Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



09:38
Терапиядағы тынымсыз тірлік

Бүгінгі тақырыпқа арқау еткендердің бәрі дерлік Гиппократ антын қабылдаған жандар. Өз істеріне адал, уақытпен санасу дегенді білмейді. Қашан көрсең де қарбалас жұмыстың басында жүреді. Бастысы, медицина саласының ыстығына күйіп, суығына тоңып, Қазақстан халқының денсаулығын сақтау негізгі міндеттері екендерін естен шығармайды. Қайсысының болсын жүзінен шаршаңқылықтың табы байқалмайды. Біз сеземіз, олар аңғартпауға тырысады.
 

Аудандық аурухананың терапия бөлімшесінде болып, аталған құрылымдағы ақ халатты абзал жандардың жұмысын көріп қайттық. Бұл бөлімшенің ұлт саулығы үшін қосқан үлесі өлшеусіз екені баршаға мәлім. Қысқасы, мұнда дерт меңдеп келушілер де, ауруынан жазылып шығушылар да баршылық екен. Бәрінің айтары – алғыс. Арбаға таңылып, артынша аяғына тұрған, балдаққа сүйеніп, кейіннен әлгі көмекші құралды қажетсіз еткен адамдар көп-ақ. 

Бөлімшедеміз. Бәрін көріп отырмыз. Зал мұнтаздай таза. «Тазалық табалдырықтан басталады» деген қағиданы басшыдан бастап жай жұмысшыға дейін санаға тоқығаны көзге ұрып тұр. Бөлімше меңгерушісі, білікті дәрігер Құралай Омарова қауырт жұмыс үстінде. Басқарушымын демейді, бойында қарапайымдылық басым. 
Кәсіби міндетімізбен Құралай Жұмаханқызының алтын уақытын алып, сөзге тарттық:
– Әр саланың өз қиындығы болады. Хирург ота жасайды, травматолог сынықты қалпына келтіреді. Ал біз ше? Бір қарағанда жұмысымыз елене бермейтін сияқты. Бірақ олай емес. Ел біледі. Қан қысымы көтеріліп, жабыққан жанның дертіне шипа боларлық ем беруге асығамыз. Рухани демеу сөз айтамыз. Ең бастысы – дәру сөз деген емес пе. Ақыл-кеңесімізді аямаймыз. Дәрігерлер бекіткен ем-домды тұрақты қабылдауды, бұлжытпай орындауды талап етеміз. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда қан қысымының көтерілуі, бастың ауруы күрт артқан. Мәселен, біздің көмегімізге сүйеніп, ауруына шипа іздеп келетіндер арасында үлкен де, кіші де бар. Орта есеппен алғанда, бір тәуліктің ішінде терапия бөлімшесінің төсегіне 10-нан аса адам таңылады. Бір айда қанша болатынын өзіңіз пайымдай беріңіз. Оларға невропатолог дәрігерлер Баймырза Өтешов, Нұржігіт Сералиев және кардиолог Айнұр Әмірешова тұрақты түрде ем жүргізеді. Бұдан бөлек, аға аяжан Баян Жеткергенова сынды медбикелер науқастардың сауығып шығуына күн-түн демей қызмет көрсетеді, – деп басты міндет– елге қызмет екенін алға тартты.

 

 

Жанға шуақ сыйлайтын көктем де келді. Наурыздың алғашқы күні барша қазақстандықтар үшін Алғыс айту күні екенін дүйім жұрт жақсы біледі. Ендеше, бір елді ғана емес, әлемді дүрліктірген коронавирус індеті белең алып тұрғанда өз өмірлерін қатерге тігіп, тұрғынның амандығы үшін арпалысқан медицина қызметкерлеріне елдің айтар алғысы көп-ақ. Сол алғыс арқалаған жандардың арасында терапиядағы тынымсыз тірліктің басы-қасында жүрген ақ халаттылар да бар. Денсаулық сақшыларының ерлігі бүгінгі таңда айқын сезіле бастады. Түн ұйқысын төрт бөліп, отбасынан жырақ, жемісті еңбек еткен қамқоршыларымызға қандай мадақ айтсақ та жарасады. Себебі олар сол мадаққа лайықты. Лайым, халық үшін жасаған еңбектеріңіз Сіздерді жетістікке жетелей бергей.
 

Абай ЖАЙШЫЛЫҚ, 

«Толқын» газеті, 27 ақпан 2021 жыл

https://tolqyn.kz/kogam/19893-terapiyaday-tynymsyz-trlk.html

Просмотров: 272 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]