Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



11:18
"Жанар" клиникасының бас дәрігері Үрмия БЕЙІСОВА: Әйел әдемілігі отбасы берекесіне байланысты

Бар дүниеге, байлыққа, мансапқа да айырбастай алмайтын бір ғана нәрсе болса, ол - отбасы бақыты. Дүниеге келген әрбір сәбидің азамат болып қалыптасуы, тәлімді тәрбие алуы отбасы, ата-анасына байланысты екенін дәлелдеп жатудың қажеті шамалы. Содан да болар, қай қоғамда болмасын, отбасы құндылығын насихаттау назардан тыс қалмағаны осының айғағы. Біздің сұхбатымыздың да негізгі мақсаты сол, елге белгілі есімдердің отбасы да үлгі етерліктей екендігін, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан отбасындағы сыйластық пен береке-бірлікті, еңбекті насихаттау. Бұл жолғы сұхбатымызға өзек болған сырбойылықтарға есімі таныс, дәрігерлер отбасы - Бейісовтер әулеті. Отбасының тірегі - Мұхтар Бейісов бұрын №2 емхананың бас дәрігері болса, жары Үрмия Бейісова «Жанар» клиникасының бас дәрігері. Үрмия Қожахметқызы денсаулық саласындағы білікті маман, қоғамда белсенді әйел ретінде белгілі. Оның отбасындағы сүйікті ісі - гүл өсіргенді жақсы көретіндігі. Тазалық пен әдемілік, сұлулық пен мейірімділік - отбасы ұстанымы екендігін сұхбат барысында ұғындық...
 
- Үрмия Қожахметқызы, гүлге құмартуыңыздың себебі қандай?

- Кез-келген ауылдың баласы дала табиғатына құмар болып өседі деп ойлаймын. Табиғаттың қай мезгілінде болмасын, ауыл ерекше күйге бөленетіні рас. Бала кезімізден жалаң аяқ құмда жүгіріп, дала гүлдерін жиып өстік. Көктем келгеннен жұпар исі аңқитын жиденің гүлі, тіпті жабайы шеңгелдің гүлі де өзінше әдемі. Сол даланың әдемілігін үй ішіне де орнатпақ ниетпен түрлі-түсті гүлдерді құмыраға толтырып қоятынбыз. Біз үшін мұнан асқан әдемі, хош иісті гүлдер жоқ сияқты болып көрінетін. Шынында да дала гүлдерінің адамды әсемдікке, сұлулыққа тәрбиелейтін бір құпия қасиеті бар секілді. Жиденің гүліне ғашық болып өскен біздер өсе келе әртүрлі гүлдердің, әсіресе, үйде өсіруге болатын ғажайып гүлдердің бар екендігін көрдік, қызықтық. Есейе келе гүл өсіру бір сүйікті ісіме айналғанын өзім де сезбей қалғандаймын. 

- Бұрын гүл дегенде санаулы ғана түрлері болатын. Ал, қазір сан түрлі гүлдердің санында шек жоқ.Тіпті, көп гүлдердің әрқайсысының өз мағынасы бар екендігі де айтылып жүр. Мағынасына қарай гүл таңдайтындар да жоқ емес. Мәселен, ақша шақыратын дегендей. Сіз ше? Гүлді мағынасына қарай таңдап алып, өсіресіз бе?

- Мен үшін әр гүл өзінше әдемі. Шынында да «мынадай қасиеті бар екен» деп, сонысына бола сатып алып жататындар бар. Меніңше бұл дұрыс емес деп есептеймін. Бұл адамның психологиясына кері әсерін тигізеді. Меніңше, әр гүл өзінше әдемі, өзінше жақсы қасиеті бар. Кейде гүлдерді адам жанына ұқсатамын. Өмірде адамдардың барлығы бірдей емес қой. Әр адамның өзінше бір жақсы қасиеті бар екендігі секілді, әр гүлдің де өзіндік ерекшелігі бар. Байқасаңыз, әр гүл адамға әртүрлі көңіл-күй сыйлайды. Мәселен, бір гүлге қарап, көңілің көтеріледі, мейірленесің, ал, бір гүлге қарап қатаясың. Шын мәнінде адамның жан-дүниесіне әсер ететін бір қасиет бар.

