шұғыл науқастарды қабылдады, алайда бұл кезде олардың қан компонентеріне қажеттілігі төмендеген жоқ, керісінше құрамында эритроциттері бар компоненттерге 6,7%-ке, тромбоциттерге 40,7%-ке артып, тек плазманы тұтыну 4,2%-ке төмендеді.

     Медициналық ұйымдарға берілген эритроциттері бар компоненттердің бәрі лейкофильтациядан өтті, тромбоциттер лейкофильтрациядан және патогендерді инактивациялаудан өткізілді. Жоғарыда көрсетілген жұмыстармен қатар  плазмалары карантинде тұрған донорлармен жұмыс тоқтамады. Соның нәтижесінде медициналық ұйымдарға берілген жаңа мұздатылған плазманың 79,1%-і лейкофильтрленген және карантинделген, ал 20,9%-і  вирусинактивтелген болды, яғни 100% жағдайда бір әдістен немесе қосымша өңдеудің бірнеше әдістерінен өткен жаңа мұздатылған плазма берілді (лейкофильтрациялау, вирусинактивациялау, карантиндеу).

    Карантин жағдайындағы қан орталығының лабораториялық қызметіне сыртқы бағаны трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының референс-лабораториясы берді. Инфекцияларды диагностикалау лабораториясы тапсырманы 100%-ға орындады, қанды тесттілеу бөлімшесі де гематология мен иммундық гематология бойынша тапсырманы 100%-ға, биохимия бойынша бірінші тапсырманы 100%-ға, ал екінші тапсырманы 75%-ға орындады.

     Пандемия кезеңінде иммундық AntiCOVID-19 вирусинактивтелген жаңа мұздатылған плазмасын өндіру қолға алынды. Өкінішке орай медициналық ұйымдарда өткізілген жұмыстарға қарамастан аталған плазманы қолдану кең қанат жаймады. Медициналық ұйымдарға бар болғаны иммундық плазманың 4 дозасы берілді. Сол мезгілде Конго-Қырым қанды безгегі бар науқастарды емдеу үшін аферездік, иммундық, вирусинактивтелген  жаңа мұздатылған плазманың 27 дозасы босатылып көп деген науқастардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік болды.

Тұжырымдар: Коронавирус пандемиясы жағдайында қан қызметінің жұмысында туындаған қиындықтарға қарамастан дер кезінде қабылданған ұйымдастырушылық шаралар Қызылорда облыстық қан орталығына медициналық ұйымдардың қан компоненттеріне берілген барлық сұраныстарын толық көлемде орындауға мүмкіндік силады.

Е.І.АЯПОВ,

Қызылорда облыстық қан орталығының

ұйымдастыру-әдістемелік бөлім меңгерушісі        

Категория: дәрігер мақалалары | Добавил: психолог (30.03.2021)
Просмотров: 254 | Теги: COVID-19 коронавирусы, AntiCOVID-19, еркебай, қызылорда облыстық қан орталығы, аяпов | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]