Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



09:52
ЖҮРЕГІНІҢ ЖЫЛУЫМЕН ЕМДЕГЕН

Сыр медицинасының шежі­ресін шолып отырғанымда, Әл­назаровтар отбасы деген дерекке көзім кідірді. Дәрігерлер әулетінің жалпы еңбек өтілі – 180 жыл, үш ұрпақтың дөңгелек жасы!

Есіме 1980 жылдың қар­балас күндері түс­ті. Әкеміз Жұ­маш (азан ша­қы­рып қойған аты Ербатыр Қо­пабаев), сыр­қатта­нып қалды. Сыр­қаттанып қалды деген жай сөз, шы­нында бойына жабысқан дерттің беті қатты, жанын бебеу қақтырды.

Ұзақ жыл ау­ылда кіші ме­дицина қыз­­меткері, яғни, фельд­шер болып, жерлес­те­рімізге қалтқысыз қыз­мет етіп, анау-мы­­­нау ауруды өзі-ақ жа­зып жі­бе­­ретін әкеміз, әсі­ресе, мал­шылар­дың, қырдың қой­­науында төрт тү­лік­тің қамын жеген май­тал­мандардың қо­ныстарын аралап, ай­лап-күндеп қонаға жата­тын. Дәрі-дәрмекке лықа толы қара қобдишасынан бір елі ажырамайтын жа­рықтық! Жол-жөнекей ки­ліккен жел-құз­ға дес бермейтін әкеміздің төсек тартып жатып қалғаны қа­быр­ғамызға батты. Өмі­рі ауруды білмейтін, ауыр­май­тындай көрі­нетін отаға­сының асты-үстіне тү­сіп анамыз Кенжегүл жүр.Үкі­дей үрпиіп біз тұрмыз. Тіктеп келіп, батпандап кірген дерттің мыс­­қалдап та шықпайтынына көзіміз жеткен соң, дереу Қы­зылордадағы қалалық ауру­ханаға жеткіздік. Дұрысы сол болар…

Шипа қолды дәрігерлер бі­рер күн зерттеп, ем қолдан­ғаннан ке­йін ота жасау керек деп шешті. Үлкен тамырда кәдімгі айта бе­ретін «тас» бар, дәрімен ерітіп жі­берудің жөні жоқ. 1938 жылы азаматтық борышын өтеуге атта­нып, мерзімін аяқтап, қайтуға жи­налған тұста соғыс басталып кетіп, бес жыл қан қасап кешіп, жараланып, тек 1946 жылы елге оралған әкеміздің жанкешті төзім-шыдамына сенеміз-ау, бірақ пайғамбар жасындағы ағзасы қан­дауырдың жүзіне шыдас бере ала ма?! Ауруханаға  тілекқор көңілмен келген анамыз Кенжегүл, апаларым Ғалия (марқұм), Нұрия және мен қатты абыржып отыр­мыз. Коридорда әрлі-берлі өткен ақ желеңді жандардың жүзіне үмітпен қараймыз.

Бір кезде ота жасау бөлмесінен шыққан ашаң жүзді, сұңғақ бой­лы дәрігер бізге қарай беттеді. Сәлемдесіп болған соң:

– Аты-жөнім – Шәріпбай Әлна­заров, осы ауруханадағы урология бөлімінің меңгерушісімін. Отаны өзім жасаймын. Еш уайымда­ма­ңыздар, – деп жымиды. Жанары мейірімге толы дәрігердің асқан сабырлылығы шыркөбелек айнал­ған шыбын жанымызды тыныш­тандырды. Алладан тілек тіледік.

Мұндай абыржу сәтте әрбір ми­нут сағаттай созылады екен. Уақыт өтпей қалды. «Аңшының кешік­ке­ніне қуан» деп, өзді-өзімізді жұ­батып отырмыз. Бір кезде ота жасау бөлмесінен дәрігер де шықты-ау ақыры! Ақ қалпағын қолына қысып ұстап алған. Әлгінде сүлгімен сүр­тінсе де, маңдайынан жіпсіп тер білінеді. Көңіл күйі көтеріңкі тә­різді.