- Гүл өсіру мен мамандығыңыздың арасында бір тығыз байланыс бар секілді?..

- Мүмкін. Біздің мамандығымыз қашанда айналаңа қамқорлық көрсетуден, мейірімді болудан тұрады. Мәселен, дертіне шипа іздеген жан дәрігерден үлкен үміт күтеді, жылы сөзге, мейірімге зәру болады. Науқасқа жылы сөздің өзі ауадай қажет. Сол сияқты гүлдер де сөйлей алмағанмен, адамнан қамқорлық күтеді. Гүлдердің ауырып тұрғанын «көңіл-күйінен» байқайсың. Тілі болмаса да су сұрап тұрады, жайлы орынға қойғаныңды қалап тұрады. Гүлдің де жанын түсіне білу қажет. Гүл өсірудің қыр-сырын ғылыми зерттеп айналыспасам да, әр гүлдің жанын түсінемін деп айтсам, артық айтқандық емес.

- Дүкеннен дайын гүлді сатып аласыз ба, әлде, өзіңіз өсіресіз бе?

- Ешқашан дайын гүлді алмаймын. Кішкентайынан өзім өсіргенді жақсы көремін. Өзің өсірген гүл сәби секілді, уақыт өткен сайын «есейіп», жайқалып, еңбегіңнің жемісін байқатады. Өзің еккен гүлдің жайқалғанын көргенде көңілің шаттанады, бір марқайып қаласың. Көз алдыңда өскен гүл жаныңа жақын болады. Ал, дүкендегі дайын тұрған гүлді ақшаға сатып әкеліп, қойып қойғаннан бәрібір біреудікі сияқты, бөтенсінесің.

- Дәрігерлер отбасының қағидасы қандай? Бір үйде екі бірдей дәрігердің болуы қаншалықты жеңіл, немесе қиын?

- Екеуміздің де бір мамандық иесі болғанымыздың пайдасы болмаса, еш зияны жоқ. Керісінше, бір-бірімізбен кеңесуге, ақылдасуға көп көмегі тиеді. Мәселен, кейде кеңесу қажет болса, жолдасыммен кеңесемін, ақыл сұраймын. Ол кеңес беруден ешқашан жалықпайды. Мұхтар өте ақылды адам. Оның өмірге деген көзқарасы, ұстанымы, айналасына қамқорлығы көпке ұқсай бермейді. Сырт көзге қатал көрінгенмен, жүрегі сондай жұмсақ, жанашыр жан. Оның өтірікті жаны сүймейтіндігі, турашылдығы кейбіреулерге жақпай қалуы мүмкін, алайда, жанашыр адам ғана шындықты айтатынын көп адам бағалайтыны рас. Ол да тазалыққа, әдемілікке өте жақын. Есік алдының бүгінде жап-жасыл болып тұрғаны, көктем шығысымен гүлдердің жайқалып тұрғаны жолдасым Мұхтардың еңбегі. Көктем шыға салысымен азанғы уақыт ертемен, кешкі уақытта жұмыстан кейін бір тыным таппай, көгалдандыру жұмысымен айналысып жатады. Нәтижесінде есіктің алды жаз ыстығында саялы ағаш көлеңкесімен, қызылды-жасыл гүлдермен бір әсем табиғат ортасына айналып тұрады. Балалар да, немерелер де әкенің еңбекқорлығына үйренген, көктем келсе, есіктің алдын көгалдандыруға, тазалыққа кірісіп кетеді. Мұның өзі балаларға үлкен тәрбие ғой.

- Кейбіреулер өзі таңдаған мамандықты баласының баласы қаламағанын тілейді. Сіздер ше?

- Әркім өзі қалаған мамандық иесі болу қажет. Дәрігер мамандығына ең алдымен жүрек қалауы қажет. Онсыз жақсы дәрігер шықпайды. Балаларымыздың дәрігер болмағанын қалаған ата-аналар емеспіз. Екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірдік. Балаларымыздың ішінде дәрігер болғысы келгені болған жоқ. Әрқайсысы өзі таңдаған маман иесі болды, біз де қарсы болмадық. Екі ұлымыздың бірі - мұнайшы, бірі заңгер. Қызымыз да заң маманы болды.

