Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



11:16
ЖҮРЕК ЖЫЛУЫНЫҢ МЕЙІРІМДІ ШУАҒЫ

Жаңа жылдың алғашқы күндері жеткен суық хабар облыс медицинасының ардақты азаматы Әскербек Төрекеевтің өмірден озғанынан хабардар етті. Сыйластығым болғандықтан қазаны ауыр қабылдадым. Қайран Әсекең! Қаршадайынан әкесіз, анасыз өскен, сол қиындыққа мойымай соңғы күндеріне дейін арпалысып, жігері жасымаған Әсекең дедім ойға шомып.

Біз білетін Әсекең өмірінің соңғы сәттеріне дейін бір толас таппады. Өзімен де, өзгемен де күресті. Ізгілікке, жақсылыққа, жетістікке, алда болуға ұмтылды...

Қандай істің де тетігін шешетін кадр екендігі әу бастан айтылып келеді, айтыла береді де. Білікті маман өзі білген саласын әп-сәтте дөңгелентіп әкетеді. Кезінде Ақтөбе медицина институтын ойдағыдай бітіріп, елге оралған Әскербектің алдында бір ғана мақсат, бір ғана арман тұрды. Ол – өз алған білімін халық игілігіне жарату. Алған білімімен шектеліп қалмай денсаулық саласы жайлы жазылған мақалаларды қалт жібермейтін. Ізденімпаз-ды. Онсыз болмайтын да еді. Тереңөзек аудандық ауруханасы бас дәрігерінің ұйымдастыру-әдістемелік жұмыстары жөніндегі орынбасары болып он екі жыл қызмет етті. Денсаулық саласы басшыларының бірі ретінде ол араласпайтын сала кемде-кем еді. Сол кездері ол орынды «ми орталығы» деп атайтын.

Себебі, жүргізілген жұмыстарды талдау, жіберілген кемшіліктерден тиісті қорытынды шығару, емдеу-профилактикалық шараларды одан әрі дамыту жоспары осы бөлімде сарапталып, алдағы іс тетігі осында шешілетін-ді. Әсекеңнің өз ісіне жауапкершілікпен қарап, қызметкерлерге орынды талап қоя білуінің нәтижесінде аудандық аурухана облыс бойынша алғашқы лекке шығып, тәжірибе орталығына айналды. Былайынша қарағанның өзінде де аудандағы бар-жоғы 12 дәрігер, 170-тей орта буынды медицина қызметкерлерімен облыс көлемінде көшбасшы болу екінің бірінің қолынан келмес іс еді.

Алайда, өз ісіне деген жауапкершілік, мамандыққа деген ізгі ниет Әскербек ағаны түрлі бастамаларға жетеледі. Өз мамандығы құлақ-мұрын-тамақ дәрігері болса да Әскербек Төрекеев аудандық ауруханада әрі хирург, әрі терапевт, әрі оторинолоринголог, әрі судмедэксперт міндеттерін атқарды. Кейде қиналған аналарды босандыруға да тура келетін. Әр саланың өзіндік ерекшеліктері бар, үйренбесе, ізденбесе өзіне сеніп тапсырылған адамдар денсаулығына нұқсан келеді емес пе? Үнемі науқастардың жанында болып, олардың аурудан айығып кетуі үшін барын салып жүрген жас дәрігер есімін жерлестері жылы атай бастады.

Талантты әрі ұйымдастырушылық қабілеті ерекше жан мұнан кейін алты жылдан астам уақыт облыстық денсаулық сақтау бөлімі меңгерушісінің емдеу-профилактикалық шаралар жөніндегі бірінші орынбасары міндетін абыроймен атқарды.

– Әлі есімде, өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының соңында облыс көлемінде сары ауру эпидемиясы белең алды, – деді Әскербек аға көзі тірі кезінде бізбен әңгіме барысында. – Оны тоқтату мақсатында республиканың Денсаулық сақтау министрлігімен, тиісті сала басшыларымен бірлесіп, уақытпен санаспай жүргізілген түрлі шаралар, атқарылған істер қаншама. Облыста жұқпалы дертті ауыздықтау мақсатында республикалық, облыстық дәрежедегі басқосулар, семинарлар ұйымдастырылды. Көптеген дәрігерлердің білімдерін жетілдіруге күш салынды.

Мұнан кейін он бес жылдай қалалық аурухананың бас дәрігері қызметінде болды. Ол кезде қалалық аурухана аудандық денсаулық сақтау бөлімдеріне облыстық ауруханамен бірдей консультативтік-методикалық көмектер көрсететін. Ол басқарған жылдары қалалық аурухана бірнеше рет республикалық және одақтық жарыстардың жеңімпазы танылды. Елімізде болған экономикалық дағдарыс көптеген денсаулық сақтау орындарының жекешеленіп кетуіне әкеліп соқты. Жекешелендірудің салқыны қалалық аурухананы да шарпыды. «Денсаулық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы ретінде Ә.Төрекеев бүтін бір аурухананы сақтап қалудың барлық амалын жасады.

