Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



11:33
ЫМ-ИШАРА туралы ой

Халқымыздың ежелден қалыптасып келе жақан әдет-ғұрып ,дағдысында көңіл аударарлық іс-әрекеттер көп кездеседі. Соның ішінде сезімді,көңіл-күйді ыммен,ишарамен, бет-пішін, түрлі қимылдар арқылы жеткізу бар. Сіздердің назарларыңызға соның біразын ұсынуды жөн көрдік.

Арқаға қағу - риза болу,мақұлдау, қолпаштауды бейнелейді.Яғни «рахмет», «бәрекелді!». «жарайсың!» деген сөздердің орнына қолданылатын алғыс белгісі.

Алақанға түкіру­­ - ынталылық, құлшыну. Бір іске ынталана кіріскенде алақанға түкіріп алатын әдет бар. Мысалы,біреу «іске құлшынып отыр» дегісі келсе, «алақанына түкіріп отыр екен» дейді. Алақанын уқалау да осыны көрсетеді.

Алақан жаю - амалсыздық, «енді қайтейіннің белгісі.Мұның екінші бір мән мағынасы – сұрау, сұрамсақтықты көрсетеді. Алақан жаю­ ­– жаман ырым, оны жиі қолдануға болмайды ». «Алақаныңды жайма» деген тыйым бар халық тәрбиесіңде.

Аяғына жығылу – жеңілу, кешірім сұрау, масқара болудың ауыр түрі. Бұл әрі жаза, әрі біреуге мүдделі болды деген сөз.

Ат құйрығын кесісу ­– бұрын араздасқан, бірін –бірі енді көрмейтін адамдар кетіскенде өз аттарының қыл құйрығын кесіп, артына қарамай аттанып кететін болған. «Ат кұйрығын кесіп кетті» деген сөз осындан шыққан.

Артына топырақ шашу – қатты жек көрген, ат құйрығын кесіп кетіп бара жатқан адамдарға әбден көңілі қалған кісілер оның артынан бір уыс топырақ шашатын әдет бар. Ол «енді көрмеміз», «қараң батсың» деген қарғыс қимылы.

Ауыз бұртиту – өкпелеу нышаны. «Немене, аузың бұртиып кетіпті ғой, кімге өкпеледің?» дейді аузы бұртиып тұрғанда көргендер.

Бас изеу ­­– келісу, мақұлдау. «Осының жөн », дұрыс істедің дегенді білдіріп тұр.

Бас ию – Мұның екі түрі бар. Біріншісі – ұлы адамдарға, ата-анаға, ұстаздарға ризалықпен бас ию, яғни бұл құрметтеудің, сыйлаудың белгісі.
Екінішісі – жеңілуді, тәуелді адам алдында кішіреюді білдіреді. Орынсыз жерде бас июге болмады, ол өзін-өзі төмендету, бағасын түсіру болады.

Бармақ тістеу – амалы құру, шарасыздық белгісі.Амалсыздықтың өкінішін халық «бармағын тістеп қалды»дейді.

Бармақ шығару – ерсілеу көрініс болса да бұл біреудің орынсыз іс-әрекетіне қарсы лайықты «жауап» . Мысалы, біреу орынсыз біреудің малын, затын талап етсе, оған ұрысып- таласпай-ақ «аларсың мынаны» деп саусағының арасынан бармағын шығарып қарсылығын , күшін білдіреді. Мұндай қарсылықты тоңқайып артын немесе бұтын көрсету арқылы да сездіреді.Бұл еркектерге тән әдет.

Бет сызу – адам ұялатын сөздер естігенде әйелдердің сұқ саусағымен бетін сызатын әдет бар.Демек, бұл –ұялу мен шошынудың бір түрі екені аңық. Ер адамдар бет сызбайды.

Бет жырту. Мұның да екі түрі бар. Біріншісі –ең жақын туысы не күйеуі, баласы «қайтыс болғанда бұрынғы қазақ әйелдері « құдайға не жаздым?» деп өз бетін тырнап, жыртып тастайды. Бұл ертеден сақталып келе жатқан ғұрып. Екіншісі –адам ренжіскенде, бір нәрсеге дауласқанда, қарсы сөз жарыстырғанда «бет жыртысып » қалды дейді.

Бетке түкіру – масқаралау, қорлау түрі. Әдепсіз, тәртіпсіз немесе ұят басқан адамдардың бетіне түкіріп жазалайтын әдет бар. Бетіне күйе жағу да қорлықтың әрі жазалау көрінісі. Мұны әйелдерге қолданады. Ондайларды жұрт «қара бет» дейді. Қазақта «беті қара» деген сөз бар. Ол «күйеуі қайтыс болған, қаралы » дегенді ұқтырады. Мұны «қара бет »дегенмен шатыстыруға мүлде болмайды.