– Ота ойдағыдай өтті. Шалы­ңыз шымыр екен, – деді анама қарап. – Таудан қайтпаған  жүрегі тастан қайта ма, қарт жауынгер тағы бір ерлік көрсетті.

Анамның көзінен еріксіз жас парлап кетті. Айналып-толғанды. Біз де жапатармағай алғысымызды жау­дырдық. Бұрын да Шәріпбай ағаның алтын қолды шипагер екенін сырттай білетін едік, «са­бақты ине сәтімен» болғанына шынымен қуандық. Әкеміз сол отадан кейін ширек ғасыр ба­қуатты өмір сүріп, 2005 жылы 88 жасында пәниден озды. Өле-өлгенше Шәріпбай ағаның есімін аузынан тастамай, дұғасына қосып отырды.

Тағы да Сыр медицинасының тари­хына көз жүгіртсек, Шәріпбай Әлна­заровтың мінсіз қызметінің куәсі боласыз, ғұмырында бес мыңнан астам ота жасап, айтып келмес ажалға араша түскен. Алдымен биыл 90 жыл­дығын атап өтетін Қызылорда медициналық жоғары колледжін, сосын Алматы медициналық инс­титутын бітірген ағамыз сол кездегі сирек мамандық – урология саласын мұқият меңгерген. Бұл Сыр бойы үшін аса қажет еді. Табиғаты томырық, жылдың қай мезгілінде болсын құм дауылы үдеп соғатын, суының тосабы мол өңірде, әсіресе, ауыл еңбеккерлері урологиялық ауру­лардан аса зардап шегетін. Бүйрекке құмалақтай-құма­лақтай тас байла­натын, несеп жолдары тұтып қа­латын немесе үлкен тамырдың бойы бітелетін. Екінің бірі сау емес. Мұны шешу үшін урология бөлімін ашу қажеттілігі туындаған. Осыны ескерген Шә­ріпбай Әлназаров ай­мақта алғаш рет қалалық ауру­хананың база­сында урология бө­лі­мін ашуды ұйым­дастырып, бі­лікті мамандар құрамын жасақ­тады. КСРО-ның бас урологі, ака­демик Н.А.Лопат­киннен алған тә­­жірибесін шәкірттерінің бойына сіңіріп, олар­дың жоғары дәрежелі дә­рігер болып жетілуіне жағдай жа­сады. Уро­логия бөлімін 1970 жыл­дан 1995 жылға дейін басқарған Шә­ріпбай аға – Қазақстанға еңбегі сіңген дәрігер, бірнеше мемле­кет­тік награданың иесі. Шынын айтуымыз керек, сол тұста Сыр өңірінде есімі республика жұрт­шылығына белгілі дәрігерлер көп­теп шықты. Балалар дәрігері, академик Камал Ормантаевты айт­пағанда, Ернияз Омаров, Шәріп­бай Әлназаров, Варлен Исаев, Тұр­ғанбай Маханов, тағы бас­қа ши­пагерлер өз істерінің мама­ны болып қана қоймай, ата­жұрттың денсаулық саласын ны­ғайтуға зор еңбек сіңірді. Олар­дың қайраткерлігі, кішіпейіл, ме­йірімді, салауатты қасиеттері әлі күнге дейін ел аузында жыр болып жүр.

Біз сөзіміздің басында Әлна­заров­тар әулетінің медициналық еңбек өтілі 180 жыл екенін айт­қан болатынбыз. Отағасыдан бө­лек, жан жары Шолпан гине­коло­гия саласында 35 жыл қыз­мет істеп, аяулы жандардың алғы­сына бөленді. Әр дәрігердің өзіндік емдеу әдісі болады десек, Шолпан апай ең әуелі науқастың психологиялық көңіл күйіне мән беретін. Әйелдер, әдетте, нә­зік, ұяңдау келеді. Ауруын ашып айтуға да қысылады. Мұны жақсы білетін Шолпан апай әр ем­делушімен сырласындай сөйлесіп, рухани жан дүниесін айқара ашуға тырысатын. Еркіндеу, епсекті әйел емделуге де бейім. Жарықтық өт­кен жылы дүниеден озды. Жаны жаннатта болсын.