- Сыр бойында жеке клиника қызметін бастауға тәуекел еткендердің алғашқы қатарынансыз. Өміріңізде тәуекел ететін жайттар жиі кездеседі ме? Жалпы, тәуелкелшіл боларсыз?

- Қай кезде де тәуекел етемін. Ел тәуелсіздік алып, нарық уақытында денсаулық саласына да оңай тиген жоқ. Сол уақытта өркениетті елдердегідей, бізге де жеке клиникалардың қажет екендігін сезініп, жеке клиника ашуды тәуекел еттім. Әрине, қалай болар екен деген қобалжу да болды. Дегенмен, тәуекелшілдігім басым болды.

- Тегін еммен ақылы емнің айырмасы қандай?

-Негізі ешқандай айырмасы болмау қажет. Ең бастысы, қай жерде де сапалы қызмет қажет. Мәселен, бізге келіп емделгісі келсе, ақшасы жетпей қиналып тұрса, ақшасы жетпегендіктен, емдемей қайтару дәрігерлігімізге сын. Клиниканың ұстанымы - дертіне шипа іздеп келгендерге сапалы қызмет көрсету, білім мен біліктілігімізді аямау.

- Бүгінде келін тәрбиелеп отырған енесіз, немере қызығын қызықтаған әжесіз. Ене мен келін сыйластығын қалай бағалайсыз? Қандай енесіз? Өзіңіз қандай келін болдыңыз?

- Мен студент кезімде Арал өңіріне келін болып түстім. Бір күні мына бір қызық оқиға әлі есімнен кетпейді. Ауылда жаздыгүні самауырға шәй қойып жүргенімде, басымдағы жұқа қызыл орамал желмен ұшып кетті. Қанша адам менің ұшқан орамалыма қарап тұр. Жастығымнан болар, «орамалым ұшып кетті» деп мен де қызықтап қарап тұрмын. Сөйтіп ұшқан орамалымды қуып жүріп, жолдасым әкеліп берген. Қазір еске түссе, әлі күлемін. Өзімнің қандай келін болғанымды білмеймін, бірақ қазір ене ретінде келіндеріме өзімнің қызымдай қараймын. Орамалды тастамауға, сәлем беруге міндеттемеймін. Мұнда тұрған ешнәрсе жоқ. Ең бастысы жүрегі таза, ниеті түзу болғаны керек. Бұл орайда келіндеріммен мақтана аламын.

- Бүгінгінің әжесі немересіне ертегі айтып беруге, бала бағуға қолы тимейтін болды деген пікірлер бүгінде жиі айтылады. Сіз қандай әжелер қатарынансыз?

- Әрине, жұмыста болған соң қол босамай жатады. Бірақ, қолым «қалт» етіп босай қалса, немерелерімізбен қыдырғанды, оларды ойнатқанды жақсы көремін. Оларға ертегілер кітабын, түрлі-түсті бояғыш кітаптарды, керек заттарын сатып алып беремін. Ертегі оқып беремін. 

- Гүл сататын дүкенге жиі барасыз ба, әлде киім дүкеніне ме?

- Гүл дүкендерін көре қалсам, міндетті түрде бұрыламын. Әрине, әйелдердің киім дүкеніне жиі баратыны табиғатына жақын екені рас. Дегенмен, гүл дүкеніне жиі бас сұғып, жаңадан қандай гүлдер келіп жатқандығын, гүл өсірушілерден керек кеңес сұраудан жалықпаймын.

- Шығармашылықтан алыс емес сияқтысыз?

- Кейде қойын дәптеріме өлең жазатыным бар. Қазір уақыт жетпегендіктен жазуға қол тие бермейді. «Әу демейтін қазақ бар ма?!» демекші, ән салатыным бар.

- Сіздіңше, әйел әдемілігі неге байланысты?

- Отбасы берекесіне байланысты дер едім. Отбасында сүйіспеншілік, сыйластық, түсіністік болса әйел қай кезде де әдемі. Отбасы бақыты кім-кімнің де жүзін жарқын, еңсесін биік етеді.

- Әңгімеңізге рахмет!

Г.ДІЛДӘБЕКОВА
“Ақмешіт ақшамы” газеті

Просмотров: 1536 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]