Он  бір жылдан кейін басы бүтін сақталған қалалық аурухананы мемлекет меншігіне табыс еткен білікті дәрігердің азаматтығына көптеген жандар өз ризашылықтарын білдіріп жатты. Облыстық мәслихаттың депутаты ретінде де ол елдің әлеуметтік қиын жағдайларын шешуге белсене араласты. Осынау ер сыналар шақтағы еңбектері үшін Әскербек Төрекеевке «Облыстың құрметті қайраткері» деген атақ берілді.

Қай салада болмасын еңбек еткен маманның өзіне пір тұтар ұстазы, ақылдасар әріптесі болары хақ. Әскербек кезінде өзіне ұстаздық еткен білікті дәрігерлер София Мақашова, Ернияз Омаров пен Варлен Исаевтің жанашырлықтарын еш ұмытпақ емес. Сондай-ақ, өзімен иық тірестіре еңбек еткен әріптестері Базарбай Атабаев, Кенжебек Бәйімбетов пен Ақмырза Сыдықовтың қол жеткізген жетістіктеріне бірге қуанған.

Әскербек ағам қызық кісі. Кейде кейбір тіршілігіне қарап аңқау ма, әлде алаңғасарлығы ма деп қаламын. Бірақ кейін бұл ойымнан өзімнен-өзім айнимын. Айнитыным, аңқау да, алаңғасар да ұзақ жыл бас дәрігер болып қызмет істей алмайды. Дұрысы – істетпейді. Ал ол кісі азамат.

Әлгі айтқан ойыма қатысты бір оқиға есіме оралады осындайда. Бір күні Әсекең редакцияға келді. Маған компьютерге басылған бір кітапқа жүк болатындай материал ұсынды. Өзі басыпты.

– Екі жыл бойы жаздым. Өмірім ғой. Кітап етіп шығарамын. Кітапқа ыңғайлап, қайта өңдесін деп саған әкелдім. Бірақ бұл кітап бір-ақ данамен шығады. Ұрпақтарым үшін сол бір дана жарайды, – деді де шығып кетті.

Отырдым да қалдым. Бір данасы несі?! Елдің барлығы кітап шығарады, болмағанда 100, 200 дана дегендей. Сонымен қойшы, Әсекеңнің жазғандарын оқуға кірістім. Балалық кезінен көрген қиындықтарын, қызметтегі интригаларын, әркіммен «алысып, жұлысқанын» дегендей оқиғаларды тізбектеп тұрып жазыпты. Әсіресе, жеке өмірлік эпизодтар, кабинеттегі «алыс-жұлыс» барлығы қалмаған. Қалмағаны былай тұрсын, әлгі адамдардың аты-жөні толық келтірілген, қазір өмірде барлары көп, жоқтарының ұрпақтары және бар. Кітапты бір данамен шығарамын дегенінің сырын енді ұқтым. Әсекең бір айдан соң маған қайта соқты. Жазбасын оқып шыққанымды айтып:

– Әсеке, мыналардың ішінде өзіңізден басқа бір сау адам көрмей отырмын. Бір данамен шығарамын дегеніңізді енді түсіндім, – дедім ойымды жасырмай. Әсекең бір рахаттанып күлсін. Күлгенде рахат сезіміне бөленеді. Ол жай күлкі емес, ішкі сезімнің шынайы күлкісі. Әсекең табиғи болмысы осындай жан еді.

– Ай, Жолдасбек-ау, өмірімнің барлығы күреспен өтті. Қайтейін енді, ішіме сыймаған соң жазғаным ғой, – деді.

Кейін араласып тұрдық. Мінезі болса да өзім дегендерге құрметі ерекше еді. Сөз арасында Сәдуақас Аңсатовпен, Болат Пұсырмановпен, менімен сыйлас екенін араласқан жақын-жуығына айтып қояды екен.

Облысқа белгілі азамат Сәдуақас Аңсатов бірде өзінің жүрек талмасымен ауырып, ота жасататын аурухананы таңдау қажеті туып қысылғанда Әскербек Төрекеевтен кеңес сұраған. Ол өз кезегінде Астанадағы кардиологиялық орталықтың бас дәрігері Ю.В. Пя деген талантты кардио хирургке баруға кеңес беріп, оның жолын өзі шешіп бергенін үлкен қанағат сезімімен айтқан еді.

– Әсекеңнің айтуымен, өзім емделіп жатқан Алматыдағы Сызғанов атындағы ғылыми-зерттеу институтын тастап, белгілі дәрігер Пяға жол тарттым. Тәжірибелі дәрігер әрі қамқор ағаның кеңесінің арқасында сәтті ота жасалды, - деді. Мұны ол Әсекеңнің азаматтығының үлкен өлшемі дейді.

Ия, Әсекең тәжірибелі, білікті дәрігер болды. Өмірінің соңына дейін Гиппократ антына адал болған азаматтың ұрпағы да әке өсиетіне лайықты ғұмыр кешуде...

Әскербек ағаның отбасы ел-жұртқа «дәрігерлер әулеті» деген атпен танымал. Жұбайы Гүлсім де дәрігер, екеуінен тараған отбасында медбикеден бастап медицина ғылымының докторына дейін бар. Өзінен тараған екі ұлы, үш келіні де әке жолын абыроймен жалғастырып келеді.

Ия, ұлағатты әкенің өнегелі өмірі ұрпақ сабақтастығымен жалғасып жатыр...

 

Жолдасбек Ақсақалов

 

 «Тіл сақшысы»

Просмотров: 414 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]