Бет басу – ұятқа батқан адамның іс-әрекеті. Ұят басқан адамдар екі қолымен бетін басып, жұртқа қарай алмайды. Мұндайларға «не бетіңмен жүрсің» деп жекіреді.Жайшылықты бет басу жаман ырым.

Бөркін аспанға ату – қатты қуану, шаттану дағдысы. «бөркін аспанға атып қуанды» деген сөз осыдан шыққаны әркімге белгілі жай.

Бұрым кесу - әйелдерге берілетін ең ауыр жаза. Қазақтың ежелгі заңы «Қасым салған Қасқа жолдан» бастап еріне опасыздық жасаған немесе өте ауыр қылмыс істеген, ел алдында масқара болғанда әйелдердің бұрымын кесутәртібі қолданылған. Әйелдер үшін жазаның ауыры осы бұрымын кесу болған. Өйткені, шаш, бұрым әйелдің сөні, салтанаты, әйелдік белгісі болып саналған. Өкінішке орай ,қазіргі әйелдер мен қыздар шаш кесуді мақтаныш, сәндік .білімділік белгісі деп қабылдап жүр.

Біз шаршар - «құда болайық» деген өтініш,елшілік хабар.Ақсақалы-қарасақалы аралас бір топ ер адам қызы бар үйге түсе қалады.Нендей шаруамен жүргенін айтпайды,қонақасын ішкеннен кейін үн-түнсіз аттанып кетеді. Үй иесі дереу көрпе, текеметтің астын қараса шаншулы бізді көреді. Кісілердің неге келгені енді түсінікті болады.

Бүйірін таяну – жаман ырым. Әдетте қайғы –қасыретті адамдар екі бүйірін таянады да дауыс қылады, жылайды,аянышты, көңіл-күйін білдіріп зар шегеді. Бұл әйелдерге тән әдет. Осыған сәйкес жастарға «бүйіріңді таянба» деген тиым сөз.

Ерін шығару – мазақ ету, келемеждеу деген сөз. Бұл әдетте көбінесе әйелдер, балалар қолданады. Біреулер өзіне жараспайтын іс істесе, қылық көрсетсе, оны көрген адамдар ернін шығарып күлген. Бұл әдет басқаларды да ерсі іс- әрекеттен сақтандырады.

Емшегін көкке сауу – ана қарғысының ең ауыр түрі. Ана өз баласынан қатты зәбір көргенде ғана осындай әрекетке барады. Мұндай іс бала үшін ең ауыр жаза, кешірілмес күнә.

Есекке теріс мінгізу – ата-анасына зәбір –жапа көрсеткен, қол жұмсаған немесе ел-жұртна ел естімеген ұят келтірген жастарды дала заңы бойынша қара есекке немесе қара сиырға теріс мінгізіп, бетіне күйе жағып, мойнына қара құрым ілім, қорлап, жазалайды. Мұны көргендер айыпкердің бетіне түкіреді. Осындай қатал заңдарды халық тәрбие ретінде де қолданған.

Жағасын ұстау: тілімізде «жағасын ұстап , шошыды» деген сөз бар. Бұл қатты қорықты, шошыды дегенді білдіретін қазақи ұғым.

Жағын таяну –торығу, қамығу, мұңаю белгісі. « Жағыңды таяба» деген тиым негізі осыдан қалыптасқан.

Желке қасу – қолдан келер қайрат, амалы жоқ жігерсіздікті, әрекетсіздікті танытады.

Желкеге қолын қою – айыпталу, тұтқын болудың айғағы.

Жерге түкіру, жер тебу – өкініш , «саған айтса да болар, айтпаса да болар » деген дөң айбат, ыза көрініс.

Жұдырық түю – «көресіні көрсетемін !» деген күш , сес көрсетудің нышаны, төбелестің басы.

Иығын көтеру – енді қолынан келетіні жоқ жанның соңғы әрекеті, «аржағын енді өздерің біліңдер» деген екі ұшты әрі сұраулы пішін.

Көз алайту – ұрыс басы, сес, біруге ренжудің бір түрі. Жек көрген адамдар да көз алайтады.

Көз қысу – «ыммен сөйлесу, үндемеу отыр, бәрін білем» деген сөз. Сондай-ақ бұл ер мен әйелдің арасындағы жасырын ашыналы қатынасты да білдіреді. Тәрбие дәстүрінде көз қысу әдептілік емес.

