Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



19:06
«ЖАСАНДЫ БҮЙРЕК» ӨМІР СЫЙЛАЙДЫ

Адамның басына бермей-ақ қойсын деп тілелік, кеселдің тәуірі жоқ, шамаң келсе, ауырмай бақ. Ал соңғы кездері өңірімізде жиірек кездесетін бүйрек ауруы тіпті жаман көрінеді. Бір бүйрегі ғана сыр берсе, оған амал табылар, ал екі бірдей бүйрегі істен шыққандар не істейді? Бүйректің қызметі адам организміндегі зат алмасуды реттеу болса, науқас организмде оның қалпы бұзылады. Оның салдары тіптен ауыр. Сондықтан заманмен бірге қарыштап дамыған медицина Гемодиализ – «жасанды бүйрек» арқылы адам өмірін ұзартып, олардың қоғамнан тыс қалмауына жағдай жасайды.
Жаңақорған кентінде Гемодиализ орталығы жұмыс жасайды. Онда Жаңақорған және Шиелі аудандарында тұратын 32 науқас кісі ем алады. Яғни, өз бүйрегі жұмыс істемейтін кісілер аптасына үш реттен келіп, ағзасындағы қан құрамын тазалатады. Түрлі электролиттер, азот қалдықтары арнайы қоспалар арқылы тазаланып, жаңаланады, қан құрамы байтылып, қайта құйылады. Мұның бәрі дені сау адамның ағзасында бүйректің жұмысы ар¬қылы атқарылса, екі бүйрегі бірдей істен шыққан науқастар амалсыз гемодиализдің көмегіне жүгінеді.
Бұл орталық 2010 жылдан бері халыққа қызмет көрсетіп келеді. «ДиаберумКазахстан» аталатын шведтік компанияның осындағы филиалы «ІД Сеним» ЖШС арқылы бүйрек емін жасайтын орталық биылғы жылы жаңа қондырғылармен толықтырылды. Қымбат бағаға Жапониядан әке¬лінген бұл аппарат емделушіге қолайлы болуымен қатар, сыр¬қаттың салдарын жеңілдете түседі. Және бәрі де компьютер арқылы басқарылады. Өзін Жұмахаева Жанара Қайырқызы деп ныспылағын әйел адам компания басшысының медицина жөніндегі директорымын деп таныстырды. Оның айтуынша, мұндай гемодиализ орталығы Қазақстан бойынша 21 жерде орналасса, оның 3-і Қызылорда облысында жұмыс істеп тұрған көрінеді. Олар: Қызылорда, Қазалы қаласы және Жаңақорған кентінде. Компания Жаңақорған кентіндегі орталық аудандық аурухана жанындағы ғимаратты жалға алу арқылы өз жұмысын жүргізіп келеді. Оны жуырда керемет етіп ағымдағы жөндеуден өткізіп берді. Мұнда бәрі тап-таза, жарық әрі тыныш. Негізінде жасанды бүйрек арқылы қан тазарту 4 сағатқа дейін созылады. Бірнеше шланга арқылы тамырымен жалғастырылған аппарат бүйрек секілді бүлкілдеп тұрса, ем алушы қалың ұйқыға кетеді. Сондықтан олардың мазасын алмау, шамына тимеу – аса қажет емдік шаралардың бірі.
– Биыл он жыл болды, осы кеселдің қармағына түсіп қал¬ғаныма, жас кезде адам денсау¬лықтың қадірін білмейді екен, көп жыл кілем үстіндегі күресте жүрдік, онан соң тоқырау аталатын тапшылық заманға тап келдік, нан табамыз деп жүріп, бүйректің сыр бергенін бірақ біліппіз. Қазақстанның медицинасына, қыз¬мет жасап жүрген дәрігерлерге мың алғыс! Осы гемодиализді пайдалану арқылы өмірім жалғасып келеді. Бұрын аптасына үш рет Төменарықтан Қызылордаға барып ем алатын едім, кейінгі жылдары өзіміздің аудан орталығынан осы орталық ашылып, жағдайымызды жасап отыр. Айтпақшы, облыстық «Сыр бойы» газетіне рахмет айтқым келеді, осы мәселені бірнеше рет газет бетінде көтеріп жүріп, Жаңақорғаннан гемодиализ орталығының ашылуына себепкер болды. Біздің мұңы¬мыз бен жырымызға мән беретін аталған компания басшылығына да ризамыз, – дейді Төменарық ауылының тұрғыны, байырғы еркін күрес шебері Мейірбек Кенжебеков ем алып жатқанда.
Ал мына мұртты жігіт біздің байырғы танысымыз Азамат Сыздықов екен. Ол – Жұлдыз ауылының тұрғыны. Құрылыспен шұғылданатын жігіт еді, талай ауыр жұмысты жапырып істейтін.Соңғы 6 айдан бері гемодиализдің көмегіне тәуелді болып қалыпты. Шипасын берсін деңіз. Асылбек Алпысбаев, Мақсат Айтуған есімді азаматтар Шиеліден қатынап ем алып жүр. Көңіл-күйлері жақсы, алған емдеріне риза. Компания соңғы жылдары науқас кісілерді тұрғылықты жерлерінен орталыққа алып келіп, қайта апару үшін арнайы көлік жалдап та қойыпты. Бұл тасымал жұмыстарын келісім-шарт арқылы Нұрлан, Әбілда, Әмен атты жігіттер атқарады. Өз пациенттерінің жағ¬дайын жасап, үйлеріне апарып салады. Міне, еліміздегі адамға деген қамқорлық аясы қандай жақсы, мейірімділікпен жасалатын осындай игіліктерге расында қуанасың, осы шаруаға атсалысқан азаматтарға құрмет жасағың келеді. Олардың алдынан жақсылық нұры төгіліп тұрсын әрдайым!
«Жасанды бүйрек» орта¬лы¬ғында өрімдей жастар қызмет жасап жүр. Дәрігер қыздарымыз – Мақпал Абдуллина, Әйгерім Дәрібаева күніне қаншама алғыс алады. Сондай-ақ, осы орталық ашылғалы еңбек етіп келе жатқан аға медбике Жанат Нәлібаева, оның әріптестері Еркебұлан Марсалиев, Жанар Дүйсенбекова өз жұмыстарына кәдімгідей төселіп қалған¬ды¬ғын аңғартты. Техникалық қыз¬мет¬керлер Гүлжанат, Тамара, Мухаббат та өз жұмыстарын жауап¬кершілікпен атқарады. Осы орталыққа әкелінген жаңа аппараттарды бақылауға алып, күтімін жасайтын Ерсұлтан Аяпов есімді бауырымыз. Жаңа технологияны меңгеріп, жұрттың алғысына бөленген оның да қабілетінің мол болғандығы ғой. Бәрінен де жүйелі ем алуға мойынсұнған жандардың көңілінен шыға білгендігін айт¬са¬ңызшы!
Міне, ағайын, Жаңақорғандағы гемодиализ орталығының емдік шараларын бірсыпыра таныстырған секілдіміз. Мұның бәрі «Ең басты байлық – адам!» деп бағалайтын қоғамымыздағы игіліктер.

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Жаңақорған кенті.

http://syrboyi.kz/densaylik/13093-zhasandy-byrek-mr-syylaydy.html

Просмотров: 1092 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]