Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



16:36
Заманауи медицинаның мүмкіншіліктері


Облыстық денсаулық сақтау басқармасы БАҚ өкілдері үшін баспасөз турын ұйымдастырып, емдеу мекемесінде медициналық қызметтің сапасы, заманауи құрал-жабдықтардың ықпалы жайлы кеңінен мәлімет берді.
Жалпы, ҚР денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға, сондай-ақ, қолда бар ресурстарды ұтымды пайдалануға бағытталған стандарттарды кезең-кезеңімен енгізу қарастырылған. Мемлекеттік бағдарламаны іске асыруда облыстық іс-шаралар жоспары бекітілді және өлім-жітім себептерінің 52 пайызын құрайтын аурулардың 5 негізгі нозологиясы, атап айтқанда, жіті миокард инфаркты, ми қан айналымының жіті бұзылысы, яғни, инсульт, қатерлі ісіктер, жарақаттар, жүкті әйелдер мен перинаталдық кезеңнің пaтологиялары бойынша жол картасы қабылданды. Жол картасын жүзеге асыру аясында облыстық бюджеттен  1,7 млрд теңге шамасында қаржы бөлініп, медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Соңғы жылдары облыстың медициналық ұйымдарының материалдық-техникалық базасы едәуір нығайтылды. Мәселен, 2016 жылы емдеу ұйымдарына жергілікті бюджеттен 1 млрд теңгеге 183 дана, лизингпен 651 млн теңгеге 28 дана, өткен жылы жоғарыда айтып өткеніміздей, 1,7 млрд теңгеге заманауи үлгідегі құрал-жабдықтар алынған. Оның ішінде онкологиялық, жүрек-қан тамырлары ауруларын ерте анықтайтын және ана мен бала денсаулығын нығайтуға арналған, туабітті ақауларды ерте сатысында анықтайтын ең соңғы үлгідегі қондырғылардың тұрғындар саулығын сақтауда маңызы зор. Осының негізінде емдеу ұйымдарын медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету көрсеткіші 45,19 пайыздан 73,4 пайызға дейін өскен. Елбасының биылғы Жолдауында да жоғары технологиялы медициналық құрал-жабдықтарды пайдалана отырып, тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету жайы нақты айтылды.
Баспасөз туры барысында тілшілер қауымы облыстық медицина орталығының кардиологиялық бөліміндегі ангиографиялық қондырғының мүмкіндігімен танысты. Облыс бойынша бір ғана аппараттың жұмыс істеп тұрғанына тоғыз жылдан асқан. Осы уақыт аралығында бұл қондырғының көмегімен 5000-нан астам коронароангиографиялық және өзге де зерттеулер мен оталар жасалған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында біршама жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, саланы халықаралық стандартқа сәйкестендіру мақсатында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде 2020 жылға дейін 5,9 млрд теңгеге кезең-кезеңімен аса қажетті қымбат құрал-жабдықтарды сатып алу жобасы жасалған. Олардың қатарында МРТ (магнитті резонансты томограф), КТ (компьютерлі томоргаф), ангиограф, маммограф, террогамм секілді жоғары технологиялы құрылғылар алу көзделген.
– Мәселен, ангиографиялық қондырғысына қажеттілік 250 мың тұрғынға біреу деп есептегенде облыста 750 мың тұрғын бар екенін ескерсек, бізге 3 құрылғы қажет. Яғни, облыс бойынша орташа есеппен жасалынатын коронография саны 4500-5000-нан кем болмауы тиіс. Ал, бүгінгі күні ол 2000-ның шамасында. Яғни, тұрғындардың қажетті көмекті алу деңгейі төмен болып отыр. Оның бірден бір себебі, ангиографиялық құрылғының аймақ бойынша жалғыз болуында. Ескірген құрылғы бүгінге дейін бірнеше рет істен шығып, соның салдарынан жедел коронарлы синдроммен түскен науқастарға толық көлемде көмек көрсету мүмкін болмай қалған жағдайлар бар,– дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Баян Боранбаева.
Сонымен бірге, маманның айтуынша, 2012 жылы нейроинсульт орталығы ашылғалы бері аталған қондырғы нейрохирургиялық оталарды жасауда кеңінен қолданылуда. Арал, Қазалы, Қармақшы аудандары мен Байқоңыр қаласы тұрғындарының облыс орталығынан алыс орналасуына байланысты инфаркт, инсульт сияқты сырқаттарда жедел коронографиялық көмек қажет болған жағдайда «алтын сағат» қағидасының сақталуы қиынға түсуде. Кардиолог дәрігер Ғалымжан Әбішев те облыс тұрғындарына сапалы жоғары технологиялы медициналық көмек көрсетуде кемінде үш құрылғының қажет екенін айтады. Оның айтуынша, Алматыда мұндай құрылғы 15 шақты болса, көршілес Шымкенттің өзінде үшеуі бар екен. Бұл құрылғыға күннен күнге сұраныс артуда. Себебі ангиограф аппараты жүрек-қан тамырлары ауруларына 15 түрлі зерттеу жүргізіп, күрделі оталар жасауға зор мүмкіндік береді. Осы құрылғының көмегімен өткен жылы 2696 коронографиялық және басқа да оталар жасалған.
Ангиограф аппаратының онкологиялық, қан тамырлары ауруларын емдеуде де пайдасы зор.
Баспасөз туры барысында экран арқылы ангиографиялық құрылғының көмегімен ота жасау сәтіне де куә болдық. Науқас Арал ауданының тұрғыны екен. 72 жастағы кісі жүректің ишемиялық ауруымен сырқаттанады. Дәрігерлер бар-жоғы  жарты сағат ішінде әлгі құрылғының көмегімен науқасқа ота жасап, бітелген тамырды ашып берді. Мамандардың айтуынша, енді науқастың өміріне қауіп жоқ. Бір-екі күнде аяғынан тік тұрып кете алады.
Шара барысында қант диабеті орталығының жұмысымен де танысудың сәті түсті. Орталық жетекшісі Елена Цхайдың айтуынша, бұл еліміз бойынша төртінші орталық. Қант диабеті ауруының жыл санап артуы осындай орталықтың ашылуына түрткі болды. Мәліметтерге сүйенсек, 2010 жылы 3800 науқас тіркеуде болса, 2016 жылы олардың саны тоғыз мыңнан асқан. Жыл сайын 1000-1200 адам алғаш тіркеледі екен. Аурушаңдықтың артуы облысқа ғана тән емес, республика бойынша жағдай осындай. Орталықтың мақсаты – аурудың алдын алу, ерте сатысында анықтап, жүйелі ем алуына ықпал ету. Ауруларға жүйелі көмек көрсету барысында бүгінде инсулинді помпа, денсинтометр секілді заманауи құралдар пайдаланылуда. Бұл құралдар науқастардың жағдайын бақылап, дер кезінде дәрі қабылдауына мүмкіндік береді.
Біз сөз басындағы сауалға жауап тауып, емдеу мекемелерінің елеулі еңбегіне көз жеткіздік.

Айнұр БАТТАЛОВА,
 «Сыр бойы».
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ (сурет).
 

Просмотров: 124 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]