Әулеттегі бес перзенттің үшеуі ата-ананың қасиетті жолын қуды. Ақтоты Шәріпбайқызы – облыстық жүйке аурулары және наркология орталығы директорының орын­ба­сары, тәжірибесі мол дәрігер. Мұнда өмірден теперіш көрген және әртүрлі себептермен сана­сына салмақ түскен кемкөңіл жан­­­дар емделеді. Олар кәдімгі нау­­­қастарға мүлдем ұқсамайды. Дә­рі-дәрмектен гөрі емдеушінің жан-жүре­гінің жы­луын аңсап тұ­рады. Сондықтан Ақто­ты өмірлік тәлімі мен емдеу практи­касының соңғы жетістіктеріне сүйене оты­рып, әрбірімен жеке сөйлесіп, жатсынбай, туысқаны сияқты жа­қын тартып, ем жасайды. Қана­тынан қайырылып келген талай жандар қауырсынын қатайтып, Ақтотының да­уасының арқасында құлан-та­за са­уығып шықты. Мың­ның алғы­сын арқалаған ол әке мен ана жолын таң­да­ғанын мақтаныш тұтады. Ал Шолпан Шәріпбайқызы – облыс­тық балалар ауруханасында зерт­­хана мең­герушісі. Мұнда 18 түрлі ге­мотологиялық, 75 түрлі био­химиялық зерттеулер жүргі­зіліп, бала ауруының диаг­нозы дәл анықталады. Бұл өте ма­ңызды. Себебі, бүлдіршін, үлкендер сияқты, қай жерінің қалай ауыратынын, әр мезгілде не маза­лайтынын тәп­тіштеп тү­сін­діріп айта алмайды. Оны тек зертхана қызметімен ғана жү­зеге асыра аласыз. Шолпанның тынымсыз ізденісі мен білікті­лігінің арқасында қаншама сәби тал бойының кінәратынан арылып шықты десеңізші. Жақында об­лыс­тық мәслихаттың шешімі­мен Қызылорда қаласының бір көше­сіне Шәріпбай Әлназаровтың есімі берілгенде, ата-ана кәсібіне адал қыздары шын толқып, тұл­ғаны қа­дірлеген ел-жұртқа риза­шылығын білдірді.

Мен Ақмарал Шәріпбайқы­зы­­­ның қыз­метімен, өмір баспал­дақ­та­ры­мен етене таныспын, қа­рын­да­сым­дай құрмет тұтамын. Ме­ди­цина ғылы­мының докторы, әр жылдарда меди­циналық жоғары колледжінің ди­ректоры, облыстық денсаулық сақ­тау басқармасының басшысы, Қы­зылорда облыстық мәслихат хат­шысы, облыс әкімінің орынбасары қыз­меттерін абыроймен атқарған Ақмарал ай­мақтағы туымды тұлғалардың бірі болып қалыптасты. Болашақ мамандар даярлау ісінде, облыс ме­дицинасын заманауи үлгіге кө­шіру үдерісінде үлкен еңбек сіңірді. Халық қалаулысы ретін­де мұқтаж, көпбалалы отбасы­лардың әлеуметтік жағдайын жақ­сартуға, нәзікжандыларды жауапты жұмыстарға көптеп тар­туға ықпал жасады, аманатқа адал болды. Бүгінде Қазақстан Рес­публикасы Парламенті Сенатының депутаты ретінде халық игілігіне қызмет ететін заңдардың сапалы түзілуіне, жүйелі жұмыс істеуіне барынша атсалысып жүр. Өзі туып-өскен, қияға қанат қақтырған Сыр өңірінің зәру мәселелерін назардан тыс қалдырмай, оң шешілуіне тілектес болып жүрген қарындасымызға, сірә,  әкенің ақ жолы ғана емес, абы­ройы да бұйырған болуы керек.

Абзал ЕРАЛИЕВ,

Қазақстанның Еңбек Ері

https://syrboyi.kz/tanim/zhueregining-zhylwymen-emdegen-70074/

Просмотров: 388 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]