Кеудесін соғу – мақтану немесе жеңістің үлкен белгісі. Бұл әдетті жауын жеңген батырлар, қарсыласын жыққан палуандар көп қолданған. Жеңімпаздың кеудесін соққанының ерсілігі жоқ. Жайшылықта, орынсыз жерде кеуде соғу – әдепсіздік, тәрбисіздік болады.

Қабақ түю – біреуді ұнатпаудың, бір істі жаратпаудың немесе көңіл- күйі болмай ренжіп отырған жанның кейіпі. Мұндай адамдарға «қабағың түюлі ғой» немесе «қабағың түсіп кетіпті ғой» дейді.

Қол сілтеу – ренжу, өкпелеу, «не болсаң, ол бол» дегендей көңілі қалған, жәбірленген кісінің іс-әрекеті. Біреуге қол сілтесең–ол мұны өзін жәбірлеу, сөгу деп те түсінеді. Қол сілтеу соңы жақсылыққа соқтырмайды .

Қол соғу – қошамет көрсету, мадақтау , қолпаштаудың жарқын да әсерлі көрінісі. Қол соғу, алақан шапалақтау ақындарға, әнші –өнерпаздарға, спортшы жеңімпаздарға жасалатын көпшіліктің құрметі әрі алғыс сезімі, аса зор ризалық белгісінің жиі қайталанатын, қолданатын дәстүрлі әдет. Мұндай сәтте құрмет иелері жиналғандарға алғыс айтып , бас июге тиісті.

Қол көтеру. Тәжірбиелі халқымыздың таным-түсінігінде бұл әдеттің бірнеше мән-мағынасы, ұғымы, нышаны бар. Бірінші –сезім бар, айтарым бар бағындым» дегені. Сондай-ақ «қол көтерді» деген сөз де бар. Ол «ұрды», «соқты» дегенді білдіреді. Мұның сөз болып отырған «қол көтеруге» ешқандай қатысы жоқ.

Қамшы тастау. Бұл ұлттық салт-дәстүр, әдет заңының жолы бойынша шешендер мен билердің, талапкерлердің дау-шар кезінде сөз сұраған белгілі ғұрпы. Мұны төбе би бақылап отырып, сөз кезегін береді. «Жеті жарғы» заңы бойынша мұндай жерде даугерлер бет- бетімен сөз жарыстырмай кезек күтеді.

Қол қусыру – айыпты болудың немесе кешірім сұраушының « қате менен » деген ишарасы . Дәстүр бойынша кешірім сұраушы қолын қусырып (екі қолын жеңіне тығу) өз кемшілігін мойындап, ғафу өтінеді. «алдыңа келсе –атаңның құнын кеш» деген аталы сөзге жығылған қазақ мұндай жерде кешірім жасап, қолын алып,төріне шақыратын тектілігін де көп болған.

Құйрығын жерге түю – табалау, арыздасқан өз бәсекелестерінің аттан құлағынын немесе өзіне қиянат жасаған дұшпандарының бақытсыздыққа болмаса, қолайсыз жағдайға ұшырағанын көргенде, естігінде жәбірленуші адам «бәлемге сол керек !», «құдай тапқан екен !» деп құйрығын жерге түйіп, есесі қайтқандай табалап қуанады.

Маңдайын ұру – қатты өкінудің яғни қатты қателесудің, тағдырға моюдан туған дағды. Адамның өзіне-өзі белгіленген және қолданатын қатаң жазасы. Мұның тәртібі – өкінішті адам өз маңдайын өз жұдырығымен соғады. Бұл жазаны көбінесе ер адамдар істейді.

Мұрын тыржиту – менсінбеу, теңсінбеу, «неге келесіңнің» тілсіз беоілетін нұсқауы. Бұған маңдай, бет тыржиту да жатады. Мұның аржағыайтпаса да түсінікті.

Саусағын безеу – сені адамсынбаған, менсінбеген тәкәппарлық таныту деген сөз. Адамшылыққа жатпайтын әдеттің бірі–осы саусақ безеу болып саналады.

Саусағын танауына тығу. Кейде біреулердің екі саусағын танауына тығып келетіні бар. Бұл күлкілі көрініс– «құр қол қайттым» деген сөз. Қазақтар «олжасыз келді» дегенді «екі саусағын танауына тығып келді» деп күліп отырып айтады.

Сан соғу – қапы кету, «қап, әттенген-айдың » зор белгісі. Бұл жай өкіну емес, өксу. «күресте жығылғандар да санын соғып қалып «қапы кеттімін» осы ишарамен»–айтады.

От басын сабау. Ел ішінде қиянат, зорлық-зомбылық болмай тұрмайды. Әлі келгендер әлсіздердің немесе жетім-жесірлердің малын тартып алатын кезде де болған. Осындай жағдайда кеткен есесін алуға шамасы келмейтін әлсіздер зорлық қылғанның аулына барып, оның үйін сабайды, от басын сабап, күлін шашады. Есесі кеткендер бұған да қанағат тұтып, өшін алғандай сезімде болады . Қазақ елінде бұрын бұл әдет көп қолданылған, қазір ұмытылып бара жатыр.
Туырлығын тілеу – өштескен адамдардың бір-біріне көрсететін зәбірі немесе күш көрсетуі десе де болады. Мұның арты ертеректе дау-жанжалға, қатты әс-әрекет, ұрыс-керіске, тіпті жауласуға да апарып соқтырған. Махамбет ақынның «туырлығын тілгілеп, тоқым етсем деп едім! » деп армандауында бітіспес кек қалуы да осындай батыл қимылдың көрінісі жатыр.

Төбесіне қолын қойып шығу. Ел-жұртынан безінуге бел буған адам ортадан төбесіне екі қолын қойып шығады. Бұл сирек көрініс «енді сендерді желкемнің шұқыры көрсін», «көрмеймін», «келмеймін» деген ауыр кесім. Ауыр болса да ед ішінен көңілі қалып, безіп кеткендер болған. Мысалы, Шәкәрімнің «Қалқаман–Мамыр» дастанындағы Қалқаман өзін оққа байлаған ел-жұртынан осылай кеткен. «Төбеңе қолынды қойма» деген тиым осындай әдеттен сақтандырады.

Тізе бүгу. Халық әдетіде мұның бңрнеше жолы бар. Біріншісі–бір үйге келген адамның отырмаса да, шаңыраққа құрмет көрсетіп тізе бүгуі. Екінші– бұрынғы дәстүрде бата тілегенде, батырдан мұраға қару –жарақ алғанда тізе бүгуі. Үшінші–ұрыста, айқаста жеңілген дұшпанның тізе бігуі.

Тістену, тіс қайрау – ашу-ызадан, өштесуден туған іс-қимыл. Ашулы адамды «тістеніп отыр екен» немесе «пәленшеге түгенше тісіп қайрап отыр екен» дейді.

Шашын жұлу – долы, ашулы әйелдердің ашуланған кезінде өз шашын өзі жұлып бүлінетін әдеті болады. Қайғы-қасіретке тап болған әйелдер де шын жұлып зар шегеді.

Шашын жаю – қайғылы, шерлі, күйікті, мұнды, зарлы, азапты, бақытсыз әйелдің ғана ісі. Мұндайда әлгі әйел «қара бір шашым жаяйын, Жайяйын да жылайын» деп жылайды. Бұл әдет дауыс қылу, жоқтау кезінде жасалады. Кешегі өткен зұлмат заманда–соғыс, ашық, тәркелеу, апат, жұрт кезінде әйелдердің шашын жайып жылауы көп болды. Әйелдер мұң, шер жырларын да шығарды. Мұндай кезде ақсақалдар, әйелдер келіп, мұнды адамға тоқтам, басу айтып жұбатуы керек. Қазақ қыздарына «шашынды жайма» деген тыйым сөз төркіні осындайда шыққан.

Қазақ халықның салт-дәстүрі мен әдет-ғүрыпы жоғарыда көрсетілгендей түрлері өте көп.Оның тәрбиелік,өнеге,тәлімі де зор.Халық мінез құлқын жақсы білетін тәжірибелі адамдар әр адамның жүріс-тұрысынан,іс-әрекетінен, қас-қабағынан-ақ оның көңіл-күйін айтпай-ақ сезіп-біліп отырған.

Қорыта келгенде әдет-ғұрып,ым-ишара ежелгі ата-бабаларымыздың салт, сана,әдеп,үлгі,тәрбие,тағылым, таным саласындағы ғасырлар бойы жинақталған, дәстүрге енген және қалыптасқан халықтық , ұлттық бай қазыналарының бір тармағы.
Абдрахманова Айғаным Жауғашқызы
Екібастұз қаласы, №25 қазақ қыздар гиммназиясының бастауыш сынып мұғалімі
 
Дереккөзі - kyzdar-alippesy.kz  , Фотосурет horde.me сайтынан
Просмотров: 7516 | Добавил: психолог | Рейтинг: 3.0/2
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]